Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:41
Сүліктің сиқыры

Сүлік салу ғылымда «гирудотерапия» деп аталады. Тері бетіне жабысып алып, қан соратын бұл жәндікті көргенде, денең түршігеді. Алайда медицина саласындағы сүліктің дәл осы қасиетінің пайдасын санамалай бастасаңыз, оның пайдалылығына еріксіз сүйсінесіз. Латын тілінен аударғанда «gerudis» сөзі сүлік дегенді білдіреді.

Гирудотерапия қазіргі таңда кардиологияда, офтальмологияда, дерматологияда, хирургияда, гинекологияда, урологияда, неврологияда, герентологияда кеңінен қолданылып, күретамыр және қан тамыр ауруларына, тері ауруларына, өкпе, бас сақинасы, инфаркт, инсульт, глаукома секілді ауруларға таптырмас емге айналды. Тіпті соңғы кездері адамдар сүліктің көмегімен арықтап, адам жасын жасартатын «сиқырлы емші» ретінде де пайдалануда. Сүлікті қажет деген жерге тек арнайы маман ғана салады. Бұл жәндіктің емдік қасиетінің сыры адамның артық арам қанын сорып алып, қан айналысын жақсартатын артықшылығына қоса, тағы бір кереметтілігі оның биологиялық белсенді заттарға бай, түрлі ферменттерден тұратын сілекейінде. Түрлі ферменттермен қатар қанның ұюына тосқауыл қоятын гирудин және 100-ге жуық биологиялық пайдалы заттар сүлік сілекейінің басты артықшылығы болып саналады. Ол бір сағат ішінде адамның 15 мл-дей қанын сорып алады, одан соң өзі ажырайды.

Сүлік туралы аңыз

Медициналық сүлік ретінде қолданылатын арқасында өрнегі бар сүлік туралы аңыз да бар екен. Ертеде Сүлеймен пайғамбар алыс жолдан шаршап-шалдығып, аяғы ісіп келе жатқан соң, жолда кездескен көлшікке аяғын салып демалады. Сол арада мызғып кеткен пайғамбар ояна келе, аяғының ісігінің де кетіп, бойындағы ауырлықтың да жоғалғанын және денесі жеңілдеп қалғанын байқайды. Тек аяғының астында майда құрттар мен кішкене ғана қан ағып жатқанын көреді. Риза болған Сүлеймен пайғамбар құрттардың арқа тұсынан сипап, ризашылығын білдіреді. Бүгінде медициналық сүліктердің арқа тұсындағы өрнектердің пайғамбардың төрт саусағының іздерінен қалған белгі екен деген аңыз бүгінге жеткен екен.

Қызық дерек

Гирудотерапевт маманның айтуынша, дүниежүзіндегі сүлікпен айналысатын, ұдайы өздері де сүлік қолданып жүрген мамандардың барлығының дерлік жастары 80-нен асқан көрінеді. Бұл бәлкім сүліктің адам жасын жасартатынының анық дәлелі болса керек. Мәселен, сүлік саласын зерттейтін, көптеген ғалым-профессорлар: израйльдік профессор Рэгби, ресейлік ғалым Баскова, германиялық профессор Фриц, қытайлық профессор Ой секілді сүлікші ғалымдардың барлығының дерлік жастары 70-80-нен асып кеткен көрінеді. Ал Нәзігүл Нұрахметқызының осы саланы таңдауына себеп болған, талай жылдар сүлікті өзі де пайдаланған емші Бәкетай атасы 90 жасқа келген. Бұл жай сәйкестік пе әлде сүліктің сиқыры ма?!

