Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:06
Түркиядағы қазақ дәрігер: Білгенімді Атажұрттағы ағайынмен бөлісуге әрқашан дайынмын


 
Стамбұл МЕДИПОЛ университеті ауруханасының невролог дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Еркінгүл Шұғайыпқызы Бірдай ханыммен сұқбаттасудың сәті түскен еді. Атажұрттан жырақтағы қандасымыз биылғы Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайына қатысады. Еркегүл Шұғайыпқызы BAQ.kz тілшісіне Түркиядағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері мен дәрігерлердің беделі, оларға жасалатын құрмет жайлы айтып берді.
- Еркінгүл Шұғайыпқызы, Дүние жүзі қазақтарының кезекті құрылтайына өкіл ретінде шақырылыпсыз, сәт сапар тілей отыра, сұқбатымызды алдымен өзіңізді таныстырудан бастасақ деп едім.
- Рахмет, қазақ медиясына алғаш сұқбат беріп отырмын. Ата мекеннен үлкен Құрылтайға шақыру алып, көңілім толқып отырғаным да рас. Есімім Еркінгүл, отбасым, балаларыммен Стамбұлда өмір сүремін. Түркияның алдыңғы қатардағы ауруханаларының бірі МЕДИПОЛ Университеті ауруханасында Hеврология бөлімінде аға дәрігер болып қызмет атқарып келемін. Сонымен қатар, Университетте студенттерге неврология саласында дәріс беремін. Осы салада мамандығым бойынша сексеннен астам мақала жазып, АҚШ, Еуропаның көптеген елі және Түркияда болған ғылыми конференцияларда баяндама жасап жүрмін.
- Түркияға қалай тап болдыңыз? Әлде, баяғы Гималай тауларыннан асып, Үндістан, Пәкістан арқылы Стамбұлға жеткен қазақтардың ұрпағынансыз ба?
 - Менің Түркияға табан тіреуімнің тарихы байырғы ата-бабаларымыздан сәл өзгерек. Мен Моңғолияда туып-өскенмін. 1990 жылы біздің елде демократиялық өзгерістер басталған кезеңде, сол алғашқы мүмкіншілікті пайдаланып, шет елге оқуға аттанған жастардың бірімін. Бізге ол жолды көрсеткен, қолымыздан жетелеп, Түркияға оқуға түсірген, Ислам даму банкінен стипендия тауып, Түрік үкіметімен келісім жасаған үлкен қамқор ағамыз болды. Моңғолиялық мыңдаған қазақ жастарына қол ұшын берген азамат. Сол кісінің арқасында осы бүгінгі дәрежеге жеттік десем, артық айтқаным емес.
Жолдасым - Ербол экономист, қазіргі кезде бизнес саласында қызмет атқарып жүр. Екі қызым бар, үлкені - Жаннұр Анкара университетінде медицина факультетінің студенті. Амандық болса дәрігер болатын үшінші ұрпақ болар деп күтіп жүрміз. Кіші қызым - Елмира орта мектепте оқиды. Мұншама жыл оқу, зерттеу жұмысымен жүргенде мықты тірегің болмаса табысқа жету қиын. Менің бәйтерегім –жолдасым. Туыстарым Моңғолияда тұрады. Қайын жұртым Қазақстанда. Тарыдай шашыраған қазақтың жалғасымыз.
- Қазақстанға бұрын келдіңіз бе? Ата жұртта болып жатқан оқиғалар туралы хабардар шығарсыз, елге оралу, Қазақ еліне қызмет ету туралы қандай ойыңыз бар?
- Ең әуелі осы Құрылтайға құрметтеп шақырғандары үшін Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына алғысымды айтамын. Қауымдастықта қызмет еткен үлкен аға, апайларға мықты денсаулық тілеймін. Ата жұрт, әрине, әр қазақтың жүрегінде. Қазақстан туралы әрбір жаңалыққа елеңдеп тұрамыз, ара-тұра келген ағайын, достардан да хабар аламыз. Жақсылығына сүйінеміз, табысына мақтанамыз. Өз басым бірнеше рет келгенмін Қазақстанға. Жоғарыда атап кеткен ағамыз Моңғолияның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған Сайран Қадырұлы, сол кісі айта беруші еді, «әр қазақ баласы қай елде болмасын дұрыс білім алып, өз басын, өз отбасын дұрыс алып жүрсе ұлтына, елінің өркендеуіне қосқан үлесі сол» деп. Қазір ол кісінің мыңдаған шәкірті көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда, Моңғолияда қызмет істеп жүр. АҚШ-та Бостон қаласында ресерш жасап жүрген физик, ғылым докторы, Дубайда бизнес саласында, Стамбұлда қаржы саласында жұмыстап жүрген көптеген қазақ жастары бар.
