Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



07:16
МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ДЕРБЕС ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ КҮШЕЙТЕДІ

Қазақстанда 1 шілдеден бастап енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңызы зор. Еліміздің барлық аймақтарында бағдарламаның негізгі қағидаларын ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобының мүшесі, «Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановты әңгімеге тартқан едік.

– Болатбек Бимендеұлы, елімізде МӘМС жүйесін енгізудегі басты мақсат пен оның негізгі себептерін қысқаша түсіндіріп өтсеңіз...
 – Негізгі мақсат – мемлекет пен жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы өзара жауапкершілікті, ықпалдастықты қалыптастыру. Бұл әлемдегі озық елдердің тәжірибесінде бар. Қазіргі таңда дүние жүзінде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың үш жүйесі бар десек, оның бірі мемлекеттік жүйе. Мәселен, Қазақстандағы әлеуметтік саланың, оның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселенің барлық ауыртпалығын мемлекет мойнына алып, қаржыландыру тек бюджет есебінен шешіліп келді. Ауырған жағдайда тегін медициналық көмекке жүгінеді. Демек, халық тарапынан да, жұмыс беруші тарапынан да ешқандай жауапкершілік болған жоқ. Екінші жүйе – сақтандыру компаниясы. Сақтандырудың жеке түріндегі жүйесі Америкада қолданылады. Қазіргі таңда Америкада 30 млн-ға жуық халықтың тегін көмек алу мәселесі күрделі жағдайда. Өйткені, сақтандыру полисін сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Осы қиындықтарды ескере отырып, көптеген елдер мемлекеттік сақтандыру жүйесін енгізіп, оған мемлекетті де, сақтандыру компанияларын да қатыстырған. Елімізде 2018 жылдан енгізілгелі отырған жүйе – осы.
 – Бұл жүйе халыққа не береді, қажеттілігі қанша?
– Біріншіден, денсаулық сақтау саласындағы қаржылай тұрақтандыруды қамтамасыз етеді. Сол арқылы халыққа медициналық көмектің барлық түрінің қолжетімділігі артады және түрлі тетіктерді пайдалана отырып, медициналық қызметтің сапасы көтеріледі. Осылайша, болашақта денсаулық сақтау саласының тиімділігі, нәтижелілігі артады. Екіншіден, әр адам қалтасынан өз денсаулығына төлем төлейтін болса, денсаулығына деген жауапкершілігі, мәдениеті жоғарылайды. Сондай-ақ жарна төлеуші емдеу орнынан сапалы қызмет көрсетуді талап етуге құқылы. Құқы болғаннан кейін медицина қызметкерлерінің де, медицина ұйымдарының да жауапкершілігі күшейеді әрі емдеу мекемелері арасында бәсекелестік пайда болады. Үшіншіден, қазір медицина бір орнында тұрған жоқ, жаңа инновация жолға қойылып, өте көп өзгерістер болып жатыр. Есесіне ондай жоғары мамандандырылған кардиохирургия, трансплантация, травматология салалары қомақты қаражатты қажет етеді. Әсіресе, зерттеу, диагноз қою аппараттары, дәрі-дәрмек, құралдар өте қымбат. Жаңа заманға сай ғимараттар керек. Мәселен, біздің орталық ғимаратының 65 пайызының тозығы жеткен. Оның бәрін салуға мемлекеттің жағдайы жоқ. Сондықтан осы жүйе арқылы бұл салаға қосымша қаражат тартып, материалдық-техникалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік туады.
– Жүйенің әлеуметтік сақтандыру атануы қандай да бір өзгеріс әкеледі ме?
– Әрине, бұл жерде әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету деген мәселе жатыр. Мәселен, бұл жолды әлемнің қаншама елі таңдап отыр. Себебі, олар әлеуеті жоғары адамдар есебінен әлеуметтік әділдікті шешуді көздейді. Ол біздің қоғамда да бар. Бізде де өте төменгі мөлшерде жалақы алатындар баршылық. Демек, әлеуеті жоғары азаматтардың жарнасы есебінен әлеуеті төмендерді, сау адам ауру адамды емдеуге мүмкіндік бермек.
– Қандай жағдайда бұл жүйенің жүзеге аспауына қауіп тууы ықтимал?
– Негізінен төлемдер уақытында түспей жатқан жағдайда. Бес жылдың ішінде үкімет өз мойнына алып отырған қазіргі он миллион адамның көлемі азаяды. Тегін көрсетілетін кепілдендірілген көмектің көлемі де кеми бастайды. Өйткені, уақыт өтіп, жүйе қалыпты жұмыс істеген сайын әлеуметтік маңызы бар науқастар МӘМС жүйесіне өте бастайды. Бұл жерде бақылау тетіктері жақсы ұйымдастырылуы қажет. Ол үшін қорда халықты емдеуге тиісті қаражат болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда халықтың дер кезінде медициналық көмек алуға мүмкіндігі болмай, сенімсіздік туады.
