Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



06:58
МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУДАН НЕ ҰТАМЫЗ?

15 ақпанда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыға келді. Алдымен журналистермен кездесіп, Елбасы Жолдауының негізгі бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті. Сонымен бірге, көпшіліктің ойында жүрген сан сауалдарға жауап беру үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру турасында жиналғандармен тілдесті. Аталған жүйенің енгізілуіне де аз қалды. Бұл мәселе төңірегінде газетіміздің 2017 жылғы 14 ақпанда («Айқын», №22) жарық көрген «Медициналық сақтандыру міндетті ме?» атты мақаламызда сөз қозғаған едік. Жаңа құрылған министрліктің жаңа басшысы мән-жайды жан-жақты түсіндіріп берді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) қатысты ақ­параттық-түсіндірме жұмыстары басталып кетті. Осыған сәйкес, жұмыс берушілер 2017 жылдың шілдесінен бастап – 1%, 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2 % және 2020 жылы 3% көлемінде ақша аударып тұрады. Қызметкерлер төлейтін жарна болса, орташа жалақы мөлшерінің 2019 жылдан бастап – 1%, 2020 жылы 2% көлемінде болады. Көпшіліктің уайымы – айлық жалақыдан ұсталатын қаражаттың тағы бірге артқаны. Десе де, есептеп қарасақ, жылына шамамен 15 мың теңгеден аспауы тиіс. Есесіне, бірқатар медициналық процедуралар қор есебінен төленеді. Бүгінгі таңда дәрігерден кеңес алу үшін кірген адам ең кемі 5 мың теңге төлейтіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда аталған жүйенің артық­шылықтарын байқауға болады. Жеке кәсіпкерлер болса, ең төменгі жалақы мөлшерінен 5% көлемінде төлейді. Ресми түрде жұмыс істеп, табыс таппайтындар қайтпек? Олардың да жағдайы ескеріліп, ортақ мәміле табылғандай. Мұндай азаматтар екінші деңгейлі банктер арқылы төлем жасай алады. Яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмыссыз тұрғындар медициналық қызметтерге қол жеткізу үшін ең төменгі жалақы көлемінің 5 пайызын төлеп, қолдана алады. Демек жылына орта есеппен 35 мың теңгедей қаражатты медициналық сақтандыру үшін алып қою қажет болады. Сақтандырылмаған адамдар үшін кей қызметтер көрсетілмейді. Сол себепті, жүйеге тіркелу міндетті. Министрдің айтуынша, бүгінде бір адам үшін мемлекет орта есеппен 55 мың теңге көлемінде төлейді екен. Кейде ауыр оталар жасау керек болған сәттерде тіптен бірнеше миллион шығын кетеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан бөлек, осы саладағы бірқатар мәселелер де айтылды. Айталық, дәрі-дәрмек бағасының өсуін, стоматологиялық қызметтердің қымбат екендігін министр назарында ұстайтын болады. Соған сәйкес, алдағы уақытта екі жаққа да тиімді шаралар қолдануға тырысатындығын жеткізді. «Дәрілерді өзімізден көптеп шығарып, сол арқылы бағаны тұрақтандыру да жоспарда бар. Сондай-ақ дәрігерлердің жалақысы да – үлкен мәселе. Көлемі осындай болып қала берсе, мықты мамандардың айырылып қалуымыз мүмкін екендігін жақсы білеміз. Табысы орташа өзге елдермен салыс­тырғанда бізде айлық аз. Бірақ әзірге жалақыны көтеру қиын болып тұр. Десе де, назарымызда бар екенін айтқым келеді» дейді Елжан Амантайұлы. Денсаулықты сақтауға әркімнің-ақ таласы болуы тиіс. «Сақтансаң сақтайды» деген.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Осыған дейін 2015 жылы «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданған еді. Соған сәйкес, жүйе жан-жақты зерттеліп, қарастырылды. Жарна көлемі, қатысушылар, жүзеге асырылу мерзімі секілді көптеген мәселелер талданып, қор құрылды. 1990 жылы осыған ұқсас жүйе енгізілмек болып, ол тәжірибенің сәтсіз аяқталғаны белгілі. Ендігі біздің міндетіміз – сол қателіктерді ескеріп, барынша пайдалы іс атқару. Бүгінде еліміздің әлеуметтік және экономикалық ахуалы өзгерді. Демек жаңа жүйе қабылдауға қолайлы кез туды. Халықаралық тәжірибелерді қарастыра келе, өзімізге лайықтап, қосымша заң жобаларын енгіздік. Алдағы аптада Үкіметке ұсынып көрмекпіз. Жарна көлемін де бастапқыда жоспарланғаннан гөрі азайттық. Ендігі жерде жеке ауруханаға, басқасына болсын келген адам өз қалтасынан төлемейді. Ол сақтандыру талаптарын сақтап, жарна төлегендіктен, шығынды қор жауып береді. Еш жерде жұмыс істемейтіндер, биржаға барып тіркелгендері дұрыс. Себебі, бүгінде біз олардың есебін шығаруымыз керек. Республикада шамамен 3 миллионға жуық жұмыссыз бар дейміз. Бұл – нақты дерек емес. Ауылдық жерлерде тіркеусіз жүргендері қаншама?! Сондықтан жер-жерге барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуіміз керек.

Елена БАХМУТОВА, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрайымы:
– Қор – денсаулық сақтауды қаржыландыруға қажетті құрал. Оның міндеті – барша қазақстандықтарды сақтандыру. Көмек керек болған сәтте медициналық қызметтерді тегін алуға мүмкіндік бар. Тіпті сіздің төлеген қаражатыңыздың көлемі де маңызды емес. Сол секілді бір жыл бойы сіз қызметті қолданбауыңыз да мүмкін. Ондай жағдайда ақша, әрине, қайтарылмайды. Дәрігерге қаралып, көмегіне жүгіне қалсақ, тапқан табысымыздан гөрі шығарған шығынымыз артып кетіп жатады. Осы жағынан ойланып қарасақ, сақтанғаннан ұтылмаймыз. Медициналық ұйымдарда осының арқасында бәсекелестік артады. Себебі, ендігі уақытта әр адам қай ауруханаға баратынын өзі шешетін болады. Қай жердің сапасы жақсы болса, келушілер көбейетіні белгілі. Аталған жүйенің тағы бір артық­шылығы осында. Қор активтері тек мақсатты түрде жұмсалады. Себебі, бұл – коммерциялық емес, яғни табыс табуды көздемейтін ұйым. Қаржылық тұрақ­тылықты сақтап тұру үшін қажетті резервтер құрылып, оны Ұлттық банк бақылауына алатын болады.

Жадыра АҚҚАЙЫР

https://aikyn.kz/2017/02/16/4143.html

Просмотров: 1017 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]