Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:32
ХИДЖАМА: ЖАУАПКЕРШІЛІК КІМГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ?

Кемпір-шал деп тілімізді түйрейміз-ау, бірақ басты жаңалық атау­лының барлығын осы кісілер арқылы біліп отыратынымыз рас. Жиын-тойы тарқамайтын үлкен кісілеріміз барған жерінде адам денесінен қан алдыру арқылы ем жасау, яғни хиджама туралы естіп, біліп келеді­. Онысын алты жаннан тұратын отбасына айтса, одан әрі отыз алты адам емнің осы түрінің кең таралып жатқанынан хабардар болады деген сөз. Ауыздан-ауызға  жеткен  әңгімелер мені бейжай қалдырмады. Профилактикалық ем түрін­де қолданудан басталатын хиджама егде тартқанда жаның­а бататын аурулардың алдын алу болып саналады. Әрине, денсаулығыңыз туралы барлық ақпаратқа қанығып, санитарлық ережелерді ұстанып жасаған жағдайда. Ал қазіргі кезде хиджама жасау­мен айналысатын мамандардың жарнамасынан көз сүрінеді. Әлеуметтік желіні бір ақтарсаңыз, толыққанды мәліметке қанық боласыз. Ауруынан айығып, алғысын  жаудырып  жатқандар одан да көп. Десек те дәстүрлі емес медициналық емнің қаншалықты пайдалы немесе зиян екенін білу үшін арнайы мамандарды іздедік.
Әдеттегідей сурет пен жарнаманың «отаны» сана­латын «Инстаграмм» әлеуметтік желісін парақтадық. Қызылорда өңіріндегі хиджама жасаушыларды іздеген біз үшін «Мой доктор» клиникасының жарнамасы «жарып тұр». Желінің төменгі тұсына түсе берсеңіз, жеке тұлғалардың  үйіңізге  келіп, хиджама  жасап  беретін  жарнамалары  жиі орналасқан.

ҚАН   САРАПТАМАСЫ МІНДЕТТІ...
Қала орталығындағы «Мой доктор» клиникасы. Есігі айқара ашық. Кіреберіс ауызда  пациенттердің  сырт­қа киетін аяқкиімдері мен бөлмеге кірердегі арнайы аяқкиімдері. Тыныштық. Сірә, жан мен тән тыныштығы орнағ­ан сияқты. Өйт­кені артық  ауыз шу жоқ. Бұл акус­тиканы менің есік қақ­қан қолым бұзды. Есіктің сыртындағы жазуға қарадым. «Ерлерге хиджама жасау бөлмесі». Айналама қараймын, адам жоқ. Амалсыздан, есікті аштым да, саулық сұрадым. Бір азамат алғысын ай­тып­ шығып бара жатыр. Осы емді қабылдаған болуы керек. Оны сұрап үлгермедім. Кабинеттегі админстратор қыз жылы қабылдады. Хиджама қабылдаудың мән-маңызын  білуге  барған маған  маман барлығын ашып түсін­дірді.

Сәкен  ӘБІЛДАЕВ,
«Мой  доктор»
клиникасының  дәрі­гері:
- Орталыққа хиджама жасау үшін келетін әр па­циенттің өміріне, денсаулы­ғына бейжай қарамаймыз. Мін­детті түрде емханада тапсырған медициналық  жалпы қан сараптамасы қорытындылары болуы керек. Егер осы орталықтан тап­сы­рамын десе, оған да жағдай жасалған. Емдеу курсын­  алу үшін арнайы ва­куумды банканың бір қорабын 3000 теңгеге сатып алып, әрі қарай емін жалғастыра береді. Бір курс емнің бағасы бес мың теңгеден басталады. Ал ем кезіндегі құрал-жабдықтардың   тазалығына  баса  мән береміз. Нау­қасқа хиджама жасалып бол­ған соң бөлме дезинфекц­ияла­нып, кварц шамы қо­сылады. Пациенттер көбіне қалыпсыз қан қы­сымы, жүрек ауруы, остео­хон­дроз, буын аурулары, жүйке жүйесінің аурулары, варикоз, өкпе, тері және сал аурулары секілді әртүрлі ауру түрлеріне ем іздеп келеді. Ал зиян­ды жағына келсек, әзірге ешбір емделуші шағым жасаған жоқ. Хиджама жасаған соң емделу­шіні міндетті түрде бақы­лауға аламыз. Ал науқастан алынған ұйыған қан құйылған  құтылар дезинфекцияланып, жоюға жіберіледі. Соңғы кезде үй жағдайында қызмет етушілер пайда болды. Оларда мұндай ереже қалай сақталып жатқанын айту қиын. Адам өмірінің маңызды шарасы ре­тінде хиджаманы жасатқан жағдайда арнайы орталы­қ маманд­арына  жүгінген дұрыс деп  есептеймін.
Клиникаға келген пациент­тердің өміріне немқұрайды қарамайтын мамандардың пікірінше, әр науқас өз ден­саулығына осы бастан мән беріп, қарттықтың  салдарынан туындайтын  түрлі  аурулардың алдын  алуы  керек.

