Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:42
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ТОҚТАЛДЫ

Үкімет үйінде өткен баспасөз брифингінде еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Елбасы Жолдауын жүзеге асыру асыру аясындағы тапсырмалардың ең өзектісі елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу екенін айтты.

Е.Біртанов министрліктің осы мақсатта бірнеше бағытта жұмыс істеп жатқанын, соның бірі алдымен сапалы құқықтық-нормативтік база құру болып отырғанын жеткізді. Мәжілісте алғаш рет талқыланған бұл заңнамада бірнеше маңызды өзгертулер көзделген. Біріншіден, Әлеуметтік сақтандыру қорын тұрақтандыру шеңберінде қордың активтері мен қаржысы Ұлттық банк есепшотында сақталады. Екіншіден, кейбір аударымдар мөлшері азайтылды. Мәселен, жұмыс берушілер үшін әр адамға аударылатын жарна көлемі 2-ден 1 пайызға төмендетілді. Мемлекет төлейтін жарна көлемі 4-тен 3,75 пайызға азайған. Сондай-ақ жаңа санаттар енгізілді. Мәселен, мүгедек бала қарап отырған ата-ананың біреуіне, шет елден келген қандастарға 1 жыл көлемінде, еліміздегі шет елдік азаматтардың балалары мен зейнеткерлеріне мемлекет тарапынан жарна төленеді. Сонымен бірге келесі жылы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар ең төменгі жалақы көлемінен 5 пайыз төлесе (ай сайын 1400 теңге) барлық медициналық сақтандыруға қол жеткізе алады. Алдағы уақытта Дүниежүзілік банктен 80 миллион АҚШ доллары көлемінде қарыз алынбақ. Бұл қаржы негізінен МӘМС жүйесін қолдауға, түрлі медициналық құрал-жабдықтар алуға жұмсалады.

– 5 сәуірден бастап еліміздегі емханаларға тіркелу науқаны басталды. Бүгінде 120 мыңнан астам адам емханада тіркеуден өтті. Еліміздің барша азаматы электронды үкімет немесе емхана арқылы МӘМС жүйесіндегі мәртебесін біле алады. Бұл науқан биылғы 1 шілдеге дейін жалғасады, деді министр.

Сондай-ақ еліміздегі тағы бір маңызды мәселе дәрі-дәрмек бағасын реттеу екенін айтты. Аталған ведомстваның осы уақытқа дейін жеке меншік дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасын реттеуге құқы болған жоқ. Осы орайда арнайы әзірленген заң жобасы жақында қоғамдық деңгейде талқыланатын болады. Бұл отандық кәсіпкерлердің бизнесіне де әсер ететіндіктен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да ұйымдармен бірге електен өткізіп, алдағы күзде Парламенттің қарауына ұсынылады. Үшінші бағыт – жеке медициналық ұйымдарға жалпы медициналық қызметтерді көрсету үшін тең жағдай жасау. Мұндай меншік нысанындағы ұйымдар көрсеткіші 34 пайызға тең. Көбінің тегін медициналық көмек көрсетуге қолжетімділігі шешілмеген. Олардың қызметіне азаматтар тікелей өзі төлейді. Яғни, ертең медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде біз жеке меншік емханаларға сақтандыру пакеті аясындағы медициналық қызметті көрсетулеріне мүмкіндік беруіміз керек. Осы бағытта әкімшілік кедергілерді, қағазбастылықты азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде, деді Е.Біртанов.

Сонымен бірге медициналық туризм еліміз үшін жаңа бағыт екенін айтқан Денсаулық сақтау министрі: Елімізде 8 мыңдай шет елдік азамат стационарлық ем қабылдайды. Олар негізінен Қазақстанда тұратындар. Сондай-ақ 300-ден астам шет елдік азамат Астана мен Алматы қалаларындағы жоғары технологиялы медициналық нысандарға жатқызылады. Қазіргі уақытта кардиохирургия, ортопедия, репродуктивті сала бойынша жоғары технологияға сүйенетін медициналық туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Бұл тарапта отандық медицинаның әлеуеті үлкен, деді.

Министр амбулаторлық дәрілермен қамту бағдарламасына 50 ауру түрі тіркелгенін, оған тегін дәрілер босатуға жыл сайын 90 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Оның 50 миллиарды республикалық, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінеді. Е.Біртанов дәрілерді сатып алу мен жеткізу проблемасы бар екенін, оның бір себебі өңірлерде сатып алу процесін жыл басында бастайтындығынан туатынын жеткізді. Өйткені, өңірлерде «СК-Фармация» АҚ сияқты ертерек бірыңғай дистрибьютерлік сатып алу құқығы жоқ. Сондықтан Парламентке ұсынылған заң жобасында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен сатып алуды орталықтандыру жүйесі және бағасын төмендетуді логистика қызметі арқылы шешу мәселелері қамтылып отыр.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

http://qazaly.kz/densauly-sa-tau-ministri-meditsinaly-sa-tandyrudy-ma-yzdy-m-selelerine-to-taldy/

Просмотров: 917 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]