Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:32
ЕЛДІҢ ҚАДІРМЕНДІ АБЫЗ АҚСАҚАЛЫ ЕДІ

Дана да, данышпан халқымыздың, «Өткен күнде белгі жоқ» деп айтқан өсиетті сөзіне жас шағымызда мән бермеуші едім. Өмір өте келе, зейнеткерлік жасқа жетіп, өткен күндерді ой елегінен өткізіп, ойлана-толғана, жас кезіміздегі небір керемет көңілді жастық шақ еріксіз ойға оралады. Қызметтес, дастарқандас, тұздас-дәмдес болған, теңдессіз татулық, ауызбіршілік пен адамгершілік, адалдық пен қимастық сәттерді аңсайсың, сағынасың. Өмірден өтсе де, көңілден кетпейтін, кейбір асыл азаматтарды әлі де арамызда жүргендей сезінесің. Асқар таудай ағалар уақыт өте келе сыйластықтың арқасында бір туған бауырдай болып кетеді екен. Халық даналығында «Мың досың көптік етпейді, бір дұшпаның аздық етпейді» деген сөз бар. Ағалыінілі болудың жолы да көп, түрі де көп. Сондықтан сыйластық бүкіл адамзатқа ортақ баға жетпес байлық, құдіретті құндылық. Алдында арқа сүйер ағасы бар адам бұл өмірде, тынымсыз тіршілікте бақытты адам, басына бақ қонған, төрт жағы құбыла, баянды өмір сүрудің шарттары мен қағидаларына сәйкес келетін азамат.

Қасиетті де киелі Сыр бойында ақ адал ісімен ел есінде мәңгі бақи сақталатын жақсылары мен жайсаңдары, асылдары мен ардақтылары, арыстары мен алыптары, небір кемеңгерлер мен қаһармандар тәубе дейік баршылық. Солардың бірі – Сақы Ұзақбайұлы Қалыбаев ағамыз.

Сәкең бүкіл саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнады. Жарықтық Сәкең көп ретте асып-таспайтын, асылық әңгіме айтпайтын, қандай жағдай болса да ешкімнің сыртынан пендешілік әңгіме айтпайтын және ешкімге ретсіз, жөнсіз әңгіме айтқызбайтын.

Қазақы түрде бағаласақ, бар болса тасымаған, жоқ болса жасымаған, ерекше қасиетке ие болған азаматтардың бірі болды. Сәкеңді аудан дәрігерлерінің атасы деуге болады. Аудандық аурухананың бас дәрігері болып қырық жылдай еңбек етіп, қайраткерлік дәрежеге дейін жеткен саусақпен санарлық дәрігерлердің бірі. Абырой-атақтың ешқайсысынан кенде емес. Сәкеңнің еткен еңбегі ерекше бағаланып, көптеген орден, медальдармен, құрметті атақтармен марапатталды. Бірнеше рет Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің пленум, бюро мүшесі, аудандық кеңесі атқару комитетінің мүшесі, аудандық, поселкелік кеңестердің депутаты болып сайланды. Сәкең қандай ортада да өзін ерекше мәдениетті ұстайтын. Өте қарапайым, не айтса да тауып айтатын.

Барынша кішіпейіл, дауыс көтеріп дөрекі сөйлемейтін, сыпайы, салмақты, сындарлы салиқалы, мәнді, маңызды әңгіме айтып отыратын. Түрлі мақсаттарға арнап жайылатын дастарқан мен өткізілетін жиын кеңестер Сәкеңсіз басталмайтын. Қорытынды сөзді өзі айтатын. Дастарқан басында бейсеует, келеңсіз, ретсіз, жөнсіз әңгіме айтылып жатса, көзінің қиығымен-ақ сабасына түсіретін. Иманды болсын, жарықтық Сәкең айналасына нұрын шашып, бірлікке, ынтымаққа, ұйымшылдыққа, мәмілеге, ымыраға, бәтуаға, жарастыққа шақырып отыратын еді. Көпшілік бас қосқан алқалы жиында ешкімді алаламай, ағалық ақылын айтып, артық әңгіме айтуды онша жақтыра бермейтін. Ананың ақ сүтімен келген ізгі қасиеттерінің арқасында адами, азаматтық қасиеттері де жоғары болды. Бас дәрігер ретінде дәрігерлермен, қызметкерлермен қарым-қатынас жасау, түсінісу, сыйласу, аяқ жетер жердегі ағайынның, жоражолдастың қайғырғанында, қуанғанында қасынан дер кезінде табылу, тарыдай қуанышын таудай етуге, түйедей қайғысын түймедей етуге өзінің күш-жігерін, ынта-ықыласын аямады. Жора-жолдас, туған туысқа адал қызмет етті.

