Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:09
ДЕРТКЕ ДӘРУ ДАРЫТҚАН ДӘРІГЕРЛЕР

Облыс басшылығының шақыртуымен Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған қос дәрігер – «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ директоры, профессор, Юрий Пя мен «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, профессор Серік Ақшолақов Сыр өңіріне келді.

Білгір дәрігерлер облысқа сапары барысында күрделі ота жасап, шеберлік дәрісін өткізді. Аудандарға шығып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Алдымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев отандық медицина саласының қос майталманын қабылдады.
Аймақ басшысы өз сөзінде республикаға ғана емес әлем елдеріне танымал қос дәрігердің ерен еңбегі әрқашан құрметке лайық екендігін айтты.
– Біздің арнайы шақыртуымызбен екі Еңбек Ерінің облысымызға келуі – денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуына жасалған оң қадам. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз – біз үшін аса қымбат – деді облыс әкімі.
Кездесуде Сыр медицинасының жеткен жетістіктері, бүгіні мен ертеңі сөз болды. Сондай-ақ, қанша адамға қайта өмір сыйлаған ақ халатты абзал жандарға сый-құрмет көрсетілді.
Мәртебелі меймандар содан соң облыстық медицина орталығында болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Оларды облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бастап жүрді.
Осы күні белгілі кардиохирург Ю.Пя жүрекке ашық әдіспен ота жасап, шеберлік дәрісін өткізді. Ал, С.Ақшолақов облыстық медицина орталығы жанындағы нейроинсульт бөлімшесінің қызметімен танысты. Білікті дәрігерлердің келетінін естіген қарапайым халық аталған орталыққа жиналған. Осыған орай білікті дәрігер күн тәртібінен тыс болса да, науқастарды жеке қабылдады. Осылайша профессор 15 адамға кеңес берді. Солардың бірі – 58 жастағы Рая Смановаға Астанада ота жасау керектігін айтты.
Одан кейін Еңбек Ерлері қызылордалық дәрігерлермен кездесіп, тәжірибе бөлісті. Ал, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов денсаулық сақтау саласының соңғы жетістіктеріне тоқталып, аймақ басшысының аталған салаға барынша көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
Басқосуда белгілі кардиохирург Ю.Пя өз сөзінде ашық жүрекке ота жасаудан Сыр өңірін алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті.
– Қазір 59 жастағы қызылордалық науқасқа ота жасадым. Қанша жылдық тәжірибем болса да, мұндай ерекше күйді бірінші рет бастан кештім. Себебі, оны туған жерімде жасағандықтан шығар. Бізді шақырып, осындай мүмкіндік бергені үшін облыс әкіміне алғыс айтамын, – деді ол.
Ал, профессор С.Ақшолақов келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тоқталды. Сондай-ақ, ол өңірдегі нейроинсульт орталығының көбейіп келе жатқанына қуанышты екенін айтты.
Шара соңында Еңбек Ерлері «Қызылорда облыстық медицина орталығының Құрметті мүшелігіне» қабылданды. Сонымен қатар, алтын қолды дәрігерлер алдағы уақытта аталған орталыққа тұрақты түрде әріптестік қолдау жасайтындықтарын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Сыр өңіріне арнайы келген дәрігерлер Қармақшы ауданында болды. Онда түркі әлемінің абызы Қорқыт ата рухына арнайы келіп, тағзым етті. Тарихи–мәдени мұражайдағы жәдігерлермен танысып, баба рухына арнап құран бағыштады. Одан кейін, бірлігі жарасқан ІІІ Интернационал ауылында барды. Дәл осы мекенде Юрий Пяның бақытты балалық шағы өткен. Мәдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындары «Алтын ұлдарын» зор қошеметпен қарсы алды. Жерлестерінің көрсеткен құрметі мен ыстық ықыластарына риза болған білікті дәрігерлер, жиылған жұртшылыққа алғысын айтып, ел үшін еңбек ете беретіндіктерін жеткізді.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

http://aqmeshit-aptalygy.kz/dertke-d-ru-daryt-an-d-rigerler/

Просмотров: 991 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]