ҚАН   САРАПТАМАСЫ МІНДЕТТІ   ЕМЕС...
Хиджама – тек емдеудің түрі ғана емес, ағзаны тазарту, аурудың алдын алып, оның салдар­ымен күресудің тиімді әрі дінде рұқсат етілген түрі. Рас, дінде рұқсат етілген. Тіпті бұрын дін қызметкері болған кей имамдар хиджама жасаумен айналысып кеткен. Мәселе онда емес, жұмыстың қай түрі болмасын, адалынан келген нәпақа болса, еш әбестігі жоқ. Тек намазға жығылған жандардың арасында соңғы кездері осы еммен айналысып, тіпті үй жағдайында қабылдап, үйіңізге де барып емдейтін маман­дар көбейіп кетті. Мұн­дай жағдайда медициналық талап­тардың сақталуына қандай кепілдік бар? Емделушінің жағдайы  күрт  нашарлап не­ме­с­е есінен танып қалса, ары қарайғы  жағдай  не  болмақ?!
- Хиджама жасаумен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды. Үйде арнайы жабдық­талған бөлме бар. Барлығы талапқ­а сай. Сондай-ақ, үйге шақырту бойынша да жұмыс істейміз. Ол кезде де барлық құрал-жабдық өз тарапымнан. Емделушінің төсек жабындысы ғана  өзінен  болуы керек. Хиджама жасалған науқастың жағдайын одан кейін де үш күн бақыл­ауда ұстаймын. Алынған қанның түріне қарап, процесті қайтадан қабылдау қажетті­гін немесе қажет еместігін айта­мын. Осы уақытқа дейінгі тәжірибемде ауыр жағдайға тап келген клиент  болған емес,- дейді үйге шақырту бойынша хиджама  жасаушы  Жұлдыз.
Арнайы медициналық ор­талықтағы мамандар үшін емделушінің соңғы қан сараптамасы қорытындысы міндетті түрде қажет болса, үйге барып қызмет жасайтын Жұлдыз үшін оның түкке де қажеті жоқ. Егер ол пациенттің қан құрамы «қиындау», гемоглoбині аз болса­  ше?..
- Маған ешқандай медици­налық қорытынды анализ керек емес. Өйткені ол гемоглoбинге қарамайды. Алынатын қан – ет пен терінің арасындағы «жарамсыз» қан, ал тамырдағы қан мүлдем басқа. Кейде көбік, сарысу күйінде лимфадағы артық қандар шығады. Оның алынғанын тіпті сезбей де қаласыз. Бас бөлігіне  жасағанда шашты қырмай ала береміз. Көзі көр­мейтін, құлағының шуы бар кісі­лер жасатса, осы кедергілерден арылады. Бір айта кетерлігі, алмаспен тілсек те, тыртық қалдырмаймыз, - деді Жұлдыз.

ШАРИҒАТ   НЕ   ДЕЙДІ?
Жалпы, хиджама сөзі қан алдыру деген мағынаны білді­реді. Бұл ежелде емдеудің ең тиімді жолы саналған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) де қан алдырып отырғаны жайындағы хади­стер – нақты дәлелдің көзі. Ата-бабаларымыз оған сырқаттың көп түріне ем екенін біліп, яки қан қысымы, бас ауруы, қан қоюлануы мен рухани кеселдердің алдын алу үшін жүгінген. Қазіргі хиджама мамандары вакуумды бан­калар арқылы жұмыс істесе, бұрынғылар шертпе, мүйізді үшкірлеп, сонымен тіліп қан шығарған. Залалсыздандыру жағдайы да әртүрлі екенін осыда­н-ақ  аңғара  беріңіз.
Ал қызметтің бұл түрімен айналысып жүрген мамандар мен хиджама туралы дін қызметкерлері не дейді?

