Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:20
ҰЛТ САУЛЫҒЫ – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ


 
Қазіргі кезде дүниеге дені сау бала әкелу басты мақсат. Осы орайда күні-түні аянбай еңбек етіп жүрген облыстық «Ана мен бала» орталығының қызметкерлеріне артылар жауапкершілік жоғары. Соңғы кезде денсаулық сақтау саласы ілгері дамып келеді. Осыған байланысты аталған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында облыстық «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері Гүлнар Жұмашевамен сұқбаттасқан едік.

– Гүлнар Хамзақызы, өзіңіз басшылық жасап отырған «Ана мен бала» орталығының акушерлік, гинекология және перинатология орталығының мүмкіндігі қандай?

– Қазірде 350 орынға арналған Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы аналарға стационарлы медициналық көмек көрсетіп, жүкті, босанған әйелдерге және жаңа туылған нәрестелерге көмек көрсететін III-деңгейлі мекеме болып саналады. Орталықта 660 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 123-і әр түрлі саладағы мамандар. Орталықта өткен жылдың сәуір айында генетикалық бөлім ашылып, бүгінде жемісті жұмыс істеуде. Мұнда цитогенетик және сарапшы мамандар бар. Олар жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар арқылы өңірдегі жүкті әйелдерге перинаталды скрининг, биохимиялық, цитогенетикалық тексерулер жүргізеді.

– Орталық жанынан босанғаннан кейінгі оңалту орталығы жұмыс істейді. Оңалту орталығының тыныс-тіршілігі қандай? Жыл көлемінде қанша пациентке қызмет көрсетілді?

– Орталықта ағымдағы жылдың басында ашылған босанудан кейінгі оңалту бөлімі де емдеу ұйымының жұмысын жандандырды. Мұндай бөлім республика бойынша біздің өңірде алғаш болып ашылды. 30 төсектік оңалту бөліміне жергілікті бюджеттен 37 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл бөлімде босанғаннан кейін ауыр жағдайдағылар және анықталған ауруларына байланысты аналарға медициналық көмек көрсетіледі. Орталықта өткен жылы 657 науқас емделіп, ауыр жағдайда келген босанушыларға босанғаннан кейін оңалып, отбасына нәрестесімен бірге оралды. Дені сау ұрпақты қалыптастыруда орталықтың берері мол.

– Жүктілік және босандыру қызметінде біріктірілген модельді енгізудің тиімділігі қандай?

– «Денсаулық» мемлекеттік бағдарлама аясында жүктілік және босандыру қызметінің біріктірілген моделі енгізілді. Онда жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің үш деңгейлі біріктірілген моделі түзілді. Атап айтар болсақ, жүкті әйелдерді ерте ке¬зеңде есепке алу, ана мен бала қауіпсіздігі үшін жеке босану бөлмелері ұйымдастырылды. Онда жүкті әйел серіктестік әдіспен босанады. Сондай-ақ жаңа туылған сәбиді күтуде «жылылық тізбегін сақтау» үшін туа салысымен сәбиді анасының немесе әкесінің кеудесіне жатқызылып «кенгуру әдісі» қолданылуда.

– Биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтан¬дыру (МӘМС) енгізілді. Оның халық үшін пайдасы қандай?

– Бұл жүйе Елбасының тапсырмасы бойынша «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамының» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көруде. Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы тың жүйе деп қарастыруға болатын медициналық сақтандырудың келешегі кемел деуге толық негіз бар. Осы арқылы болашақта сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артып, халық мұқтаждығына жауап бере алатындай денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып, денсаулықты жақсарту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту секілді мәселелер өз шешімін таппақ. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәсе¬леде қарапайым халыққа көптеген жағ¬дай-ларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.

– Аймағымызда қанша бала босандыру мекемесі қызмет көрсетеді. Ол мекемелерде неше акушер-гинеколог жұмыс істейді?

– Облыс бойынша 7 ауданда аудандық орталық ауруханаларда бала босану бөлімдері бар. 3 ауданда ІІ деңгейде жұмыс жасауда. Ең ауыр науқастарды және шала туылған нәрестелер біздің орталыққа жеткізіледі. Облыста 140 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Өткен жылы облыста 18600 бала дүние есігін ашса, оның 11140-і облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген.

– Ана мен бала өлімі туралы да жиі айтылып жатады. Сіз осы саланың маманы ретінде қандай кеңес берер едіңіз. Осы мәселенің негізгі себептеріне тоқталып өтсеңіз?

– Ана мен бала өлімін болдырмау үшін Үкімет, әкімшілік, медициналық мекемелер тарапынан біршама шаралар жасалуда. Басты себеп – ол ананың денсаулығы. Республикада денсаулық индексі 30 болса, біздің облысымызда 7-10, ол дегеніміз 100 босанушыдан бар болғаны 7-10 әйелдің денсаулығы жақсы, ешқандай қосымша науқасы жоқ. Қалғанында жүктіліктен тыс кездесетін қан аздық, бүйрек ауруы, жоғары қан қысымы, диабет, жүрек аурулары, т.б. түрлі аурулар кездеседі. Оның бәрі нәрестеге кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір жас отбасы жүктілік кезінде денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарап, денсаулығын сауықтыру керек.

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
«Ақмешіт жастары»
 

Просмотров: 1009 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]