Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:10
ТӘУІПТЕРГЕ СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ ЕКЕН
 
   Мені осы сұрақ өте қатты мазалайды. Сондықтан ойымды, әрі басымнан өткергенімді көпшілік оқитын «Замана» газетінің оқырмандарымен бөліскім келді.
   Кей адамдар бір жері ауырса немесе жолы болмай қалса дереу емші, тәуіп іздеп сандалып кетеді. Мен де сондайлардың бірі едім. Осыдан бір жылдай бұрын жұмысқа тұра алмай қатты қиналдым. Сонда бір газеттен Төлеби ауданында тұратын бір тәуіп жайлы оқып, мекен-жайын біліп алып сол кісіге бардым. Алдында адам көп екен.
   Алдына кіргеннен кейін тәуіп менің аты-жөнімді, қандай мәселе мазалап жүргенін сұрады. Сөйтіп өзімнің сөзімді өзіме қайта айтып берді. Бірақ шынымды айтсам, оның өз сөзімді өзіме қайта айтып жатқанын сол кезде аңғармаппын. Тәуіп: «Сенде қарғыс бар.
Жолың жабылып қалған. Жолыңды ашу үшін жиырма мың теңге әкелесің. Мен оған қой алып сойып, сені қандаймын. Одан кейін барлығы жақсы болады. Жұмысқа тұрасың», – деп сендірген соң оған жиған-тергенімді апарып бердім. Ал ақшаға алынған қойды көргеніммен оның сойылғанын көрген жоқпын. Оның үстіне сол кезде тәуіп ұлына той жасайын деп жатыр екен. Сондықтан болар, маған немқұрайды қарап, жүрдім-бардым бірдеңелерді жасады. Мен жұмсалған шығын садақа, жолым болып кетсе жақсы деп ойладым.
   Өкінішке орай, тәуіптің емінен ешқандай да өзгеріс болмады. Әлгі тәуіпке қайта барып бәрін айтқым келді, әйткенмен оған еш жолым түспеді. Үнемі жолға шығайын деп тұрғанда аяқасты бір оқиғалар болып қалып, бара алмай жүрдім.
   Кейіннен тағы бір газеттен адамдардың көбісі мақтаған бір тәуіп жайлы оқып қалдым да, енді соған барып көріндім. Ол да менен не болғанын сұрады. Оған ештеңе айтпай: «Өзім туралы, жұмысым жайында айтып беріңізші», – дедім. Ол кісі көзін жұмып алды да, сайрай жөнелді. Айтып жатқандарының жартысы өтірік. Тоқетері, мен тағы да дуаланған болып шықтым. Тәуіп маған өзімнің және келіншегімнің суретін алып келуімді тапсырды, оқып, жолымызды ашатынын, дуаны шешетінін айтты. Әр суретті оқу ақысы 15 мың теңге екен. Мен келіскендей болып, бөлмеден шығып кеттім. Ал шығып бара жатып тәуіптің сөресіне көзім түсіп кетті. Онда кейбірі конвертке салынған, кейбірі қағазға оралған суреттердің санында шек жоқ екен. Әлгі суреттердің әрқайсысы үшін 15 мың теңгеден алса мұнан асқан бай адам жоқ шығар деп ойладым. Үйі өте қарапайым болғанымен есік алдында қымбат көлігі тұр. Іштей бұл оның адам қабылдайтын ғана үйі болуы мүмкін деп те топшыладым.
   Бұл оқиғадан кейін мен көп адамдардың тәуіп, палшы жайындағы ой-пікірлерін жинақтадым. Көпшілігі палшыға сенбесе де оған барып көрінуге қызығады екен. Ал тәуіпке барғанда қандай болжам еститіндіктерін таразылай келе мен мынадай қорытындыға келдім:
   Тәуіптердің нан табатын әдісі – адамдарды «Дуаланғансың, үйіңде дуа бар» деп алдау. Олар кез-келген адамда болатын физикалық шаршау мен жұмысқа зауқы соқпау, ұйқысы келу, ешкіммен сөйлескісі келмеу сияқты жағдайларды алға тарта отырып, өзінің көріпкел екендігін дәлелдеп баққысы келеді. Ал шын мәнінде ол процестердің барлығы кез-келген адамда болады. Палшылар мен тәуіптер адам психикасын өте жақсы меңгерген адамдар. Олар қиналып тұрған адамның жанды жерін біледі. Жақсы сөйлеуге тырысады, өзіне сендіру үшін сөзін нық айтады.
   Кез-келген істі бастауда Алладан береке тілесеңіз, қол жайған адамның қолын Алла-тағала қайтармайды екен. Оған Құран аяттары мен хадистер дәлел. Сондықтан тәуіпке барып, бос сандыраққа бас ауыртып, қаржыңызды шығындамаңыз дегім келеді.
 
Б. РАХЫМ.
 http://www.zamana.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=7180:dghgrrry&catid=1:latest-news
 
Сурет http://www.alashainasy.kz/ алынды
Просмотров: 1402 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]