Жеңіс САДЫҚОВ,
«Құддыс  Ишан»
мешітінің   имамы:
- Хиджама әдісімен кезінде Пайғамбар (с.ғ.с.) да емделген. Сондықтан ежелден келе жатқан қауіпсіз, табиғи ем десе де болады. Хиджамаға қатысты бірнеше хадис те бар. Соның бірінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай­ дейді: «Егер де сіздерден біреулеріңіздің қаны тасыса, одан қан алу қажет. Қан та­сыған жағдайда адам өліп те кетуі мүмкін». Яғни, бұл жерде «қанның тасуы» сөзін қан қысымының көте­рілуі деп түсінген жөн. Дін жолында жүрген бауыр­лары­мыз­дың хиджама жасаум­ен айналысуына еш қарсылы­ғым жоқ. Тек арнайы оқып, тиісті құжатын алып, сауатты әрі таза жұмыс істесе болды. Өйткені білмеген адам бір нәрсені  бүлдіретіні  анық.


Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
қалалық  «Айтбай»  мешітінің наиб  имамы,  дінтанушы:
- Дінімізде «хиджама» сөзі денедегі артық қанды алдыру арқылы  емдеу  дегенді  білдіреді. «Хиджама» сөзі мұсылман үшін еш таңсық емес. Бір сөз­бен айтқанда, Пайғамбар (с.ғ.с.) медицинасы деп те кең таралған. Оның артықшылығы жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқан хадисі бар: «Шипа үш нәрседе: бал ішуде, хиджама жасату (қан алдыру) және отпен күйдіру. Алайда үмме­тімді күйдіруден тыямын». Енді бір хадисте: «Расында емделген нәрселеріңнің ең абзал­ы – хиджама немесе ол емдеріңнің ең жақсысы», - деген.­
Демек, хиджама жасату – дінімізге қайшы дүние емес. Тіпті ежелгі қытайлықтар, вавилондықтар және мысырлықтар да қан алдыру арқыл­ы дерттеріне ем іздеген. Медициналық тұрғыдан алып қарағанда көптеген дерттің алдын алуға көмегі тиюмен қатар, сырқат  жанның  дерті­не­ шипа табуына жол ашып жата­ды. Дегенмен ескеретін жайт, хиджама­ны арнайы оқыған, белгілі бір тәжірибесі бар ме­диц­ина мамандарына жасат­қан жөн. Егер оны жасау­ жолдарын дұрыс біл­мейтін кісі ке­рісінше адам ден­саулы­ғына зиян келтіріп алуы  әбден  мүмкін. Сондықтан білікті  де  тәжірибелі  маман­ға жүгінген  әлде­қайда  абзал.

ПАЙДАСЫ   мен ЗИЯНЫ  ҚАНДАЙ?
Бойындағы «харам» қаннан арылып, арқасының құрысып, шекесінің тырысуынан құтылғандар да бар екен. Бұған дейін медицинаның еміне көнбеген аурудың бұл түрінің атын емделу­шінің өзі де білмейді.

Шолпан  СЕЙДАХМЕТОВА,
қала  тұрғыны:
- Таңертең ұйқыдан тұр­ғанда сергек оянғаныммен, түс­тен кейін маңдайым тырысып, шекем солқылдап ауыратын. Үнемі. Бірде үйге атама хиджама жасайтын келіншек келді. Мен де ауруымды айта қойдым. Ол да ұсынысын жеткізіп, сол мезетте жасап көруді ұсынды. Шекемнің тырысқанынан көңіл күйімнің бұзылатынын көріп жүрген үйдегілер де қарсы болмады. Содан маңдайыма хид­жама жасаттым. Содан бері шүкір, шекем солқылдап, маңдайым тырысқан емес.
Дәл осы үй жағдайына шақырып, хиджама жасатушының бірі қан алдырудың шипасын көрмеген.