Ақыл сұрағанға сая болды, көмек сұрағанға пана болды, бата сұрағанға дана болды. Тіршілікте біздің Сәкең көп қателеспеген, төңірегіндегілерді қателестірмеген, барынша қанағатшыл, ынсапшыл, қамқоршы ағаларымыздың бірі болды. Сәкеңнің тіршілікте, қызметте, өмірде жолы болған, еңбегі жанған, бақ қарап, қыдыр дарыған, туған халқынан, елден, ағайыннан, достарынан, қызметтестерінен, мемлекеттен кезінде тиісті бағасын алып, оны көзбен көріп, құлағымен естіген, бақытты азамат. Дастарқаны жаюлы, көңілі кең, отбасының киелі дастарқанынан игі жақсылар дәм татып, ризашылықтарын білдірген.

Сәкең туралы айтқанда Құдай қосқан қосағы, бүкіл бір әулеттің берекесі мен беделін асқақтатқан отанасы, шаңырақтың шырайы, шаттығы, отбасының ұйтқысы, тілеуқоры, ұйымдастырушысы, қамқоршысы Зағира Сейтенқызының өлшеусіз еңбегін айтпасқа болмайды. Зағира жеңгеміз текті әулеттің қызы ретінде Сақы ағамыздың табалдырығын аттағаннан бастап ырыс-несібе молая түсті. Өмірдің, тіршіліктің берекесі артты. Өмірге ұл-қыз келді, сөйтіп Қалыбаевтар өмірінде бұрын-соңды болмаған мамыражай өмір басталды.

Соңғы кездері Сәкең «Мына Зағира жеңгелеріңмен алпыс жылдың үстінде тату-тәтті өмір сүрдік, біздің жолымызды берсін, көрген жақсылығымызды жұғысты етсін», – деп батасын беріп отырушы еді-ау жарықтық. Зейнеткерлікке шыққан соң Сәкең аудан өміріндегі берекелі тірлікке етене араласты. Елдегі шешімін таппаған кейбір мәселелерді тиісті жеріне жеткізіп, жоғары жақтан басшылар келсе өтініш ретінде айтып отыратын. Әсіресе, аудандық аурухананың жағдайы қатты мазалайтын. Сәкеңнің отбасы, ұрпақтары шүкіршілік, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей әке аманаты орындалып, өнегелі өмір сүруде. Біз де, соңынан ерген інілері, туған-туыс бауырлары тәуба дейміз. Қуанамыз, қолдаймыз, мақтан етеміз, марқаямыз, масаттанамыз.

Бір шаңырақ астында, Зағира әжесінің бауырында кенжесі Төлеген мен келіні Алмагүл, немересі Дәулет пен Нұрайлым, шөберелері Данияр, Көркем, Айзия, төрт ұрпақ өкілдері жадырап-жайнап, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл да Қалыбаевтар әулетінің ерекшелігі, береке-бірлігі, татымды тірлігі, нағыз бата қабыл болған шаңырақтың абыройы. Сақы ағамыз ауданның 82 жылдық тарихында медицина саласында өзіндік із қалдырып, оның дамуына сүбелі үлес қосқан шебер ұйымдастырушысы, елдің жанашыры болды. Атасының жолын қуған немерелері Дәурен Сәкенұлы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина университетінің 6-курсында, Аружаны Ақтөбе медицина университетінің 5-курсында оқып жатыр. Әрбір ата-ана, «Ұрпағым әке жолын қуса екен, әкеден артық болып туса екен» деп тілейді. Сәкең мен Зағира жеңгеміздің ақ тілектері қабыл болған бақытты әулет екендігінде сөз жоқ. Сәкеңнің өзі өмірден өткенмен, ұрпақтары атасының сара жолын, дара жолын сәбилік пейілмен жалғастыруда. «Жақсы әке балаға 40 жыл азық, жаман әке 40 жыл қазық болады» деген екен дана халқымыз. Ұрпақтарына кем дегенде 40 жыл азық болса, қадір-қасиетін білетін туған-туыс, бауырларына, жоражолдастарына кем дегенде жүз жыл азық болатын Сәкеңді ұмыту мүмкін емес.

Атам қазақ «Жүгіріп шығар төбе көп, асу бермес шың қиын, қартайған шал елде көп, ақсақал болу т, қартайған шал елде көп, ақсақал болу тым қиын» деп бекер айтпаған болу керек. Сәкеңнің көргені, көңілге түйгені көп, білгені көп, аудан тарихында өзіндік орны бар, сүйекті сөз айта алатын салмағы бар, отыратын орнын білетін, сөйлейтін сөзін білетін, абыз ақсақалымыз еді. Енді міне өткен жылы шілде айында, 88 жасында бақилыққа аттанған, абыз да, ардақты ағаның өзін де, асыл сөзін де еске алып жүрміз. Ағамыз еліміздің бірлігіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлы да, берік болуына рухани дем беріп, батасын беріп кетті деп есептейміз. Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз жолдас болсын! Жаратушы ием ұрпақтарыңызға береке-бірлік берсін, көрмеген қызығыңызды Зағира жеңгей көруіне Алла нәсіп етсін, екі дүниенің иман байлығын берсін!

 

Кенжеғара Сүлейменов.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 

«Ақмешіт апталығы»

 

Просмотров: 423 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]