Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:15
САЛАУАТТЫЛЫҚ БӘРІНЕН САЛМАҚТЫ

Халық денсаулығы – еліміздің өркендеп дамып, экономикасы мен әлеуметтік ахуалының одан әрі жақсара түсуінің негізгі іргетасы. Содан да, британдық ұлы философ Томас Карлейль «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп бекер айтпаса керек. Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы, «Адами капитал – жаңғыру негізі» тарауындағы «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» бөлімінен туындаған басты тапсырмаларын іске асыру – адам денсаулығын сақтап, нығайтуда түн ұйқысын төрт бөліп, тынбай тер төгетін денсаулық сақтау қызметкерлеріне сенім мен үлкен жауапкершілік жүктейді. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деген тапсырмасы өмірде жиі кездесетін аурулардың алдын алу, яғни профилактикалық іс-шараларды сапалы жүргізу, салауатты өмір салттарын насихаттауда құр қағазбастылыққа, формальдылыққа салынбай, нақты жұмыстар жасауда пәрменділік қажет дегенге саяды. Иә, бүгінгі заманды нарық билеп тұр. Соның салдарынан қазір ауруханаға жату проблемаға айналып, қабылдау бөлімшелерінде сарсылып күтіп, ауруын одан әрі асқындырып алғандары қаншама?! Міне, осы түйткілді шешетін енді есігімізден енгелі жатқан міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру – халық денсаулығын сақтау мен нығайтудың бірден-бір кепілі болмақ. Елбасының осы Жолдауының атауы айтып тұрғандай, жаңа мүмкіндіктер өзінің төл мамандығына деген жауапкершілікті жоғары қоюға тиісті дәрігерлер үшін даңғыл жол ашады. Сол сияқты ҚР дәрігерінің антындағы: «Медицина жетістіктерімен үнемі танысып, дәрігерлік шеберлігімді үздіксіз дамытып, адамгершілік арымды жоғары ұстаймын деп ант етемін» дегеніндей, өзінің күнделікті тәжірибесінде медицина саласының дамыған инновацияларын күнделікті тәжірибелеріне ендіре білетін ақ желеңділерге үлкен мүмкіндік береді. Иә, «кез келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық танытқан адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақыл-кеңесімді, керек болса тегін, әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін» деген серт үдесінен табылсақ қана Елбасымыздың халық денсаулығын сақтау мен нығайтудағы тапсырмаларының үдесінен табыламыз.

Амангелді СУХАНБЕРЛИЕВ,

«Ерен еңбегі үшін» белгісінің иегері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі

«Сыр бойы» газеті

20 қаңтар 2018 жыл

Просмотров: 529 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]