Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:12
«Дәрігер алдымен науқасқа адамдық көзқараспен қарауы керек»

Ернияз  ОМАРОВ, Республикаға еңбегі сіңген дәрігер:

- Аға, ақ халатты абзал жан атануға не түрткі болды?

- Енді біз соғыс жылдарының балаларымыз. 1932-33 жылдары ашаршылық кезі­нде дүниеге кел­дік. Сол жылдар еміс-еміс болса да, менің есімде. Әкеміз әскерге кетті. Анамыз – колхозда. 6-7 жаста­ғы баламын. Соңымнан ерген Қали деген інім екі жаста болатын. Қаршадай бала болып жүріп, соған қарайтынмын. Қали мазасызданып, жылайтын.

Науқастанды. Ішін бассам, ішінде екі ісік бар сияқты. Сөйтіп жүр­генде інім Қали қолымда қаза тапты. Қайғысы қатты батты. Егер мен дәрігер болғанда, Қалиды аман алып қалар едім деген ой болды.

Содан 1947 жылы техникумға түстім де, үш жылдан кейін қызыл дипломмен тамамдап шықтым. Одан соң алты жыл мединс­титутта оқыдым. Оқып жүріп, сол институтта жұмыс істе­дім. Сол хирургиялық инс­титуттың директоры Гавриил Кириллович оқуымды аяқ­тағасын, 200 сом берді. «Осында қал» деп те қолқа салды. Бірақ ауылдағы әкем соғыстан кейін елдің жағдайы жырым-жырым болып кетті, қайт деді. Сөйтіп ауылға кел­дім. Жедел жәрдемде жұмыс істедім. Кейіннен қалалық денсаулық сақтау басқармасында 8 жыл бастық болдым. Барлық халыққа қолымнан келгенше бір адамдай көмектестім. Осы біз отырған қалалық аурухананың кірпішін бірге қалап, бас дәрігері болдым. Он бес жыл осында қызметте­ болдым. Аурухана құрылысын Шымкенттегі «Нефтьстрой» деген компания 1974 жылы бітірді. Сөйтіп оларға разылығымызды білдіріп, екі «Жигули» мінгіздік. 1982 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына бас­ш­ы болдым. 14 жылдай сол лауазымды атқардым. Айтқандай, 1974 жылы «Іштен кеміс туған балаларды оперативтік-консервативтік тұрғыдан емдеу»­ тақырыбында кандидаттық қорғадым. Қазір жасым 86-ға келсе де, қалалық ауруханада науқастарды қабылдаймын. Әсіресе кішкентай балалар­ды  көп әкеледі.

Балам, мен жаман дәрігер болған жоқпын. Халыққа қызмет көрсететін денсаулық саласын жақсарту үшін біраз тер төктік. Аудандарда орталықтандырылған 3 аурухана аштық. 29 учаскелік аурухана, 16 дәрігерлік амбула­тория да ашылды. Кадрлар дайын­дадық. Таза ауызсумен қамтамасыз етуді бірінші орындағы мәселе ретінде қарасты­рдық. Бірақ былтыр ғана шешімін тапты. Қиын кездерді де бастан кешірдік. 1978 жылы жұрт жаппай сары аурумен ауырды. 2-3 айдың ішінде 60-70 мың адам сары аурумен келіп түсетін. Тағы не сұрағың бар?

- Аға, жаңа кадр дайындау туралы айтып­ қалдыңыз. Қарамағыңыздағы қызметкерлерге қандай талап қоятын едіңіз?

- Шырағым, ол кезде талап біреу-ақ болатын. Жақсы дәрігер атану. Гиппо­крат антына адалдық таныту. Жаңа туған­ інімнің жағдайын айттым ғой, сол сияқ­ты дәрігерлерде ой болғаны жөн. Ең бірінші, дәрігер адамға адамдық көз­қараспен қарауы керек.

- Ота жасаған кезде қандай сәтті бастан­  өткізесіз?

- Дәрігер деген маман иесі күн сайын­ оқып отырғаны жөн. Күн сайын. Бір күн оқудан қол үзіп алмауы шарт. Медицина жетістіктерін жетік білуі керек. Оқып отырғаны, ізденіп отырғаны ләзім. Онсыз­  тірлік болмайды. Аурудың «судьбасын» дәрігер шешеді. Науқасқа ота жасау керек пе, керек емес пе?!  Қазір компьютер, томография, УЗИ деген бар. Бұрын оның біреуі де жоқ-тұғын. Клиникалық ойлаумен дөп басып­, операция жасайтын едік.

