Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:14
ШИРЕК ҒАСЫРДАН АСТАМ БІР ОРЫНДА

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап Сыр өңірінде наркологиялық сала пайда болды. Мұның алдында наркологиялық кеселдерге шалдыққан сырқаттарды облыстық психиатриялық аурухана жанынан арнайы бөлінген төсектерде емдеп, мамандандырылған көмек көрсетілетін. Жалпы шет елдерде арнайы наркологиялық сала жоқ, тек психиатриялық ауруханадағы наркологияға бейім психиатрлар осы салада жұмыс істейді. Бүгінде наркологиялық сала облыстық психикалық денсаулық орталықтың құрамында.

Арал ауданында 80 мыңдай тұрғын болса соларға наркологиялық сала бойынша медициналық қызмет көрсету үшін аудандық емхана жанынан арнайы наркологиялық кабинет ашылған. Мұнда дәрігер-наркологтар ұзақ тұрақтап жұмыс істемегенімен, сол жерде, бір орында 35 жыл бойына нарколог-фельдшер болып еңбек еткен Әбілғазы Саудаұлы Ташауов есімді әріптесіміз бар. Мақала сол туралы болмақ.

Әбілғазы 1957 жылы сол ауданның «Қарақұм» ауылында туған. Әкесі Ташауов Сауда мен анасы Оразқызы Раушан шаруа адамдар еді. Олар өмірге он перзент алып келіп, тәрбиеледі. Бес ұл және бес қыз. Әбілғазы үішнші бала болатын. 1975 жылы №59 Қарақұм орта мектебін ойдағыдай аяқтап бала кезден арманы журналист болу мақсатында Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсуге тырысып көрді. Жолы болмаған соң Қызылорда медициналық училищесіне құжаттарын тапсырды. Сол кезде оқыс оқиға болды деп еске алады Әбілғазы.

«Мен құжаттарымның сыртына өз қолыммен аты-жөнімді жазып қойғанмын. Диктант жаздық. Қорытындысында аты-жөнім қара тізімде тұр. Бұлай болуы мүмкін емес. Өйткені диктантты сауатты жазғаным есімде. Директор орынбасарына кіріп, күдігімді айттым. Менің құжаттарымның ішінде жазуы басқа адамның диктанты тұр. Сөйтсем,, Шиелі ауданынан келген бір талапкер қыздың диктанты. Ал менікін соның құжатына қосып қойған. Директор орынбасарына кірдім, жазуымды көрсетіп, дәлелдеп шықтым. Ол сынақ қабылдаған оқытушыға ұрысты. Сөйтіп табандылығымның нәтижесінде оқуға қабылдандым».

Міне өз ісіне бар жан-тәнін салып, табандылықты серік еткен Әбілғазы бір орында, яғни наркололгиялық кабинетте осы саланы аудан көлемінде үйлестіріп келеді. Соңғы кездері әріптесі мейірбике Гүлшатпен қоян қолтық бірлесе жұмыс істеуде.

1976 жылдың күз айында Москва қаласына жақын жерде әскери борышын өтеді, одан соң оқуын жалғастырып, медициналық училищені 1981 жылы «фельдшер» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылы Арал аудандық емханасына психиатр-фельдшер болып жұмысқа қабылданды. 4 жылдан соң наркологиялық кабинетке қызметін ауыстырды.

Ең нәтижелі жұмысы - аудан көлемінде наркологиялық бекет жұмысын үйлестіруі. Мұны ол мақтанышпен еске алады. Наркобекет жұмысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 14 наурыздағы №119 және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2008 жылғы 21 наурыздағы №150 бірлескен бұйрығымен бекітілген «Білім беру ұйымдарындағы наркологиялық бекеттер туралы Ережені» басшылыққа ала отырылып жүргізілді.

Әбілғазы Ташауов аудан бойынша 40 орта мектеп пен 2 кәсіптік техникалық оқу орындарында наркологиялық бекеттердің ашылып, Ережеге сай жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бұл бекеттер әлі де өз жұмысын жалғастыруда. Яғни өскелең ұрпақ санасына араққұмарлыққа, нашақорлыққа және уытқұмарлыққа қарсы тұру дағдыларын егуде.

Жастарға дәріс оқуда бұл зиянды әдеттердің олардың организміне тигізер зияны емес, олардың болашақтағы армандарына балта шабылатыны туралы көбірек айтқан пайдалы дейді Әбілғазы. Ең зияндысы – отбасының күйреуі, жұмыстан айрылу, ең соңы ешкімге керексіз болып қалу. Ал мұны оларға жеткізу үшін көп тер төгу, жасөспірім мен жастар психологиясын терең білу қажет.      

Аудан наркологиялық кабинет жұмысы наркологиялық дерттерге шалдыққандарды есепке алу, оларды қажет кезде емделуге жолдаумен шектелмейді. Ішкі істер бөлімі, прокуратура, білім басқармасы және т.б. мекемелермен бірлесе жұмыс атқарылады.

Ә.С.Ташауовтың ширек ғасырдан астам қызметі кезінде облыстық, аудандық денсаулық сақтау, аудан әкімшілігі, «Нұр Отан» партиясы, білім мен ішкі істер бөлімі, әскери комиссариат тарапынан мақтау қағаздар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар арқылы аталып өтілді. Жуырда Ә.С.Ташауов «Сыр медицинасы» ҚБ-нің «Сыр медицинасының үздігі» медалін иеленді. Бұл да оның ұзақ жылғы еңбегінің өтеуі болса керек.

Жұбайы Ақжан Ташауова да медицина қызметкері. Кезінде балалар бөлімшесінде аға мейірбике болған. Бүгінде зейнеткер. Әбілғазы екеуі 4 бала тәрбиелеп, олардын өрген 18 немеренің балдай тәтті қылықтарына тәнті болуда.

 

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

Арал қаласы.

"Сыр медицинасы" газеті, қараша 2020 жыл   

Просмотров: 390 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]