Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:36
ІШ АУРУЫ НЕГЕ ЖИІЛЕП БАРАДЫ?

Ауданда соңғы уақытта балалардың іш ауруы жиілеп барады. Мәселен, соңғы мәлімет бойынша сәуір айының өзінде ауруханаға түскен 29 баланың 16-сы бір жасқа дейінгі нәресте болса, 12-сі 5 жасқа толмаған балғын. Бұл ауру неден болады? Алдын алу үшін қандай шаралар қолдану керек? Осы және өзге де мәселелерді талдап көрмекпіз. Жалпы, диарея – балада су аралас сұйық нәжісінің болуы. Сұйық нәжіспен бірге, ауырған бала өз ағзасындағы керекті су, тұз және көптеген пайдалы заттарды жоғалтады да, ауруы онан сайын асқына түседі. Баланың іш өтуімен бірге құсық пайда болады. Осының салдарынан науқастың денесі дел-сал болып, жағдайы нашарлайды. Осы өзгеріс медицина тілінде «дегидратация», яғни, «сусыздану» деп аталады. Бала ағзасының сусыздануы әртүрлі болады. Ауыр, орташа және жеңіл. Сусыздану дертін дер кезінде емдемесе, бала одан әрі әлсіреп, басқа да жұқпалы ауруларға қарсы тұратын күшін жоғалтады. Дерт дендеп кетеді. Баланың аузы кеберсіп, көңіл-күйі түсіп, мазасыздана жылап, көздері шүңірейіп тұрса бұл сусызданудың бір белгісі. Ал, емшектегі нәрестенің ағзасы сусызданғанын маңдай еңбегінің төмен түсіп кеткенінен білуге болады. Оның дем алысы тереңдеп, жиілей түседі. Ағза сусыздануының негізгі белгілері білінісімен, оған қарсы емдік шараларын бірден жүргізген абзал. Мұндайда дереу жедел жәрдемге қоңырау шалыңыз. Олар балаға «регидрон» препаратын беруі мүмкін. Бұл ағзадағы сусыздану процесін тез тежейтін дәрі. Балаға үй жағдайында мынадай көмек көрсетіле алады. Ерітінді дайындайтын ұнтақ болмаған жағдайда, тұзды-глюкозалы ерітіндіні қолдан жасап алуға да болады. Бұл үшін таза жуылған 200 мл. стақанға қайнаған су құйып, дәлірек айтсақ, сұқ саусақпен басбармақтың шымшымындай тұзды соған салады, әбден араластырады. Тұз еріді-ау дегенде дәмін татып көреді, су дәмі көздің жасынан сәл ғана болуы тиіс. Егер ащы болса, оны төгіңкіреп, үстіне тағы да қайнаған су құяды. Дәмінің дәлдігі көңілге қонымды болса, енді сол тұзды суға бір шәй қасық қант салып, тағы араластырады. Осылайша дайындалған ерітіндіні ауру балаға шәй қасықпен ішкізіп отыру керек. Сондай-ақ, бала емізіп жүрген ананың ас мәзірі өте қатаң бақылауда болуы тиіс. Бірақ, мұны барлық ана елей бермейді. Алайда дәрігерлер, бала емізетін ананың барлық аллергенді тамақтарды мүмкіндігінше қолданбауға кеңес береді. Олардың қатарына қызыл және қызғылт сары жемістер мен көкөністер кіреді. Атап айтар болсақ, сәбіз, қызыл алма, апельсин, мандарин секілді жемістерден аулақ болыңыз. Сондай-ақ көкөністердің бірнеше түрін қолдануға болмайды. Бала емізіп жүрген ананың ас мәзірінде ақ қырыққабатқа, қиярға, қызанаққа орын жоқ. Себебі қырыққабат ішті кептіреді, ал қияр баланың дәретін бұзады. Егер балада диарея болса, медқызметкерлердің көмегіне міндетті түрде жүгінуі тиіс. Медицина қызметкерлері науқастарды әсіресе, бір жасқа дейінгі балаларды сусызданудың жеңіл түрінде анықтау үшін үй аралау жұмыстарына аса қатты көңіл бөліп, анасына қажетті нұсқамалар беріп және оның орындалуын үнемі қадағалап отыру қажет. Жаз маусымы басталғаннан соң іш аурумен, яғни диарея диагнозымен жұқпалы аурулар бөлімшесіне түсетін балалардың басым көпшілігі емшектегі сәбилер. Әдетте кейбір аналар нәрестенің іші өтіп ауырса, тісі жарып жатыр деп ойлап көп мән бере қоймайды. Тәуіпке түкіртіп, дем салдыртады. Медициналық тұрғыдан алғанда, ол әрекеттердің ағзаға ешқандай әсері жоқ. Қайта уақыт өтіп, баланың жағдайы нашарлап, ағзаның сусыздану процесі күшейе түседі. Ал оның соңы асқынуларға соқтырады. Кейбір балаларды түрлі «оқытулардан» соң ауыр халде ауруханаға жеткізеді. Бірақ, ондай кезде сәбидің өмірін сақтап қалу екіталай. Қорыта айтқанда, аудан бойынша 2017 жылдың төрт айында жедел ішек ауруларының 37 жағдайы тіркеуге алынса, аурушаңдық көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 30,7-ні құрады. Соның 73 пайызы яғни, 29 науқас сәуір айында тіркелді, аурушаңдық көрсеткіш – 22,2. Науқастардың 55,5 пайызы бір жасқа дейінгі сәбилер. 2016 жылдың осы мерзімінде 18 науқас тіркелсе, оның 8-і бір жасқа дейінгі сәбилер, аурушаңдық көрсеткіш 14,9 құрап отыр. Демек, көрсеткіш күн санап артып келеді. Осындайда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылды ұмытпаған жөн.

Асқан ОТАРБЕКОВ,

дәрігер-эпидемиолог.

Сурет medcenter-zhezkazgan.kz сайтынан алынды

http://zhanaqorgan-tynysy.kz/wp-content/uploads/2017/05/gazet-6-mamyr.pdf

Просмотров: 1303 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]