Дәмелі  АЙТПЕНОВА,
пациент:
- Көңіл күйім бұзылып, қан қысымым көтеріліп, денемде бір жайсыздық пайда болды. Сонан қатарластарым хиджама жасату­ арқылы бел ауруынан айығып, қан қысымынан құтылғанын айтты. Мен де соған бел байладым. Үйге шақырттым. Тазалық, өз ісіне мұқияттылық қала болсын, ауыл болсын, талапқа сай болу керек. Ал маған келген хиджамашы қолына медициналық қолғап та әкелмеген. Қолында мақта да, спирт те жоқ. Мен өзім зейнеттегі дәрігер болған соң үйге жедел қажет жабдықтарды алып қоямын. Әлгі маманға сол қобдиша қорымдағы бар затымды беріп, «көпреттік» деп әкелген банкасын стерилизациядан өткізіп, қолдануға рұқсат бердім. Әйтпегенде оның ісінің шалалығы көрініп тұрды. Жасаттым, бірақ баз баяғы қалпыма қайта түстім. Бәлкім, менің тым талапшылдығымнан ісін жөнді атқара алмаған шығар.

ДЕРТ   ЖҰҚТЫРУ ҚАУІПТІЛІГІ   ЖОҒАРЫ
Хиджамада терінің жоғарғы жағындағы белгілі бір нүктелерді тілу арқылы қан шығарылады. Қан алу үшін қазіргі заманауи құралдарды пайдаланған дұрыс. Ауру бір науқастан екіншісіне жұқпау үшін әрбір емделушіге жеке құрал-жабдықтар қарастырылуы тиіс. Хиджама жасалғанға дейін және кейін барлық құралдар тазаланып, дезинфекциялануы шарт. Әрбір ем қабылдаушы үшін бұрын қолданылмаған жаңа құралдарды пайдалану маңызды.

Сәбит  ПАЗЫЛОВ,
Қызылорда облыстық
медицина орталығының  директоры:
- Қан алу процесі – ойын емес. Ең бастысы, тазалық талапт­ары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Адам қанын босату – кез келген кісі үйреніп алып жаса­й беретін массаж емес. Қан қандай жағдайда алынып жатыр­? Хирур­гияда стерильді материалдар  қолдануы шарт. Сол талап сақталып жатыр ма? Сақталмаса, ағзада  кіш­кене жарақат болса, инфекция түсуі мүмкін. Басқа бір аурулар  жұқтыруы ықтимал. Банканы бір рет ғана пайдала­ну керек. Бірақ ол солай жасалынып жатыр ма, бәлкім бір ауру адамның пайдаланған банкасы болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау саласының мамандары не медициналық ұйымдарда, не қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде есепте жоқ емдеудің бұл түріне осылайша түбегейлі қарсы. Оған себеп, адам анатомиясы – зерттеуді қажет ететін сала.

КІМГЕ   СЕНІП, ҚАНДАЙ МАМАНҒА   ЖҮГІНЕСІЗ?
Дәстүрлі емес медициналық қызметтің түріне жататын қан алу әдісі денсаулық сақтау саласының да, тіпті қо­ғамдық денсаулық сақтау департаментінің де бақыл­а­уында жоқ. Денсаулық сақтау министр­лігінің  құзыретіне  тек  дәстүр­лі медициналық мекемелерді тексеру ғана кіреді екен. Ал ҚР Үкіме­ті­нің 2005 жылғы 30 желтоқсандағы №1325 қау­лысына негізделген ҚР Лицензиялау туралы Заң жо­басының «Денсаулық сақтау саласындағы қызметті лицен­зиялау» деп аталатын 26-бабының 47-бөлі­гінде дәстүрлі емес медициналық қызмет түр­лері көрсетілген. Оның ішін­де халықтық медицина (емшілік), гомеопатия, гирудотерапия, қолмен емдеу, рефлекс ар­қылы емдеу,­ шөп­тер­мен және табиғ­и құралдармен емдеу сатылары бар. Ал хиджама тізімде де жоқ. Ал қан алумен айналысатын ма­мандардың жеке лицензиялары мен сертификаттары  бар.
Кімге сеніп, қандай маманға жүгіне­сіз, ол – сіздің құқы­ғыңыз. Хиджама әдісі­мен емделу жа­йында сала мамандары мен медицина саласы қызметкерлерінің пікірін  бір  арнаға тоғыс­тыру мүмкін болмады. Пациенттердің де жасаған пайы­мы бө­лек. Жан саулы­ғы­ңызды дәрі-дәр­мек­сіз жақсартқыңыз келген жағдайдың өзінде сенімді ма­манға қаралғаныңыз әлдеқайда пайдалы.
Еңкейіп барып еңсесін тіктеген ежел­гі ем тәсілі бү­гін­де қан алу биз­несіне  айнал­ып  бара жат­қан  жоқ  па?
Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8521:2018-02-01-05-39-22&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6

Просмотров: 682 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]