Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



07:07
Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Ә.ӘБЛӘЗІМ: Өкпе ауруымен ауырып, өкінгенше аурудың алдын ал

Бұрын «құрт ауруы» деп аталған туберкулез дерті бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Бұл сырқаттың тез таралатын жұқпалы ауру екенін бәріміз білеміз, алайда туберкулез әлем бойынша кең тараған ауру екенін біріміз білсек, біріміз бейхабармыз. Туберкулез инфекциялық ауру, ол адам ағзасына туберкулез микробактериясын жұқтырғаннан дамиды. Бұл сырқат түрі адамның сүйек, буын, ми қабықшасын, бүйрек, тері, көз және өзге де ағзаларын зақымдайды. Мамандардың айтуынша, ауруға шалдығатындардың дені еңбекке жарамды жастағы, яғни 20-40 жас аралығындағы адамдар екен. Қазіргі таңда аймақта бұл дерттің алдын-алу, емдеу шаралары бойынша қарқынды жұмыс жасалуда. Тынымсыз еңбектің арқасында туберкулез аурушаңдылығына қарсы күрес шаралары оң нәтиже беріп, науқастар саны азайып келеді. Бүгінде аймағымызда туберкулез дертіне қарсы жасалып жатқан жұмыстар барысымен толық танысу мақсатында облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Әбләзім Әбдіғабит Әбләзімұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Әбдіғабит Әбләзімұлы, өткен жолы облыс әкімі өз есебінде аймақта туберкулез ауруы біршама азайғандығы жөнінде айтқан болатын. Жалпы өңірде бұл сырқат түрімен күресу жұмыстары жөнінде толық айтып өтсеңіз...

- 2012 жылдың қортындысы бойынша облыста туберкулезге алғаш рет шалдығып, есепке тұрғандардың саны 632 адам болатын. Ал өткен жылы бірінші есепке тұрғандардың саны 623-ті құрады. Ағымдағы жылдың жарты жылдығында 330 адам тіркелсе, өткен жылдың алты айлық көрсеткішінде 375 адам тіркелген. Жалпы аурушаңдық көрсеткіші 100 адамға шаққанда 51,4-тен 44,5-ке төмендеген.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев аймаққа басшы болып келген уақыттан бастап облыстағы денсаулық саласына көп көңіл бөліп келеді. Туберкулез аурушаңдығы республика бойынша жоғары болғандықтан «Жол картасы» бағдарламасын жасау қолға алынған болатын. Бағдарлама ішінде туберкулез аурушаңдығына арнайы тармақ та дайындалған. Бұл бағдарлама бойынша 2 жылға 1 млрд. 234 млн. теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда бұл қаржы есебінен туберкулезге қарсы ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары қолға алынуда. Ең алдымен туберкулезге қарсы күрес орындарындағы бөлімшелер мен науқастардың бөлмелерін, медицина қызметкерлері жұмыс жасайтын орындардағы лас ауаны сорып, таза ауа енгізетін құрылғы орнату жұмыстары жүргізілуде. Негізі ауа тазартатын мұндай қондырғы бұрын болған. Кейін істен шығып, жөндеу көрмеген. Енді осы ауа тазартатын қондырғы қайта орнатылмақ.
Облыс бойынша соңғы үш жыл көлемінде туберкулез аурулары түріне сәйкес барлығы бөлек жатқызылуда. Мәселен туберкулезді алғаш рет жұқтырып немесе екінші рет ауырып, оның ішінде жұғатын және жұқпайтын түріне шалдыққан науқастарды емдеуді бөліп тастаған болатынбыз. Мәселен Арал, Қазалы аудандарында туберкулезге шалдыққандар арасында аурудың жұғатын түрін Қазалы ауданына, жұқпайтын түріне шалдыққандар Арал ауданындағы туберкулезге қарсы күрес диспансеріне орналастырылады. Осылайша науқастар арасында туберкулез аурушаңдығының өзге түрін бір-біріне жұқтырмау үшін жұмыс жасалуда.

- «Құрт ауруына» шалдыққандардың дені әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері болатынын көріп, біліп жүрміз. Осыған байланысты науқас жандарға қандай да бір көмек көрсетіледі ме?

