Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:34
ЕМI ШИПАЛЫ ДӘРIГЕР

Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарып келе жатқан, өз мамандығына адал, талай сырқаттарға арашашы болған абзал жандар аз емес.  Солардың бiрi де, бiрегейi Қазалы аудандық емханасының жұқпалы аурулар бөлiмiнiң дәрiгерi Орақ Кеубасов.
1976 жылы Ақтөбе медицина институтын балалар дәрiгерi мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын аталмыш мекемеде  бастаған маман талай жанды дертiнен айықтырып, алғысқа бөлендi.Мемлекетiмiздiң басты байлығы – денi сау ұрпақ десек, бала жанын түсiнiп, жанына батқан ауруын дөп басып, көмек қолын созу оңай емес. Бiздiң кейiпкерiмiз мезгiлiнде көп анаға бақыт, балаға қуаныш сыйлаған, әрқашан адалдықты бiрiншi орынға қойған абзал жан. Оған дәлел жетерлiк.
1987 жылғы қазан айының соңғы күндерiн Жаңаберген Омаров былайша еске алады: «Әдеттегiдей кешкiлiк жұмыстан оралсам, кеше ғана жап-жақсы ойнап отырған 6 айлық ұлым Мейiрхан қатты ауырып, мазасызданып, жатыр екен. Дереу ауруханаға жеткiздiк. Сол тұста дәрiгерлер кеңесi болатын. Бiздiң жағдайымызбен танысқан дәрiгер Орақ Кеубасов емдеуге келiсiмiн берiп, жауапкершiлiктi өз мойнына алды.
Сәбидiң жай-күйiмен танысқан ол «менингит» деген диагноз қойды. Он бес күн өткенде бала әлсiреп, үмiтiмiз үзiле бастағанда Орақ Кеубасов мейiрiмге толы сөзi мен шипалы қолы, адал еңбегiнiң арқасында перзентiмiздiң бетiн берi қаратып, науқасынан айықтырды. Ұлым қазiр ер жетiп, өз алдына отбасылы. Баламыздың көрер жарығына себепшi болған дәрiгерге алғысымыз шексiз. Дәрiгердiң ең бiрiншi емi – мейiрiмдiлiгi. Орақтың аурумен қоса ауырып, бiрге қиналып, жанына жалау бола бiлетiн қасиетiн құрметтеймiн. Әрқашан тiлекшiмiн»,-деп әңгiмесiн аяқтады.Жаппай оба ауруы басталғанда емханадан сыртқа шықпай ем жүргiзген, талай ес-түссiз жансақтау бөлiмiне түскен нәрестелерге қол ұшын созып, өмiрге қайта келуiне жол аша бiлген медицина саласының үздiгi туралы әрiптестерiнiң де айтары көп.
- Орақ ағайдың осы аудандағы балалар дәрiгерi болуының өзi аудандағы балалардың бағы деп санаймын. Ауыр науқасқа дес бермей, аман-есен айығып, арамызға қосылуының бiрден-бiр себебi – халықтың тiлегi мен ыстық ықыласының арқасы деп бiлемiн,-дейдi аудандық емхананың бас балалар дәрiгерi Әсия Iзтiлеуова. Ақылшы ұстаз, қамқор аға жайында бiрге жұмыс iстейтiн мамандар ауруханаға әлсiз түскен науқастарға қан беретiн донор екенiн мақтанышпен айтады. 1991 жылы қатты науқастанып, ауыр халде алдына келген баланың өмiрiн сақтап қалу жолында өз қанын берген ерен еңбегi бағаланып, «Мейiрбандық лентасын» облыс әкiмi С.Шаухаманов өз қолымен табыстайды. Ауруханадан айығып шыққан балаларын ата-аналар осы дәрiгерге тексертiп жататынын да мұндағылардың әрбiрiнен естуге болады. 1983-2009 жылдар аралығында жұқпалы аурулар бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiн атқарған, Орақ Кеубасов 1995-2009 жылдары медицина қызметкерлерiнiң «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы болды.
Жоғары санатты дәрiгер халық денсаулығын қорғауға сiңiрген еңбегi үшiн қандай мақтауға да лайық. Сондай-ақ медицина қызметкерлерiнiң чемпионы облыстық құрмет тақтасында суретi он жылдан аса түскен жоқ. 2001 жылы ҚР Тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына орай арнайы төсбелгiсiмен марапатталды. 2004 жылы республика күнiне орай аудан әкiмiнiң «Алғыс хатымен», 2005 жылы «Отан» Республикалық саяси партиясының арнайы «Алғыс хатымен», 2009 жылы «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнi» мерекесiнде Облыстық денсаулық сақтау басқармасының "Құрмет грамотасын” иемдендi. 2012 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметтi Доноры» төсбелгiсiн кеудесiне тақты.
Бүгiнде ауданда жүзден астам науқас С гепатитiмен диспансерлiк тiркеуде тұрып, дәрiгер О.Кеубасовтан тұрақты ем алады. Бауыр ауруына шалдығып, маман алдына келген әрбiр сырқат жағдайларының жақсарғанын тiлге тиек етедi. Солардың бiрi Әйтеке би кентiнiң тұрғыны Шәкiр Қартабай:- Мен 2005 жылдан берi осы диагноз бойынша тiркеудемiн. Тұрақты ем алуды 2012 жылы ғана бастадым. Дәрiгер алдында кiм тұрса да бәрiне бiрдей көзқараста болуға мiндеттi. Бұл жағынан келгенде парасат пайымы кең дәрiгердiң қарауында болуымның өзi бақыт. Адам жүрегiне сенiм ұялатып, әрбiр аурумен қосыла қиналып, ем-дом жасап жүрген дәрiгерге алғысым шексiз. Әуелi Алла, содан кейiн жасалған емнiң арқасында жағдайымның жақсарғанына шүкiршiлiк етемiн,- дейдi. Бiзбен әңгiмесiнде қарапайымдылық пен мейiрiмдiлiк бойына ұялаған дәрiгер бүгiнде Елбасының денсаулық сақтау iсiне деген қамқорлығының арқасында емделушiлерге көрсетiлетiн көмектiң оңтайланғандығын, десе де қандай  науқасқа да немқұрайлы қарауға болмайтынын айтты. Бақытын еңбегiнен тапқан, антына адал жанның өнегелi өмiр жолы көпке үлгi етуге әбден тұрарлық.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
«Қазалы» газеті,
Қазалы ауданы
 
Просмотров: 1460 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]