Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:10
ЕЛІМІЗДЕ ДӘРІГЕРЛЕР ЖЕТІСПЕУДЕ

Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаментінің ресми мәліметі бойынша елімізде 9000-нан астам медицина қызметкері жетіспейді екен. Олар негізінен: анестезиолог-реаниматолог, педиатр, психиатр, сондай-ақ, жалпы практика дәрігерлері, орта медицина қызметкерлері көрінеді. Бұған қоса бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалар дәрігерінің жетіспеушілігі жөнінде айтып жүр.

Біздің облыста да денсаулық сақтау саласында маман-дәрігерлер жетіспеуде. Бұл ауылдық жерде ондаған жылдар бойы шешімін таппаған мәселе болса, бүгінгі күні облыс орталығындағы мамандандырылған көпсалалы аурухана мен емханаларда да орын алуда. 2021 жылдың 1 сәуіріне Қызылорда облысында 137 дәрігер болса, оның 39-ы жалпы тәжірибелі дәрігер, 34-і анестезиолог-реаниматолог, сондай-ақ онколог, психиатр, гастро-энтеролог, кардиолог, инфекционист, сәулелі диагностика маманы т.б дәрігерлері көрінеді.

Серікбай Смағұлұлы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі:

Қазақстанда дәрігер жетіспейтінінің басты себептеріне медициналық ұйымдар желісін дамыту, медициналық қызметкерлерге жағдай жасау сияқты факторларға көптен бері көңіл бөлмеуінен. Қала мен ауыл арасында да кадрлық ресурстың дисбалансы қатты байқалуда. Коронавирус инфекциясы бұл бағыттағы өзекті мәселені ашып көрсетті.

Дәрігерлер қазір де, бұрын да 7 жыл оқитын. Ертеректе 6 жыл мамандықта оқып, 1 жыл интернатурада болатын. Қазір 5 жыл жалпы медицина, 2 жыл өз жеке саласы бойынша білім алады. Одан соң магистратура тағы бар. Осыншама жыл оқып алатын жалақысы мардымсыз. Әрине, қосымша басқа жерде жұмыс істеп, жалақыны көбейтуге болады. Бірақ дәрігер де адам баласы, ол да шаршайды. Күнделікті науқастардың ызыңын естіп отыру оларға оңай емес. Эмоционалдық тұрғыдан қатты шаршайды.

Басқа елдерге дәрігерлердің кетуі де таңсық емес. Өйткені мұндағы жалақы мен шет елдегі жалақының арасы жер мен көктей. Бәрі солай деп айтпай-ақ қояйын, мен танитын бір аға жұбайы екеуі де дәрігер. 60-тан жасы асқан соң ғана жайлы үй салып, жеке жаңа автокөлік алды. Сонда болашақ дәрігердің тұрмысы тек 60-тан кейін ғана жақсарады ма?.

Әсіресе ауылдық жерде жағдай қиындау. Дәрігерлер тапшылығының негізгі себебі – жалақының төмендігі мен әлеуметтік қорғау шараларының мардымсыздығы. Рас, қазір медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілуде, бірақ оны теңгенің құнсыздануы жеп қоюда. Бұл бүкіл елге тән құбылыс, демек мәселенің төркіні экономикалық құлдырауда, жаппай белең алған жемқорлықта, демократия үдерістерінің болмауында жатыр. Кадр саясатына да көңіл бөлінбейді, медициналық кәсіптің имиджін арттыру үшін жоғары жалақымен қатар еңбек жағдайына көңіл бөліп, әлеуметтік қолдау шараларын жасау және маманмен қамтамасыз етуді дұрыс жоспарлау қажет.

Жас мамандардың ауылдық жерде жұмыс істегісі келмейді, кадр тапшылығының бір себебі, міне, осында. 2019 жылдан бастап мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына 3 жыл міндетті түрде жұмыс ісеу енгізілді, бірақ қай облыста болмасын дәрігерлер көбейген жоқ. Ауылдық жерге барған жас маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы және үй сатып алуға бюджеттік несие беріледі. Сонда да ауылға баруға ықылас аз. 2018 жылдан бастап жыл сайын облыс әкімінің арнайы гранты бөлініп, 100 жалпы тәжірибелік дәрігер дайындалуда, бұл мәселені толық шешпегенмен, көмегі болады.

Коронавирус індеті кезінде әңгіме адам өміріне келіп тірелгенде көп кемшіліктің беті әлі де ашылуда. «Жабулы қазан жабулы күйінде» жатқан жайлар да жетерлік. Ол бір кезде жанартау болып жарылмасын десек, тек бір салаға ғана емес мемлекеттік жүйеге өзгеріс жасау керек.

 

Жалғасбек АМАНОВ,

«Тіл сақшысы»

Просмотров: 242 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]