- Балаларыңыздың  барлығы  дәрігер. Оларға  маман  ретінде  көңіліңіз  тола  ма?

- Жанұямыздың бәрі дәрігер. Төрт балам осы салада, біреуі ғана экономист. Екеуі – ғылым кандидаты, екеуі – дәрігер. Бір ұлым қайтыс болды. Бәріне де бір талап.­ Ол – жақсы адам болу. Өз мамандығын жақсы игеру, халыққа медиц­ина­лық қызметті жоғары деңгейде  көрсету.

- Қазір  дәрігерлер  туралы  небір әңгіме айтылады. «Ақша бермесең, дұрыс қарамайды» деп жатады. Бұған не дейсіз?

- Гауһар, айналайын, мына сен сияқ­ты журналистер көлеңке бетін тере беретін­ болса жағдай қиын. Дәрігерлер келген науқасты кері қайтармайды. Бәрін қабылдап, көмегін көрсетіп жібереді. Дәрігерлерге көзқарас облыстық, республикалық деңгейде онша емес. Азын-аулақ айлығына риза болып, акушерлер операция үстелінде тұрады. Олардың жұмысын қалай баға­ламайсың? Сақшы болып, кірпік ілмей кезекші болып тұрған дәрігердің еңбе­гін дәрігер ғана біледі. Қалай болса солай, дәрігерлер жаман деп айта салу – оңай. Басынан өткізген адам ғана біледі, мамандықтың машақатын. Жаман­ дәрігер болған жоқпыз. Соның арқасында Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы  атандық.

- Бағана іштен кеміс туған балаларға қатысты кандидатық қорғадым дедіңіз. Мұндай жағдай неден болады?

- Дүниежүзі бойынша іштен кеміс туған балалар дәл осы себептен сондай жағдайға ұшырайды деп ешкім дөп басып­ айта алмайды. Қалай екенін, неден­  екенін ешкім білмейді. Мұндай балалардың үлесі дүниежүзінде – 0,3 пайыз.­ Біреуінің ойы қисық болып туылады, біреуінің аяғы қисық болып туылады. Біздің облысымызда да бар мұндай бала­лар. Келіп көрініп жатады.­

- Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтанд­ыру енгізіліп, оған жұрт жарнапұл төлейді деп жатыр. Мұның тиімділігі қандай?­

- Қиын сұрақ.

- Екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.

- Айту қиын.

- Аймағымыздағы  медицина  сала­сындағы  алдыңғы  қатарлы  сала  мен ақсап  тұрған  саланы  айтыңызшы.

- Облыс көлемінде кардиология саласы жақсы жетістікке жеткен. Іштен туған бала болсын, үлкен науқа­с болсын жүрегі нашар болса, емдеп жатыр­. Жаман емес, жақсы. Кардиология, урологиялық орталық бар. Ана мен бала орталығы да көңілге қонымды. Екіқабат әйелдерге көптеп көмек көрсетіліп жатыр. Облыстық медицина орталығын білесің ғой, сондай аурухана біздің республикада біреу-ақ. Жердің астындағы мұнайымыздың арқасында болгарлар салып берді. Жақында жедел жәрдем орталығы ашылғалы жатыр.

- Сонда  барлығы  бір орталықта бола  ма?

- Иә.

- Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарып отырған Ақмара­л Шәріпбайқызынан қандай өзгеріс  күтесіз, не  болмаса  мына  мәселені  былай­  шешкені жөн деген сияқты.

- Кеңес Одағы кезінде кадрды ірік­теу, сұрыптау, дайындауға ерекше мән берілетін. Бір бастық өзінің орнына қалатын кем дегенде 5 кадр дайындау керек-тұғын. Білікті, білімділігіне бойлай отырып. Қазір бұл мәселе жолға­  қойылмаған. Оның келгені қай­та жақсы болды. Саланы біледі. Кім­нің кім екенін таниды. Медицина­ сала­сын  өз орнына қояды. 1994 жылдан  бері денсаулық сақтау басқарма­сында­ 12 басшы ауысты. Соның ішінде Ақмарал Әлназарованы ерекше  атап өткім келеді. Ол – таптырмас кадр.

- Сонда  өзінің  орнына  кадр  дайындағанын  қалайсыз  ба?

- Иә.

- Рақмет, аға!

Әңгімелескен  Г.ЕСІМ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=5105%3Al------r&catid=7%3A2011-11-18-09-07-16&Itemid=7

Просмотров: 841 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]