Сондай-ақ бүгінгі таңда ауырмай-ақ сүліктің көмегіне жүгінгісі келетін азаматтардың қатары да көбеюде. Себебі сүлік салу емінен кейін адамның дене қызуы қалпына келіп, қан қысымы, қандағы қант мөлшері төмендеп, ұсақ қан қатпалары жойылады, ісікке қарсы, ауырсыздандыру механизмдері іске қосылады екен. Негізінен, емге белсенді аш сүлікті пайдаланады. Егер қанды аздап алу қажет болса, кішкентай сүліктерді аз уақытқа ғана қояды. Гирудотерапияны гинекологиялық ауруларға қолдану кезінде әйелдер ауруларынан айығып қана қоймай, гормондық-зат алмасу процестері жылдам қалпына келетіні байқалған. Екінші, бедеулік, эндометрит, эндометриоз тәрізді жатыр мен созылмалы аурулардың алдын алумен қатар, сүлік кейбір жағдайларда негізгі ем ретінде де қолданылады. Әсіресе сүлік операциялардан кейін тез жазылуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі таңда дәрігерлер операциядан соң, сүлік салдыруға кеңес береді. Сүлікті қолданғанда науқастың жасына, қосалқы ауруына, денесінің салмағына, қан мен қан қысымының көрсеткіштеріне және сүліктің жағдайына да көңіл бөлінеді. Жалпы, елімізде сүліктің 600 түрі белгілі болса, соның бір ғана түрі медициналық сүлік ретінде қолданылады. Емге бір рет қолданылған сүлікті екінші рет қолдануға болмайды, медициналық орталықтарда қолданылған сүліктер іле-шала жойылып отырады. Айта кетер жайт, сүлік емінің ең арзаны біздің елімізде екен. Мәселен, Ресейде бір сүліктің емі 5-10 доллар аралығында болса, Еуропада – 10-15 доллар, Америкада 20 долларға дейін баратын көрінеді. Ал бізде бар болғаны екі-үш доллар көлемінде екен. 

Бүгінде Қазақстанда сүлік салумен айналысатын медициналық орталықтардың саны артып келеді. Солардың бірі – 1998 жылдан бері жұмыс жасайтын Қазақстандағы бірінші медицина сүлігімен емдеу орталығы. Орталықтың директоры еліміздегі гирудотерапияның дәстүрлі негізін қалаушы мамандардың бірі – Қоңыртаева Нәзігүл Нұрахметқызы. Сүлікпен емделу үшін жылына орта есеппен 1000-ға жуық адам келеді екен. Сүлікпен жалпы емдеу құны сүліктің саны мен емдеу уақытысына байланысты 1500-15 000 теңге аралығында.

Нәзігүл ҚОҢЫРТАЕВА, Қазақстандағы бірінші медицина сүлігімен емдеу орталығының бастығы және гирудотерапия саласының бас маманы:

Жұрт аузында мұны «әулиеқұрт» деп атайды. Аталарымыз мұны су патшасы Сүлейменнің құрты деп атаған. Қазақстанда ең алғаш 1998 жылы сүлікті халық емінен дәстүрлі емге айналдырып, медициналық сүлікпен емдеу орталығын аштық. Ал осыған дейін 1991 жылдан 1998 жылға дейін сүлікті халық емі ретінде пайдаланылып келді. Сондай-ақ мұнымен емдейтін дәрігерлердің санын арттыру мақсатында Алматыдағы дәрігерлер білім жетілдіру институты мен біздің медициналық орталығымыз біріге отырып, 1998 жылдан бастап гирудотерапия саласының мамандарын оқыта бастадық. Қазіргі таңда гирудотерапевт мамандар еліміздің түкпір-түкпірінде осы сала бойынша еңбек етіп жатыр. Бұрын дүниежүзі бойынша гирудотерапевт маманы болмаған, ең алғаш 2003 жылы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен елімізде гирудотерапевт маманы тіркелді. Дүниежүзі бойынша, ең алдымен, біздің еліміздің сүлік емін түсініп, оны ем ретінде қолдануға деген ұмтылысы біздің еліміз үшін үлкен жетістік болды. Ресей, Германия, Франция мемлекеттері бізден кейін ғана бұл салаға бет бұра бастады. Сүлік пайдалы үш қасиеті арқылы барлық ауру түрлеріне ем ретінде қолданылады. Сүлікті қанының көрсеткіштері сұйылып кеткен ауруларға мүлдем қолдануға болмайды. Сүлік – ерте заманнан келе жатқан ем. Соның мысалы Үндістанның көп қолды Дханвантари емші құдайының бір қолында сүліктің суреті болса, бір қолында шөптің суреті бейнеленген. Яғни бұл дінге дейінгі көне заманнан бастап емдік қасиеті белгілі болған ем деуге болады.

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/saylyk/909/

 

Просмотров: 1933 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]