Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:34
Дәрігер парызына адал азамат

Адам баласы өмірге бір-ақ рет келеді. Әр адамның денсаулығы сондықтан да бәрінен қымбат. Дені сау адам ғана қоғамға өлшеусіз пайда келтіре алады. Дегенмен де ауырмайтын адам жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаса жүгінетіні әрине дәрігер. Пайғамбары- мыздың хадисінде: "Құдіреттен денсаулықтан бөтен нәрсе сұрама" деген. Бірінші байлық -денсаулық. Ал сол денсаулығымыздың сақшысы болып келе жатқан ауданымыздағы білікті де білімді дәрігерлердің бірі Жолдасбай Жақсылықов.
Бозбала Жолдасбай 1971 жылы №21 Қамбаш орта мектебін бітірген соң, асыл арманы дәрігерлік оқуды дұрыс көрді. Сөйтіп Алматы медициналық институтына табан тіреді. Алты жыл бойы дәрігерлік білімді тереңдетіп алып шықты. Жоғары оқу орнын бітііргеннен кейін бір жыл интернатурадан өткен. Сөйтіп 1978 жылы туған жерге оралып, сол кезде аты шығып тұрған "Арал" кеңшарында аурухана меңгерушісі болып қызмет істеді. Кеңшар орталығының тұрғындарына ғана емес, айнала қонған мал отарларына, шағын-шағын елді мекендерге күн- түн демей, уақытпен санаспай ауырған, сырқаған жандарға дәрігерлік қызмет көрсетті. Жас жігіт өз еңбегімен көзге түсіп, сол кездегі жастар ұйымының Мәскеудегі орталығының күміс белгісімен марапатталғаны да бар.
Мамандығын шыңдап, халыққа медициналық қызмет көрсетуде тәжірибе жинақтаған дәрігер Ж.Жақсылықовты 1989 жылы аудан орталығына шақырды. Содан осы кезге дейін амбулаториялық емхананың Арал аудандық жұқпалы аурулар бөлімшесінде қызмет жасап келеді. Қазір де бөлімше меңгерушісі. Жоғары санатты дәрігер-инфекционист.
Білікті дәрігер күнделікті ауруларды емдеумен ғана шектелмей, ғылыммен де тереңдей айналысып келеді. "Оба ауруының клиникасы, диагностикасы, емдеу мәселелері туралы" ғылыми еңбектері беделді орталық басылымдарда жарық көрді. Бұл жарияланымдар мамандар тарапынан жақсы бағаланды. Білікті дәрігер, үздік ұйымдастырушысы, басшы Ж.Жақсылықов өмірде өзінің азаматтық белсенділігімен әрдайым көзге түсіп келеді. Сол халық үшін атқарған игі қызметтері еленіп те жүр.
Әр жылдары "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы", "Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы" медальдарын кеудесіне тақты. Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды. Ал облыстық, аудандық денсаулық сақтау саласынан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір төбе. Мұның бәрі оның тұрғындар денсаулығын сақтауда ерінбей еткен еңбегінің өтеуіндей көрінеді. Аудан дәрігерлері оның іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай білетіндігін ескеріп, оны аудандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлаған. Бұл қоғамдық жұмысты да ол абыроймен атқарып келеді. Содан да болар республикамыздың денсаулық сақтау кәсіподағының өткен жылы Астана қаласында өткен ХІ съезінің делегаты болып қатысып қайтты.
Жолдасбайдың отбасын дәрігерлер әулеті десе де болады. Жолдасы Айзада орталық аурухананың жоғары санатты дәрігер-окулисті. Міне, дәрігерлік антына берік Жолдасбай әрдайым халық құрметіне бөленіп, емделушілердің алғысын алып жүре беретіндігіне сенімдіміз. Ақ халатты абзал жан үшін ең үлкен марапат - халық алғысы екені сөзсіз.
 
 

Ж.ЖАСАНОВ,

еңбек ардагері,

Сапақ ауылы.

Арал ауданы

"Құрылтай" газеті ,
29 қаңтар 2015 жыл №5 (122)

 

Просмотров: 1134 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]