Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



06:07
СЫР МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ СЕРПІЛІС


  Сыр медицинасының дамуы, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері елдің көз алдында. Жыл сайын денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатардағы технологиялар енгізіліп, материалды-техникалық база күшейіп келеді. Сондай-ақ, науқастарды диагностикалау мен емдеуге қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Мәселен, соңғы бес жылда ол 26,7 пайызға артқан.
Аталған саланы дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Осыған орай өлім-жітім себептерінің 52 пайызын құрайтын аурулардың және демографияға әсер ететін 5 негізгі нозология бойынша жол картасы әзірленді. Аймақта осы бағыттар бойынша бейінді кабинеттер ашылып, деңгейлі көмек көрсету жүйесі құрылды.
Елбасы қолдауымен қолға алынған сан алуан бағдарламалар аясында облыстың медицина саласы қарқынды дамып келеді. Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өңірдің днсаулық сақтау саласын дамытуға жасаған қолдауын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, ауыр экстрагенитальді аурулармен босанғандар мен жарақаттанғандарға, инсульт алған науқастарға оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында реабилитациялық және қайта қалпына келтіру бөлімшелері қолданысқа берілді. Қазіргі кезде барлық аудандық ауруханаларда травматологиялық бөлімшелер медициналық құрал жабдықтармен жабдықталуда. Мәселен, жергілікті бюджеттен 183, лизингпен 28, биыл облыстық бюджеттен 77 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Соның нәтижесінде емдеу ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің көрсеткіші өсті.
2016 жылы облыста офтальмохирургиялық орталық ашылды. Мұнда жергілікті қаржы есебінен жалпы сомасы 90 млн. теңгені құрайтын, ота санын 2 есеге өсіруге мүмкіндік берген жоғары диагностикалық құрылғы сатып алынды. Сөйтіп, алғаш рет аталған орталықта глаукомды кабинет ашылып,  2000-нан аса науқас есепке алынып, сауықтырылды. Ал, өткен жылдан бастап облыстық медицина орталығы жанынан ашылған «Диабет орталығы»  қант диабетімен ауыратын науқастарға мамандандырылған көмек көрсетуде.
Бүгінде қан айналым жүйесі аурулары бойынша барлық аудандар және қала емханалары толықтай кардио стандарттармен қамтылды. Осыған орай екі жыл ішінде инсульт және миокард инфарктісі кезіндегі медициналық көмек көрсету алгоритмдері бойынша 1500-ден астам медициналық қызметкер оқытылған. Қарап отырсақ, соңғы бес жылда аймақтың кардиохирургтарымен жүрек қан тамырларына және бас миына 2300-ден аса ота жасалды. Осылайша тұрғындарымыз Астана мен Алматының жоғарғы емдеу орындарына баруды азайтты. Тағы бір айта кететін жағдай, 2014 жылдан бастап облыс дәрігерлері елімізде 4-ші  болып, бүйрек ауыстыру отасын жасауды қолға алды. Бүгінде әрбір ота сәтті аяқталып, сапалы жұмыс жүруде. Оған қоса жедел-жәрдем қызметі жетілдірілген автоматты  жүйеге  көшірілді.  Сондай-ақ, облыстағы туберкулезге қарсы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл жетістіктер – аймақ медицинасының қарқынды дамып келе жатқандығының бірден-бір дәлелі.
Жыл сайын көптеген емдеу орындары ел игілігіне берілуде. Атап айтсақ, Қазалы теміржол ауруханасы базасында Байқоңыр қаласының және Арал, Қармақшы аудандарының тұрғындарына ауданаралық нейроинсульт орталығы ашылды. Сонымен қатар, Қазалы аудандық ауруханасында инсультпен сырқаттанатын науқастарды әрі қарай оңалту бөлімшесі және №3 қалалық емханасы базасында нейро оңалту орталығы қолданысқа берілді.
Ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында өңірде барлық жағдай жасалуда. Мәселен, жүкті әйелдер мен жаңа босанғандарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін бес жыл ішінде 350 төсек орынға арналған облыстық перинаталдық орталығы қолданысқа берілді. Мұндағы премиум класс құрылғысы арқылы аймақтағы жүкті әйелдердің барлығы скринингтік тексеруден өтеді. Онда туа біткен ақауларды анықтау үшін ультра дыбыстық зерттеуге түседі. Құны 70 млн. теңгені құрайтын құрылғы бүгінде үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл жабдық іште жатқан ақауларды көріп, өзгерістерді дер кезінде анықтайды. Сондай-ақ, барлық жағынан зерттеуге зор мүмкіндік береді. Осы мақсатта мамандар Израиль мемлекетінде оқып, тәжірибе алмасып қайтты. Ана мен бала денсаулығын қорғау үшін орталыққа жыл сайын жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның нәтижесінде мұнда соңғы үлгідегі заманауи құрылғылар қатары көбейді. Одан кейін 350 төсек орынға арналған облыстық балалар ауруханасы мен Талсуат кентінде 50 төсек орнына арналған республикалық оңалту орталығы іске қосылды. Дәрігерлер біліктілігін арттыру бойынша біршама жобалар қолға алынып, ота жасайтын акушер-гинекологтардың үлес салмағы артты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нәрестелер өлімі 41,2 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, өткен жылы облыста ана өлімі тіркелмеген.
Облыс халқының орташа өмір сүру жасы 1,3 есеге өсті. Ол 2013 жылы 70,62, ал 2016 жылы 71,91 жасты құрады. Ол елімізде – 72,3 жасты шамалайды. Сондай-ақ, өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 4, қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 22,8 пайызға төмендеді.
Аталған салада кадр мәселесін  шешу негізінде 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың ұзақ мерзімді жоспары жасалды. Сондай-ақ, қажетті медициналық мамандарды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінді. Мәселен,  2016-2017 жылдары 22 үміткер оқуға түскен. Ал, бес жыл ішінде  облыс бойынша 705 маман қайта даярлау, 11732 маман білімін жетілдіру курстарында оқыды. Олардың ішінде дәрігерлер 4056, орта буынды медицина мамандары 7676 адамды құрайды. Соның нәтижесінде аймақта жетіспейтін неонатолог, травматолог, онколог, реабитолог дәрігер мамандардың тапшылығы жойылды. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде 569 жас маман екі қолға бір кәсіп тапты.
Қазіргі кезде денсаулық сақтау ісін электрондық дамыту жолға қойылды. Осыған орай бұл саланы цифрландыру жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 22 республикалық ақпараттық медициналық жүйе іске қосылған. Сондай-ақ, аймақтағы барлық медицина ұйымдарының 77 пайызы ақпараттық жүйеге көшкен. Ал, өткен жылы 1614 компьютер алынып, техникамен жабдықталу көрсеткіші 80 пайызға өсті.
Жергілікті халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында 27,4 млрд. теңгеге 58 нысан пайдалануға берілді. Айта кету керек, оның 84,5 пайызы апаттық жағдайдағы нысандар орнына салынған. Мәселен, облыстық балалар ауруханасы, аудандық, ауылдық емхана, дәрігерлік, фельдшерлік-акушерлік амбулаториялар мен медициналық бекет пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бірнеше денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізілді.
 Бұл салада әлі де атқарылатын жұмыстар қатары көп. Облыстық медицина орталығы мен қаладағы перинаталдық орталық филиалына күрделі жөндеу жүргізілмек. Ал, қалаға қарасты Тасбөгет кентіндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде реабилитациялық орталықтың орнына 250 келушіге арналған емхана құрылысын бастау жоспарлануда.

                                                                                                                              Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
https://aqmeshit-aptalygy.kz/zanalyk/2264-syr-medicinasynday-serpls.html

Просмотров: 75 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]