Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:30
ЕМІ ШИПАЛЫ ШӘКИЗАДА

Алдына келген әрбір жанды күлімсірей қарсы алып, жылы шырай танытатын Шәкизаданың шипалы қолын сезінген халықтың оған айтар алғысы шексіз. Мамандығын жаңылмай таңдаған дәрігер туралы «Қолы алтын», «Ауруды инесімен де, сөзімен де емдейді» деген секілді ықыласқа толы сөздерді жиі естейсің. Халқы сүйіп, құрметпен қарайтын Шәкизада Арықбайқызы бала күнінен дәрігер болуды мақсат еткен. Мектеп бітірісімен арман қуып, Ақтөбе қаласына жол тартты. Алайда, бұл жолы діттеген оқуына түсе алмады. Бұған жасып, сағы сынбаған бойжеткен келесі жылы Ақтөбе медициналық институтының даярлық курсынан білім алып, үшінші жыл дегенде институттың емдеу ісі факультетіне оқуға қабылданды.

Аталған оқу орнында алты жыл білімі мен біліктілігін шыңдаған жас дәрігер еңбек жолын Қызылорда қаласында терапевт болудан бастады. Бұдан кейін Қазалы қаласындағы қалалық емханада аймақтық терапевт қызметін атқарды. Жұмысына деген жауапкершілігі зор, ынтасы ерекше дәрігер қала халқының алғысын арқалап, абыройға бөленді. Күні-түні ерінбей еңбек етіп, тұрғындардың хал-жағдайын жіті қадағалаған аймақтық дәрігерге үлкен үміт артылып, 2015 жылы Қазалы қаласындағы аурухананың бөлім меңгерушісі қызметі тапсырылды.

Жоғары санатты дәрігер бірнеше рет аудандық аурухананың, аудан әкімінің алғысымен марапатталып, облыстық медицина департаментінің «Құрмет» грамотасын иеленді.

Шәкизада Қадырова жұмысында білікті дәрігер болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана, тәтті немерелерінің сүйікті әжесі. Анасының жолын қуған кіші қызы Фариза Семей қаласындағы медакадемияның бірінші курсын тәмамдады. Ұлы, Орақтың таңдаған жары Елшат та осы аруханада аймақтық дәрігер.

Өзі басқарып отырған ұжымның ұйытқысы, көпшілік үлгі тұтар жан халық денсаулығын жақсартудағы еңбегін еселей түсуді ең бірінші мақсатына балайды.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

http://qazaly.kz/emi-shipaly-sh-kizada/

Просмотров: 787 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]