Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:25
ЕМДЕУ САЛАСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ ЕРЕКШЕ

Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуінің негізгі шарттарының бірі - денсаулық саласының дамуы және халық денсаулығының жақсаруы болып табылады. Елбасының 5 институционалдық реформасының «100 нақты қадам – Қазақстан мемлекеттігін нығайтудың жаңа кезеңі» Жоспарының қабылдануы да осы сөзіміздің дәлелі.

Осы Ұлт Жоспарының 80,81,82-қадамдарында денсаулық саласының дамуының маңызды бағыттары айқындалып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, халық денсаулығына ортақ жауапкершілік және салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау бағытындағы бастамалар нақтыланды.

Бұл бағытта мақсатты іс жетерлік. Мәселен, 2016 жылы салаға бөлінген қаржы көлемі 32,9 млрд теңгені құрады. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен 14 нысан құрылысының жүргізілуіне қаржы бөлініп, осының нәтижесінде Қызылорда қаласында 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы, Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылындағы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жалпы, денсаулық сақтау саласында соңғы үш жыл ішінде республикалық және облыстық бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп, 36 нысан пайдалануға берілген.

Одан бөлек, былтыр маусым айынан бастап облыста офтальмохирургиялық орталық ашылып, аймақ тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. Оған жергілікті бюджеттен 90 млн теңгеге жоғары диагностикалық құрал-жабдықтар алынып, алдыңғы жылмен салыстырғанда өткен жылы жасалған ота саны 2 есеге өсті. Сонымен қатар, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін жол қатынасының ұзақтығы ескеріле отырып, елді мекендердегі тұрғындарға мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазалы теміржол ауруханасы базасында 3-ауданаралық нейроинсульттық орталық ашылды. Ал, №3 қалалық емхана базасында инсульт­пен ауырған науқастарға кеш оңалтуды жүргізу мақсатында нейрореабилитациялық орталық жұмыс жасауда. Байқоңыр қаласында облыстық медициналық орталықтың филиалы – қазақстандық медициналық ұйым ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Қалалық жедел жәрдем стансасына облыстық статус беріліп, аудандық жедел жәрдем бөлімдері біріктірілді.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында да біршама ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Мәселен, 2017 жылдың қаңтарынан бастап облыстық балалар ауруханасы бала үшін таптырмас емдеу орнына айналды. 305 төсек орынға арналған емдеу мекемесінде 12 клиникалық бөлімше, бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру- диагностикалық емханасы бар. Сонымен бірге ауруханадан онкогематология бөлімшесінің ашылуы да – саладағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі. 12 төсектік гематология, 5 төсектік онкология ауруларына арналған бұл бөлімше республикада Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан кейін төртінші болып біздің өңірімізде ашылып отыр.

Жақында ғана облыстық медицина орталығынан «ХХІ ғасырдың індеті» атанған қант диабеті немесе сусамыр дертіне шалдыққандарға арналып «Диабет орталығының» ашылғаны белгілі. Аталған орталық диабетпен ауыратын аймақ тұрғындарының жағдайын бақылап, медициналық көмек көрсету, аталған аурудың алдын алу бағытында жұмыстар атқарады.

Емханаларда қатерлі ісік ауруларына көмек көрсетуді жетілдіру бойынша 1 деңгейдегі 32 мамандандырылған кабинет ашылды. Осы орайда қатерлі ісік ауруларынан өлім-жітім көрсеткішінің 19,7 пайызға төмендегенін айта кеткен жөн.

Туберкулез бойынша аурушаңдық көрсеткіші 1,5 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 18,7-ні құрап отырса, өлім деңгейі 78,9 пайызға төмендеген.

Ағымдағы жылдың бес айында ана өлімі тіркелмегені көңілге қуаныш ұялатады. Сол секілді сәби өлімі көрсеткіші 58,4 пайызға азайған.

Жалпы, облыс деңгейінде көрсетілетін жоғары мамандандырылған медициналық көмек көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Осыған орай республикалық бюджеттен өткен жылы қосымша қаржы бөлініп, нәтижесінде жүрекке ашық ота жасау 20 пайызға, нейрохирургиялық оталар саны 27 пайызға, эндопротездеу 2 есеге дейін өскен.

Денсаулық сақтау мекемелерін заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары да жақсы жолға қойылғанын айта кеткен жөн. Яғни, емдеу ұйымдарын медициналық техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 45,2 пайыздан 73,4 пайызға өсті.

Саланы алға жетелейтін мықты мамандар екенін ескерсек, өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Жоғары медициналық және фармацевтикалық мамандарды қайта даярлау, олардың біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық жоспары» бекітілгені белгілі. Осыған орай кадрларды оқыту, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіруге біршама қаржы бөлінсе, өткен жылы облысқа қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында облыс әкімінің гранты бөлінді.

Жалпы, Сыр медицинасының сырбойылықтар саулығын сақтауда қол жеткізген жетістіктері мол-ақ.

Айнұр БАТТАЛОВА.

http://syrboyi.kz/negizginews/12409-emdeu-salasyny-zhetstg-erekshe.html

Просмотров: 793 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]