Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:47
Елімізде дәрі-дәрмек бағасы ретке келтірілуі мүмкін (бейнебаян)

Осы мақсатта жауапты министрлік қолданыстағы кодексті өзгертуге кірісті. Себебі, ел азаматтарын аталған түйткіл қатты қынжылтып жүр. Жалпы, еліміздегі медициналық препараттар нарығы 360 млрд теңгені құраған. Оның 160 млрд теңгесін мемлекет төлеп, тегін дәрі-дәрмек таратады. Ал нарықтың өзге бөлігінде өзекті мәселе көп. Атауы мен құрамы бір болғанымен, бағасы екі түрлі дәрі-дәрмек. Көршілес Ресейдің өзінде сатылатын медициналық препараттың құны елімізде екі есе қымбат болып шықты. Мұны сырқаттанған баласына ем іздеген астаналық Қайдар Қайыржанов өз тәжірибесінен біледі.

Қайдар Қайыржанов, қала тұрғыны:

- Алматыда дәрі іздедім. Маған қажет препарат 33 мың теңге деп тұрғанын байқадым. Бірақ, оны Ресейден іздеп көрдім. Бұл елде дәл осы дәрінің бағасы 2 мың рубль деп тұр. Сөйтіп, оны 3 бірдей данасымен 40 мың теңгеге Қазақстанға жеткізіп берді. Қайдар секілді біз де бұл жағдайға көз жеткіздік. Мысал ретінде, Паркинсон дертіне шалдыққан науқастар үшін қажетті дәріні іздеп, нәтижесінде екі еселенген бағаны көзіміз шалды. Сонымен, дәрі-дәрмектер бағасы қалай реттеледі? Ең алдымен өндіруші тиісті препаратты өндірген соң, тасымалдаушыға береді. Ал ол болса дәріханаларға жеткізеді. Сол арқылы өнімнің өзіндік құны біртіндеп өсіп отырады. Демек, тұтынушы қымбат бағадағы дәрі-дәрмекті сатып алады. Ең қызығы, бұл істе біркелкілік жоқ. Препараттар бір қаланың өзінде әртүрлі бағада сатылып жатыр. Мұны кәсіпкерлер нарық талабы екендігін айтады. Бірақ, таяуда Елбасы тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңға өзгерту енгізбек. «Сол арқылы дәрі-дәрмектер нарығына қатаң бақылау орнатылады», - дейді мамандар.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Нормативтік-құқықтық құжат дайындап жатырмыз. Денсаулық сақтау туралы кодекс өзгертілсе, баға саясатын реттей аламыз. Оны кәсіпкерлермен бірлесіп әзірлеуге кірістік. Себебі, тасымалдаушы мекемелер табыстарын жоғалтып алуы мүмкін. Ешкімге зияны тимеуі керек. Дәрі-дәрмек мәселесі депутаттардың жұртшылықпен кездесуінде жиі көтеріледі. Оның үстіне, бұл елді алдаңдатқан жалғыз түйткіл емес. Ауырып ем іздегендерді тегін медициналық көмек аясында берілетін дәрі-дәрмектердің тапшылығы да қынжылтады. Әсіресе, бұл мәселе жыл басында және соңында оқтын-оқтын көтеріліп тұрады.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдадық. Себебі, дәрі-дәрмектер жергілікті жерде сатып алынады. Біз бұл мәселені жан-жақты қолға алу керектігін айттық. Бақылау күшейтіліп, жауапкершілік артуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуларды ертерек өткізу керектігін ұсындық. Тұрғындар жапа шекпеуі тиіс. Олар аяқ астынан ауырып қалса, тендерді күтіп отырмайды емес пе?! Бір дәрінің әртүрлі бағамен сатылуы бәсекелестік заңы болар. Бірақ, негізсіз өсімге жол бермеу қажет. Мәжіліс депутаттары атап өткендей, енді бұл түйткілді реттеу қайта жасақталған министрліктің міндеті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асқарбек Қазанғап, Данара Жұманова, Е.Рахманбердиев, Е.Дайыров

Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/164189-elimizde-d

Просмотров: 1176 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]