Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:23
Инсульт орталығы оңалтады

Дәрігерлерді жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен зардап шегетіндердің қатары жылдан-жылға өсіп жатқаны алаңдатуда. Дерекке жүгінсек, аурудың осы түріне шалдыққандар бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иеленеді екен. Аталған аурулардың салдарынан еңбек қабілетін жоғалтушылар саны күрт өскен. Соған орай, соңғы жылдары мәселені шешудің жолдарын қарастырған Үкімет «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты тармағын қан айналымының бұзылуынан болатын аурулардың алдын алуға арнады. Осы бағытта өткен жылы республикада 16 инсульт орталығы ашылған.

Соңғы жылдары біздің өңі­рімізде қан қысымының жо­ғарылығы, жүрек-қан тамыры аурулары тұрғындар арасында жиі жолығып жүргені көпке мәлім. Облыстық сала басшылары, ел ағалары осы жағдайды ескере келе, биылғы жылы темір­жол ауруханасының жанынан нейроинсульт бөлім­шесін ашуды ұйғарған болатын.  Осынау жағымды жаңалық баршаны елең еткізді. Бұрын осы дертпен сырқат­танғандарды шалғайдағы облыс­ орталығына апаратын болсақ, енді аудан дәрігерле­рі­нің көмегіне жүгіне алатындығымыз қуанышты жайт. Осы тұрғыда атқарылған шаруа, аудан көлемінде қан қысымы жоғары науқастарды емдеу бары­сы туралы нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Дастан Аманбаймен сөйлесуді жөн санағ­ан  едік.

- Бөлімшенің ашылғанына көп уақыт өтпегенімен, жұмыс жүйелі де сапалы жүріп жатыр деп толық айтуға болады. Оған қоса облыс аудандарының ішіндегі жалғыз нейроинсульт орталығы әзірге тек Қазалы ауданында ғана орналасқан. Нақты кезеңде аудан тұрғын­дарынан бөлек, Арал, Қармақшыдан  да көптеген науқас келіп ем алуда. Жыл басынан бері 9 айдың ішінде 220 науқас түсіп, оңалып шықты. Алдымен  ауруханаға келген науқас­қа компьютерлік томография жасалып, нақты диагноз қойылғаннан кейін жансақтау бө­ліміне жіберіледі. Жағдайы жақсарған соң жалпы бөлімге шығарылып, емін алады. Емдеу ұзақтығы науқастың жағдайына байланысты он күннен жиырма тәулікке дейін со­зылуы мүмкін. Егер науқас  толық  айығып кетсе, үйіне, ал әлі де емді қа­жет ететін болса, қайта қалпына келтіру бөліміне жібереміз. Медициналық көмектің барлығы  тегін  жүргізіледі. Ескере­тін жайт, тромблизис әдісі бойынша науқасты толық айық­тырып жіберуге мүмкін­дік бар. Ол үшін азамат ауыр­ғаннан бастап үш сағаттың ішінде  орталыққа келіп болуы тиіс. Тілі күрмеліп, қан қысымы  көтеріле  бастағанын  сезсе­, дереу жедел жәрдем көлігін шақыртып, орталыққа келуі керек. Олай дейтінім, алғашқы үш сағатта тромболизис әдісі арқылы, яғни арнайы дәрі жіберіп, ми қан тамырындағы тромбты ерітіп жіберуге болады. Бұл дегеніміз қан тамырларында ұйып, түйіршіктелген қанды ерітіп, науқастың жағдайын бұрынғы қалпына кел­тіру дегенді білдіреді. Осы уақытта  жүргізілген  емдеу әдісі  ғана  өз  нәтижесін бере­ді.  Ал науқас кешігіп келсе, ми қан тамырларында қалпына келмейтін өзгерістер туындап, аталған әдісті қолдану тиімсіз болуы ықтимал. Аурудың алғаш­қы  белгісі білінген сәт­тен дер кезінде бізге келіп көрінген (тілі күрметіліп, аяқ-қолының  қозғалысы  нашарлай бастаған) бес науқасқа жоғар­ыда айтылған тромболизис жасалды. Соның нәтиже­сінде бес науқас та сауығып шығып, отбасына қауышты, - дейді білікті дәрігер Дастан Аманбай.

