Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:03
САЛА САҢЫЛАҒЫ АТАНҒАН ДӘРІГЕР

Мерей иесі

Дәрігер - адам жанының арашашысы. Халыққа қадірлі мамандық. Осы саланың белгілі майталмандарының есімдері әдетте ел-жұртқа етене таныс. Олар туралы жылы сөздер ұзақ жылдар бойы айтылып жүреді. Сондай саңлақтардың қатарында есімі құрметпен аталып жүрген медицина саласының ардагерлерінің бірі - Самат Ізбайұлы Ілиясов.

Белгілі дәрігер осы саладағы мекемелерде көп жыл басшылық етіп, абырой

биігіне көтерілді. Жаны жайсаң жан қай кезде де алдына келген науқастардың денсаулығының қайта түзеліп, өз отбасыларына жақсы күйде оралуына еңбек сіңірді, тер төкті. Денсаулық саласының дамуына үлкен үлес қосты.

Медицина саласының қызметкері болуды, ақ халатты абзал жан болуды жастайынан арман еткен талапкер жас жігіт Самат Ізбайұлы айдынды теңіз жағалауында балықшы ауылы Бөген ауылындағы орта мектепті бітірген соң, әкесі Ізбай мен анасы Нағиманың ақ батасын алып, еліміздің шығысындағы зиялы қала Семейге аттанды. Сол қаладағы медицина институтының емдеу факультетіне түсіп, 1973 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Қажыр-қайраты, намысы бойында тұнған жас жігіт әп дегеннен өз мамандығының нағыз білгірі атану үшін үнемі ізденді. Тәжірибе жұмыстарына қалт жібермей қатысты.

Медициналық институтты тәмамдаған соң Қызылорда облыстық ауруханасында хирургия мамандығы бойынша интернатурадан сәтті өтіп, "дәрігер" деген атақты иеленді және бүкіл қызмет еткен жылдарында Гиппократ антына берік болып, ақ халаттай арына кір түсірмеді. Туған жері Аралға оралып аудандық ауруханаға онкохирург болып орналасты. Жас дәрігер алдына келген науқастардың сырқатын дәл анықтап,

әрбір отаны жоғарғы деңгейде жасады. Еңбегімен көзге түскен Самат Ізбайұлын жоғарғы органдар бағалап, аудандық емхана меңгерушісі етіп жоғарлатты.

Білімпаз дәрігер науқастарды емдеуде жаңадан шыққан озық технологияларды игеруге, халық игілігі үшін пайдалануға бар күшін салатын. Ол ауданымызда бірінші болып ішкі құрылыс органдарын тексеретін жапон аппаратын (ЭФГДС) іске қосты. Бұл аппарат арқылы ішкі қүрылысында кінәраты бар қаншама науқастың диагнозы дұрыс қойылып, әрі қарай емдеу жұмыстары сапалы жүргізілді. Кейін дәрігер Самат Ізбайұлы Арал, Қазалы аудандарын қамтитын Арал қаласында орналасқан лепродиспансердің меңгерушісі болып еңбек етті.

Өңірімізге ғана тән осынау дерттің шығуын, таралуын, тұқым қуалау сырларын тереңдете зерттеп, осы ауру түрінің өңірімізде азаюына, емдеудің дұрыс жолға қойылуына еңбек сіңірді. Ұзақ жылғы еңбегінің өтеуіндей болып Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды.

Самат Ізбайұлының отбасын дәрігерлер жанұясы десе болады. Жары Айткүл Алшүкірқызы аймағымызға белгілі акушер-гинеколог. Дүниеге келген мыңдаған сәбилердің кіндік шешесі атанған мейірлі жан. Қос дәрігер бүгінде ұл-қыздары Ерлан, Айгүл, Нұрланнан өрбіген немере-шөберелерінің қуанышына бөленіп отыр.

Есімі елге танымал дәрігер Самат Ізбайұлы бұл күндері жетпістің желкенін керіп, аталық жасқа жетіп, өңіріміздегі барша медицина қызметкерлерінің, денсаулық сақтау саласының ақылман ағасы болып абыздық кезеңге атбасын тіреді. Кезінде әр жылдары алтын қолды дәрігердің шипасын көрген жандар алғыстарын әлі күнге дейін айтып келеді.

 

Е.КЕҢТОҒАЕВ.

«Арал әлемі» газеті,

18 мамыр 2018 жыл.

Просмотров: 403 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]