Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:25
Дәрігер һәм қаламгер

Жарық дүниеден өткеніне жуырда қырық күн толатын Амангелді Суханберлиев туралы жазарда есімде қалған естеліктер тағы бір ойға оралды. 

Өмірде жиі араласқан кейбір адам туралы есте көп нәрсе қала бермейді. Ал Амангелді сияқты адам туралы жиі қатыс­пасаң да, көп дүние еріксіз кө­ңіл­де сақталады. Өйткені ол осы өлшеулі ғұмырында бі­раз жағымды тірлік атқарып үлгір­ген еді.

Оның есімін алғаш рет өткен ғасырдың 90-шы жылдары досым Оразбек Мақсұтұлының аузынан есіттім. Ол: «Серікбай, сен білесің бе, Амангелді Суханберлиев деген әрі дәрігер, әрі журналист әріптесің бар. Жаз­ғандары мықты. Арнайы жур­налистік оқу тауыспаса да, жазатын мәселесіне терең бойлап, ұғынықты баяндайды» деді. Мен сол кезден бастап, өзімен жүзбе-жүз кездеспесем де, баспасөздегі жазғандарын оқып тұрдым.

Бірде Қызылорда қаласында «Экология және балалар» атты ха­лықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференция ұйымдас­тырылатын болды. Оның аясында ғылыми мақалалар жинағы да шығарылды. Жинақ редакторы ретінде бұл басылымнан Амангелдінің «Байқоңыр» ға­рыш айлағының Сыр өңірі тұрғындарының денсаулығына тигізер зардабы туралы көлемді мақаласын кездестірдім.

Әбекең кейін Қызылорда қаласына қоныс аударған соң өзі шығаратын «Нұр Жан» журналына мақала жазып тұруыма өтініш жасады. Мұнысын құп алдым. Журнал көрер көзге тар­тымды, қымбат қағазға сапалы басылған болатын. Онда бірнеше мақалам жарық көрді. Кейін менің аты-жөнімді журна­лының шығармашылық то­бына да қосып қойыпты. Бір кездескенімде журналдың «Ал­ғыс хатын» да табыс етті.

Оның осыдан жарты ғасыр­дан астам уақытта мектеп­тегі оқушы кезінің өзінде қолына алғаш қалам алып, «Ленин жо­лы» газетінде тырнақалды туын­дысын жариялап, ауыл ішін­де «жазушы бала» атанғаны бар. Осы мақала оның үлкен жур­налистикаға жол сілтеген ардақты туындысы болатын. Кейін Бөген балық аулау базасында жұмысшы болған ке­зінде де көңілін жадыратқан не­месе жүдеткен жағдайлар ту­ралы да қалам тербеді. Мектеп директорының ҚазМУ-дың журналистика факультетіне арнайы жолдама алып бергеніне қарамастан, бала көңілі меди­цинаға ауды. Әкесінің көз дер­тін жазамын деген асқақ арманы орындалып, Ақтөбедегі медициналық институтқа оқуға түсті. Институт қабырғасында жүргенде де облыстық «Коммунизм жолы» газетінде көптеген дүниелерді жариялады. Оны ой­дағыдай бітіріп, Атырау об­лысының Теңіз ауданында, өз облысымыздың Қармақшы ауданында жемісті еңбек етті. Бұл жылдары көптеген сырқат жандардың дертіне дауа іздеді, қолдан келген көмегін берді. Қызылордаға көшіп келгенде де сарапшы дәрігер, ұстаз дәрігер болып сүйікті ісін жалғастырды. Дәрігерлікпен қатар жазуды да доғарған жоқ.

«Нұржан Ишан Ата» қайы­рымдылық қорын құрып, оған басшылық етті. Туған ауылында ата атында мешіт ашты. Рес­публикаға тарайтын «Нұр Жан» журналын ашып, елге имандылық нұрын шашты.

Амангелдінің бойындағы құстың қос қанатындай дәрі­герлік пен журналистік өзара үйлесім тапты. Бұлардың қай­сы­сының басым болғанын дөп басып айту қиын-ау. Меди­цинада кеудесіндегі «ҚР ден­саулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгілері оны денсаулық сақтау ісінің май­талманы ретінде танытса, «Қазақстанның құрметті журна­лисі» атағы баспасөз саласында да мықты екенін дәлелдесе керек.

Әбекең Аралда тұрған ма­ған өзі қоңырау шалып, кіші­пейілдік танытатын. Екеуміз бір жылғымыз. Бірде: «Мен сені шашының ағының молдығына қарап, ағам ба деп жүрсем, бала екенсің ғой. Мен сенен тура бір ай үлкенмін» деп әзілдегенмін. Бұл әзілді түсіністікпен қабыл­дады.

Дүниеден өтерінен бір ай бұрын отбасында болғанмын. Жоспарлары мол еді. Емін-еркін әңгімелестік. «Отыр, қазанға ет салдырайын» дегенінде «Кейін бір реті болар» деп қоштас­қанмын. Мұның соңғы қоштасу екенін кім білген...

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ.

Арал қаласы. 

***

Марқұмның 40 күндік асы 18 қаңтар күні сағат 12.00-де Қызылорда қаласындағы «Бай­қоңыр» мейрамханасында өтеді.

"Сыр бойы" газеті

Просмотров: 442 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]