- Расында дертке шалдыққандардың дені әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шығады. Дертке шалдыққандарды қолдау мақсатында облыс әкімі «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Мәселен туберкулездің мультитөзімді түріне шалдыққан науқасқа айына 18800 теңге қаржылай көмек көрсетілуде. Бұл қолдау республика бойынша алғаш рет біздің өңірімізде жасалып отыр. Қаржылай көмек науқастың мүгедектігіне алатын жәрдемақысынан бөлек беріледі. Бүгінде облыс әкімінің бұл қолдауына 300-ге жуық науқас қол жеткізіп отыр.
Сонымен қатар жанұясында мектеп жасына дейінгі балалар болатын болса, балалар арнайы санаториялық балабақшаға, мектеп жасындағы балалар мектеп интернаттарына орналастырылады. Облыс орталығы мен аудандарда барлығы 1600 орындық 14 санаториялық балабақша жұмыс жасауда. Және қалада №8 мектеп интернаты мен Арал ауданында да мектеп интернаты мектеп оқушыларын тәрбиелеуде.
Туберкулезге шалдыққан адам улы дәрі-дәрмекті күнделікті пайдаланғаннан кейін, оның бауыры ісіп, асқазаны ауырып немесе өзге де ағзаларына кері әсерін тигізіп, адам жанын мазалайтыны белгілі. Бұл уақытта науқасқа қосымша дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Мұның барлығы емханаларда жүзеге асады. Осылайша облысымызда барлық науқастарға жағдай жасалған. Ендігі кезекте науқас емін үзбей, дәрілерін уақытылы пайдаланып отыруы керек. Егер науқас ем-домын үзер болса, біз оны жоғары да аталған қаржылай әлеуметтік қолдаудан шеттетеміз.

- Санаториялық балабақшаларда балалардың қамтылуы жайы қалай?

- Бұл арада ешқандай мәселе жоқ. Туберкулез ошағындағы мектеп жасына дейінгі балалардың саны 2000-ға жуық болса, олардың 63 пайызы туберкулездің жұқпайтын ошағындағы балалар. Осыған орай балалар балабақшамен толық қамтылуда. Оған қоса балаларды тасымалдау үшін бірнеше санаториялық балабақшаларға автокөлік те берілген. Мұның барлығы облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып келеді.

- Қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерін қала сыртына көшіру туралы ұсыныстар мен өтініштер әркез Тасбөгет кенті тұрғындары мен депутаттарының көтеріп келетін мәселелерінің өзектісі. Аурухананы көшіру жөніндегі ұсынысқа сіздің маман ретіндегі көзқарасыңызды білсек...

- Қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансері алғаш рет Тасбөгет кентіне көшіп барған уақытта мен сол ауруханада бас дәрігер қызметін атқарған болатынмын. Сол уақытта аурухана маңында бірде-бір жеке тұрғын үй болмаған еді. Ал қазір аурухана айналасына айналдыра үй салынған. Кенттің шетінде орналасқан аурухана жанына тұрғындар өздері көшіп барды.
Негізі республиканың қай аймағындағы болмасын туберкулезге қарсы күрес диспансерін алып қарасаңызда барлығы қала ортасында орналасқан. Мәселен Алматы қаласының орталығында, «Республика сарайының» артында Туберкулезге қарсы күрес Ұлттық орталығы орналасқан. Орталық маңында жеке үйлер, онда ауқатты адамдар тұратынын көзіміз көріп жүр. Ал Ұлттық орталықта дерттің ауыр түріне шалдыққандар ем қабылдайды. Сондай-ақ Шымкент, Ақтөбе қалаларында да ауруханалар қала орталығынан орын алған.
Жалпы, туберкулез таяқшалары күн сәулесінде 1 секундтан 3 минут аралығында өмір сүріп, жойылып кетеді. Оған қоса, бұл ғимараттың әр қабатына кезекші күзетшілерді қоюдамыз. Күзетшілерге науқастарды сыртқа шығармау жөнінде қатаң талап қоямыз. Сондықтан кент тұрғындарының қорқуына еш себеп жоқ.

- Енді онда туберкулездің қай түріне шалдыққандар орналастырылады?

- Туберкулез ауруымен ауыратын адамдардың ішінде бірінші қатардағы, яғни мултьитөзімді түріне шалдыққан облыстағы барлық науқастар осы қалалық туберкулезге қарсы күресу диспансеріне орналастыруды бейімдеудеміз. Мұнда 170 адамға орын дайындалған. Бүгінде бұл ғимаратқа қазіргі заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

- Мультитөзімді түрін кеңірек айтып өтсеңіз...

- Туберкулездің мультитөзімді түріне шалдыққан науқастар анағұрлым ұзақ емделеді. Науқас 8-10 ай қарқынды ем жүргізу барысында түрлі себептерге байланысты емді үзер болса, оның бойындағы инфекциялар қарқынды ем кезінде берілген дәрі-дәрмектерге жойылмайды. Осыдан кейін біз оған екінші қатардағы дәрілерді бере бастаймыз. Екінші қатардағы дәрілерді қолдану, яғни сүйемелдеу кезеңінде ем 10-14 айға жалғасады. Ал егер науқас бұл кезеңде де емді тұрақты түрде қабылдамаса, соңғы уақытта анықталып жатқан туберкулез аурушаңдығының кең ауқымды дәрілерге төзімді түріне айналатын болады. Науқас туберкулездің бұл түріне шалдықса үшінші қатардағы дәрі-дәрмектерді қолданамыз. Алайда науқастың бұл уақытта дерттен айығуы екіталай. Бұл туберкулездің емделмейтін созылмалы түрі болып саналады. Яғни әр адамның өз денсаулығы өз қолында. Дәрігер емді бергеннен кейін науқас үзбей дәрісін қабылдауы қажет. Ал үзсе, жоғарыда аталған саты бойынша жағдай нашарлай бермек.

