Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:35
ДЕПУТАТ ДӘРІГЕРМЕН КЕЗДЕСУ

№105 мектеп-лицейдің оқушылары халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген еңбек адамдарының өмірі мен қызметімен танысуды, сол арқылы еліне елеулі, халқына қалаулы тұлғаны өздеріне үлгі тұтуды, ақыл-кеңесін алуды әдетке айналдырған.

Жақында 9-сынып оқушылары, «Жас ұлан» ұйымының мүшелері тәлімгерлері Айгерім Айтбаеваның жетекшілігімен есімі ауданымызға белгілі білікті де тәжірибелі дәрігер, аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Нысанбаевтың еңбегімен танысу үшін аудандық емханаға ат басын бұрды.

Медицина-ең жауапты да күрделі сала. Бұл саланың ішінде батылдық пен сенімділікті талап ететін хирург мамандығын не себепті таңдағанын сұраған Наргиз Қуанышованың сұрағына дәрігер:

-Әкем дәрігер болатын. Бала кезімнен дертіне шипа іздеген жандарға көмегін көрсетіп жүретін әкемнің жұмысы қатты қызықтырды. Сол мамандыққа бейімделіп өстім десем де болады. Қыз-келіншектер мен әйел ананың жаны да жүрегі де нәзік болып келеді. Ал, бұл сала жігерлілікті, жігітке тән мінезді талап ететіндіктен болса керек менің таңдауым тек осы мамандыққа түсті. Халықтың алғысына бөленіп, абыройлы қызмет етіп келе жатқанымыз антымызға адал болғанымыздан деп білемін.

Студенттік өмірінің қызықты сәттерін еске түсіруін, ең алғашқы ота жасағаныңыз есіңізде ме деп сұраған Айбек Төлепберген мен Гүлфариза Сәдуованың сұрағына:

-Біз ауылда өстік, қазақ мектебін бітірдік. Ал, медициналық мамандықтардың сабағы көбінесе орыс тілінде жүргізіледі. Сондықтан орыс тіліне шорқақтығымыздан қиындықты да көрдік, қызыққа да кенелдік. Алғашқы отаны 5 курста білім алып жүргенімде жасадым. Қобалжығаным рас, бірақ ота өте сәтті болды,-деп жауап берді Бақытжан Сағилатұлы.

Өз мамандығының майталманы, жастардың жетекшісі болған дәрігердің әрбір әңгімесін оқушылар қызыға тыңдады. Мөлдір Қаратаева өз шығармашылығынан «Ағаға арнау» өлеңін оқып берді.

Осылайша еңбек адамының бір күнінде озат оқушылар біраз мәліметке қанықты.

Г.ӘМІРҚЫЗЫ

http://qarmaqshy-tany.kz/deputat-d-rigermen-kezdesu/

Просмотров: 768 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]