Өз басым білгенімді, тәжірибемді ата жұрттағы ағайынмен бөлісуге әрқашан дайынмын. МЕДИПОЛ- мен байланыс жасаймын дегендер, неврология саласының соңғы жаңалықтарын білгісі келген жастар болса, маған хабарлассын. Және де pubmed-тен менің зерттеулерімді, мақалаларымды тауып оқи алады. Магистратурада оқимын, маман жетілдірем деген студенттер, жас дәрігерлер болса университет басшыларымен әңгімелесіп көруге болады. Түрік ағайындар қазақтар үшін әр кез қол ұшын созып келген халық болғандықтан нәтиже шығатынына сенімдімін.
- Әңгімеміздің ауанын осы медицина саласына қарай бұрсақ. Бұл салаға қалай келдіңіз?
- Медицина университеттерінің сабағы қай елде болмасын өте ауыр. Мен оқуды 1990 жылы Моңғолияда медицина университетінде бастағам, онда екі жыл оқыған соң, Түркияға ауыстым, мұнда Анкара университетінде оқуымды 6 жыл жалғастырдым, соңында Hеврология мамандығы бойынша Стамбұл университетінде жалғастырып, “Мultipile sclerosis” ауруы жайлы тереңдетіп зерттеу жасап, мамандық лицензия алдым. Бұдан кейін докторантура оқыдым және 2015 жылы «Associate Professor» атағын қорғадым. Ұзын саны 15-16 жылдай оқыдым ғой деймін. Оңай болған жоқ, инемен құдық қазғандай болдық, бірақ қиыншылықтың бәрін жеңе білген ғана табысқа жетеді. Ал неге дәрігер маманын таңдадың деп сұрасаңыз, марқұм анам дәрігер еді, ерте қайтты дүниеден. Бәлки сол анамның жолын қусам деп жастайымнан армадағаным медицинаға жол ашқан болу керек.
- Түркиядағы бүгінгі медицина деңгейін қалай бағалайсыз? Түркия халқының дәрігерге деген көзқарасы, құрметі қалай?
- Түркияның медициналық даяшылық деңгейі өте жоғары, дәрігерлерге қоятын талап та қатал. Еуропа стантарттарына сай келетін медицина орталықтары бұрыннан да дамып келген. Әсіресе Станбұл, Анкара, Измир сияқты үлкен қалаларда заманауи медициналық сервиске сұраныс көп болғандықтан, европалық стильдегі жаңа дәуір клиникалары соңғы кезде өте тез бой көтере бастады. Соған сәйкес дәрігерлердің мамандықтары да жақсарып келеді. Оларға қоятын талап та күшейді. Түркияда ауылды жерлерде дәрігер жетіспейтіндіктен мамандық лицензия алу үшін 24 ай ауылдарда жұмыс істеуге мәжбүрсің. Яғни дәрігерлер заң бойынша әскери борыш өтегенге ұқсас, шет аудандарда 2 жыл еңбек етуі тиіс. Мен де Орталық Анадолияда Тоқат деген кішкентай қаланың шағын ауруханасында екі жыл қызмет атқардым.
Түркияда дәрігерлерді ерекше сыйлайды, құрмет көрсетеді. Қоғамдағы дәрігердің орны айрықша.
- Жүйке-жүйесі ауруларын емдейтін саланы не себепті таңдадыңыз? Басқа саласына баруыңызға да болатын еді ғой...
- Жүйке саласына байланысты аурулардың ем-дәрісін адамзат әлі толық зерттеп тапқан жоқ. Дүниежүзінде көптеген институт, университетте клиникалық зерттеу әлі жүріліп жатыр. Ғылым бұл салада әзірге толық жеңіске жете қойған жоқ. Түркия неврология жағынан көш ілгері кеткен ел. Мұнда Орта Азия, Араб елдері, Кавказ, тіпті Европаның өзінен аурулар келіп шипа іздейді. Мысал айтсам, неврологияға байланысты ауруларға шипалық үшін Түркияда қолданатын дәрілердің Орта Азияда 10-15 пайызын ғана біледі. Сондықтан мен студент кезімнен осы саланы қызықтап, алдыңғы дәрежедегі профессорлармен бірге зерттеу жасап, мақалалар жазып, еңбектену нәтижесінде бүгін неврология бойынша Түркиядағы санаулы мамандардың біріне айналдым.
- МЕДИПОЛ ауруханасының ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз.
- МЕДИПОЛ Түркиядағы медицина ғылымының барлық саласын қамтыған, ең үлкен, заманауи оқу орталығына қарасты бірден-бір аурухана. Сіз мына вебсайтқа (http://www.medipolmega.com/) кірсеңіз, толық мағлұмат ала аласыз. Университетте 11 факультетте 5000-нан астам студент оқиды. Ауруханада қай жастағы, қандай сырқатпен ауырғанына қарамастан барлық пациентке арналған 470 төсек, 27 операция бөлмесі, 133 жан сақтау бөлімі бар. Соңғы кездe операция жасайтын ең жаңа робот техниктерді пайдалана бастады. Аурухананың Стамбұл қаласында бірнеше бөлімшелері де бар.
- Әңгімеңізге рахмет!
  Ержан Жаубай

https://baq.kz/kk/news/ashikangime/turkiyadagi_kazak_dariger_bilgenimdi_ata_zhurttagi_agaiinmen_bolisuge_arkashan_daiinmin20170620_151700 
 

Просмотров: 844 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]