- Дертке алғаш рет шалдығушылардың саны жыл санап азайып келе жатқандығын өзіңіз айтып өттіңіз. Енді аурушаңдық азайды деп, арқамызды кеңге салып алмаймыз ба?

- Статистикалық мәлеметтерге сүйенсек, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастар уақытылы емделіп, оқшауланбаса, оның жанұя мүшелерінің 80 пайызы да дертке шалдығады екен. Осыған орай бірінші кезекте сырқаттың жұқпалы түріне шалдыққандарды мәжбүрлеп емдету біздің міндетіміз. Науқас қарсылық танытқанның өзінде заң жүзінде, науқастың ісі сотта қаралып, Сырдария ауданындағы 30 орындық ауруханаға орналастырамыз. Өкінішке орай мұндай жайттар да орын алуда. Ал аурудың созылмалы түрімен сырқаттанатындар Қармақшы ауданындағы ауруханаға орналастырылады. Мұның барлығы аурудың алдын-алу, көрсеткіш санын төмендету мақсатында жасалып жатқан жұмыстар.
Сонымен қатар мультитөзімді туберкулездің жұқпайтын түрін күндізгі емханада емдеуді қолға алып отырмыз. Бағдарламаға сәйкес қазан айынан бастап бұл жұмыс қанатқақты жоба ретінде іске аспақ. Науқас емханадан тегін ем-домын алып отыратын болады. Науқастың бұл түрін үйде емдеудің себебі, ол адам туберкулездің жұқпайтын түрімен науқастанғандықтан ауруханадағы жұқпалы дертке шалдыққан жаннан ауру жұқтырмауды көздеп отырмыз.
Сондай-ақ аурухана науқастарын киім-кешекпен қамтамасыз етуді де қолға алудамыз. Өз кезегінде бұл жұмыс та аурудың таралуына тосқауыл болады деп ойлаймын. Оған қоса медицина қызметкерлеріне ауру жұқтырмау мәселесі бойынша сақтық шаралары толық жүзеге асып келеді.
Осындай жұмыстар арқылы біз арқаны кеңге салмай, науқас түрімен күресуді күшейтудеміз. Алдағы уақытта мультитөзімді түрін азайтып, кең ауқымды дәрілерге төзімді түрін болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жасамақпыз.
Жалпы, аурухананы көп салудың қажеті жоқ. Негізі басымдықты туберкулездің жұғатын түрімен науқастанатын адамдарға салып, науқастың дертімен күресуіміз қажет. Келешекте өңірдегі санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін ауруханаларды жабатын боламыз. Мысалы, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы ауруханалар барак типтес болғандықтан жабылуы тиіс. Ал қалған аудандардағы ауруханалардың жайын болашақ көрсетеді.

- Науқастар толық ем алғаннан кейін есептен шығарыла ма?

- Әрине. Алайда толық емін алғаннан кейін, яғни 2 жыл есепте тұрып, кейін шығарылады.

- Республикада облысымыз туберкулез аурушаңдығы бойынша нешінші орында?

- Біздің облыс туберкулез аурушаңдығының алғашқы есепке алынуы бойынша 5-6 орында.

- Сіз басқарып отырған ауруханадағы науқастардың күтімі қандай?

- Мемлекеттен нақты қолдау бар. Дәрі-дәрмектер мен мамандар да жеткілікті. Сондай-ақ ауруханадағы науқастарға барлық жағдай жасалған. Тамақтандырылу жағынан науқастар ұтымды тамақтандырылуда, жеміс-жидек, көкөністер уақытылы берілуде. Бір сөзбен айтқанда, науқастар пайдалы тағамдармен қамтамасыз етілуде.

- Сыр өңірінің табиғаты экологиялық аймақ деп жатады. Осы орайда ауа-райының науқастарға тигізер әсері қандай?

- Табиғат экологиясы науқастарға әсер ететін бірден-бір фактор. Себебі лас ауа адам ағзасына кері әсерін тигізіп, адам иммунитетін әлсіретеді. Адам ағзасы инфекциямен күрес қабілеті төмендеген уақытта туберкулез жұқпалы ауруын тез қабылдайды.
Біздің ауруханадағы науқастардың 80 пайызында қосымша аурулар табылады. Сондай-ақ аймақта ешбір кедергісіз бала тууға қабілетті әйелдер саны 20 пайызды ғана құрайды. Мұның бәрі табиғат экологиясының әсерінен туындап отыр. Сондықтан аурушаңдықтың болуы экологиялық фактордан деп айтуға болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Д.МАХАНОВА
“Ақмешіт ақшамы” газеті

Сурет www.alashainasy.kz сайтынан алынды

 

Просмотров: 2259 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]