Әрине, 90-шы жылдардағы экономикалық ахуалды қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. Онда жалпы ел экономикасы да, медицина саласы да жаңашыл реформаны жүзеге асыруға толық дайын емес еді. Ең бастысы, төлемдер түспеді. Көптеген кәсіпорындар күрделі қаржылық қиыншылыққа, басым бөлігі банкротқа ұшырады. Оған да жиырма жылдай уақыт өтті. Бүгінгі жағдайымыз мүл¬дем басқаша. Бүгінде жүйенің тұрақты қызмет етуі¬не қатысты алғышарттар қалыптасқан. Барлық меди¬циналық мекемелердің мәртебесі белгіленді. Ақы¬лы көмек көрсететін, басқа да коммерциялық мәртебелер айқындалды. Әр аурудың өз тарифі, бағасы да белгіленіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Компьютерлік жүйеміз бар, ха-лықты емдеу мәселесі кімге үкімет төлейді, кімге жос¬парлы кепілдендірілген тегін көмек шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі, кімге жұмыс беруші төлейді, барлығы жүйеленді. Бұл көмекті бақылайтын Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қыз¬меттің сапасын бақылау және Медициналық қызмет ақысын төлеу комитеттері жұмысқа кірісуге дайын.
– Жеке меншік емдеу орындарын қатыстыру мәселесі де қарастырылып отыр. Бұл қалай жүзеге асады?
– Соңғы кезде елімізде жеке тұлғаларға медициналық мекемелерді жекешелендіру мәселесіне қатты көңіл бөлінуде. Өйткені, үкіметтің соншама мекемені ұстап тұруы қиын. Қазіргі медицина мекемелерінің тозу деңгейі – 75, құрал-жабдықтармен жарақтануы 45 пайызға тең. Оның бәрін жақсартуға үкіметтен 1 триллионға жуық теңге қажет. Әзірге, бұл мүмкін емес жағдай. Сондықтан жекешелендіруге берілетін, берілмейтін нысандарды белгілеуде мұқияттылық қажет. Оның өз талаптары болады. Мәселен, жеке тұлғаға берілген жағдайда жалпы белгіленген профильді сақтауға міндетті. Өйткені, халық ертең одан жапа шекпеуі тиіс. Әр аурудың өз коэффициенті бар, соған қарай ақша төленеді. Ертең кәсіпкер «маған мына ауруды емдеу тиімсіз. Беріп жатқан қаражаттарың шығынды өтемейді, болмаса тиісті тарифті көбейтіңдер» деуі мүмкін. Сонда ол ауру қайда барады? Осындай жағдайлар алдымыздан шықпас үшін жекешелендіруге бақылауды күшейту керек.
 – Көпшілікті ауруханаға жатып емделудің тәртібі қызықтырады. Порталдық жүйе сақтала ма?
– Иә, порталдық жүйе қалады. Бұл дүние жүзінде бар тәжірибе. Қай мемлекетте де жоспарлы көмек алуда кезек болады. Өйткені, порталсыз науқастарды реттеп жатқызу мүмкін емес. Бір ұтымдысы, адам өз кезегін тізімнен көріп, келеңсіз фактілер кездессе арызданып, тексерте алады. Мәселен, біздің орталықтың мүмкіндігі жылына 3,5 мың адам. Ал қажеттілік 5-7 мыңға жетсе ше? Мұндай жағдайда кезек күтуге тура келеді. Болмаса басқа емдеу мекемелеріндегі стационарлық көмектің деңгейін көтеруге, сондай-ақ облыс орталықтарында жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге жағдай жасау керек. Ал негізгісі әрі бастысы, емханалық-амбулаториялық жағдайда медициналық қызмет көрсетуді жолға қою керек. Қазір емханаларға үлкен көңіл бөлінуде, бірақ ондағы қызмет түрі өз деңгейінде болмағандықтан, халықтың сенімділігі төмендеу. Өйткені, емхана жағдайында дәрігерлер жетіспеушілігі орын алған. Бар дәрігерлерге жүктеме көп. Мәселен, шетелде жалпы тәжірибелік дәрігерге бір жарым пациенттен келсе, бізде үш мыңнан асады. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтауға мүмкіндік төмен. Содан да шығар, халық бірден стационарда жатып емделуге өте ықыласты. Енді келесі жылдан енгізілетін МӘМС жағдайында осы жүйені жүйелі жолға қою – емханаларға мамандар тарту, сонымен қатар емханалық көмекті мүмкіндігінше науқастарға жақындату, стационарлық көмекті үй жағдайында алуды ұйымдастыру мәселесіне басты көңіл бөліну көзделген. Егер осының бәрі ескеріліп, емханалық-амбулаториялық қызмет өз деңгейінде қалыпты жұмыс істейтін болса, онда халықтың 50 пайызға жуығына стационарға бармай-ақ емделуге мүмкіндік тумақ.


 

Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

http://syrboyi.kz/suhbat/13148-medicinaly-satandyru-derbes-zhauapkershlkt-ksheyted.html

Просмотров: 995 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]