Тағы білгеніміз, осы бөлім­шеде 6 науқастың басына сәтті операция жасалыныпты. Осылайша олардың миында ұйып қалған қан алынып, аман қа­лыпты. Өте қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, бөлім­шеге қарасты науқасты қалпына келтіру кабинетінде 75 адам ем алған. Сүйсінерлігі, мұн­дағы дене шынықтыру бөлмесі соңғы үлгідегі спорт құрылғыларымен жасақталынған екен.

Аурухананың  нейро­ин­сульт бөлімшесінде емделуші Ай­сұлу Сыдық есімді әжеймен тілдестік.

- Менің басыма қан қысымымның көтерілуіне байла­нысты осы жерде ота жасалынды. Шүкір, қазір сауығып келе­мін. Жағдайым да біршама жақсарып қалды. Емдеуші дәрігерлер менің жай-күйімді келіп қадағалап тұрады. Дәрі-дәрмектерді уақытылы аламын. Дәрігерлер мен мейір­бикелерге аналық алғысым шексіз, – деген лебізін жет­кізді.

Оқырмандарымызға түсі­нікті болуы үшін «Инсульт дегені­міз не? Оған адамдар қалай ұшырайды?» деген сұрақтарға  жауап  іздеген  едік. Көпшіліктің  көкейінде  жүр­ген бұл сұрақтарға дәрігер Дастан­  Аманбай:

- Инсульт тез пайда болады, алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығын күтіп, жиі қан қысымынөлшеткендері жөн. Адамдардың жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруымен ауыратындар саны ұлғайып кетті. Бұған қоса адамдардың көпшілігі спортпен шұғылданбайды, дұрыс тамақтанбайды. Соңғы жылдары сыраға құмарлардың қатары көбейіп кетті. Ал сыра семіздікке душар етеді. Бауырды зақымдап, бүйрек пен қуыққа кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде адамға салмақ қосып, қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Сөйтіп, инсульттің қаупін күшейтеді. Қозғалыстың аздығы мен құнарсыз тамақ – барлық аурудың бастамасы. Қазір тұрғындардың көпшілігі жартылай дайын тағамдарды пайдала­нады. Аурудың астан екенін ескер­сек, газдалған сусындар мен түрлі қуырылған қытырлақтардың денсаулыққа тигізер зияны болмаса, пайдасы жоқ. Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады, – деп жауап қайтарды.

Сонымен қатар теміржол ауруханасында еліміз бойынша барша аудандардың ішінде компьютерлік томографияның тек Қазалыда бар екенін атап кету ләзім. Аталмыш кабинет меңгерушісі 35 жылдан бері денсаулық саласында тынымсыз тер төгіп келе жатқан Ербол­ат  Дәрібай  есімді тәжірибелі  дәрігер.

- Ауруханаға түскен науқасты жедел түрде КТА аппаратына салып, рентген арқылы дене мүшесін мұқият тексеріп, ауру белгілері қай жерде екенін анықтап беру - біздің міндеті­міз. Айта кетерлігі, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы мүшелерін, зейнеткерлерді, «Алтын», «Күміс» алқа иегерлері, көп балалы аналарды, мүгедек жандарды тегін тексеріп, мейлінше  тиімді қызмет көрсетеміз, – дейді Е.Дәрі­бай.

Айта кетейік, бүгінгі әңгімемізге арқау болған Қазалы темір­жол ауруханасының ұжы­мын­да кәсіби сауаттылығы, білік-парасатымен жұрт­шы­лықтың ықыласына бөленіп жүрген медицина саласының майталмандары еңбек етеді. Аурухана 1904 жылы шағын амбулатория есебінде ашыл­ған. Ал келесі жылы Орынбор теміржол бөлімінің құрылуына байланысты теміржол ауру­ханасы болып өзгертілді. Міне, ғасырдан астам уақыттан бері халыққа тұрақты қызмет жасау­да. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң аурухана замана талабына сай ғимаратқа көшіріліп, жаңа үлгідегі қондырғылармен жабдықталды. Талай жанның алғы­сын арқалаған ұжымды ұзақ уақыттан бері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі Құбыл Ршымбетов  басқарып  келеді.

Есет  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=6238%3A2016-10-13-04-31-09&catid=5%3A2011-11-18-09-02-24&Itemid=5

Просмотров: 1074 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]