Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:52
Болатбек БАЙМАХАНОВ: Сақтандыру жүйесі ҚОҒАМДЫҚ САНАҒА ӨЗГЕРІС ӘКЕЛЕДІ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қазіргі таңда билік үшін де, халық үшін де ең маңызды жобалардың бірі болып тұрғаны жасырын емес. Жаңа жүйеге өтуге Ақорданың айрықша мән беріп отырғанын мынадан-ақ байқауға болады. Халықпен кездесу ұйымдастырып, медициналық сақтандырудың артықшылықтарын түсіндіру мақсатында құрамына белгілі дәрігерлер мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері кірген ақпараттық үгіт-насихат топтары өңірлерге көптеп жіберіліп жатыр. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына дәл осы мақсатпен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор Болатбек Баймаханов та ат басын бұрды. Кезінде Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының денсаулық сақтау салаларын басқарған Болатбек Бимендеұлын әңгімеге тартып, өзекті мәселелер жөнінде пікірін білудің сәті түсті.
– Болатбек Бимендеұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің төңірегінде әлі де түрлі көзқарас сақталып отыр. Әсіресе қарапайым тұрғындар арасында «бұрыннан келе жатқан мемлекеттік жүйені жоюдың не керегі бар еді, сақтандыру жүйесін енгізудегі қажеттілік қандай?» деген пікірлер жиі айтылады. Бұған не дер едіңіз?
– Жаңа жүйені енгізудегі өзіндік себептері бар. Олар негізінен халық санының өсуіне, өмір сүру мерзімінің ұлғаюына, инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде әсіресе онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті ауруларының көбеюіне байланысты. Бұл ауру түрлерін нәтижелі де сапалы емдеу үшін жаңа инновациялық тәсілдер қажет. Кардиохирургиялық оталарды, ағза мүшелерін ауыстыру операцияларын өз деңгейінде жүргізуге қаражат қажет. Мұндайда міндетті медициналық сақтандыру тағы бір қаржы көзіне айналар еді. Сақтандыру қоры арқылы жиналған қаражат отандық медицинаны дамытуға жұмсалады. Екінші негізгі мәселе – жаңа жүйе адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтеді. Сақтандыру қорына өзі жұмыс істейтін мекеме арқылы немесе жеке адам ретінде жарнасын төлеген қоғамның әр мүшесі денсаулық саласындағы ортақ жауапкершілікті сезініп, ұлт денсаулығына үлес қосатын болады. Былайша айтқанда, сақтандыру жүйесі қоғамдық санаға үлкен өзгеріс енгізеді. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл дүниежүзінде бар тәжірибе. Таза мемлекеттік медициналық жүйе қазіргі уақытта бірді-екілі мемлекетте ғана сақталған. Ал әлем елдерінің басым бөлігінде сақтандыру жүйесі немесе аралас модель жұмыс істеп келеді. Біздікі дәл осындай аралас модель. Меніңше, мұнда үрейленетін ештеңе жоқ, себебі мемлекет қаржыландыру мәселесіндегі негізгі жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Оның үстіне мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің аясында жәрдем беруді жалғастырады. Ал медициналық сақтандыру жүйесі тек жоспарлы медициналық көмекке қатысты. Жалпы, бұл еліміз үшін өте маңызды қадам деген пікірдемін. Әсіресе әлеуметтік салаға беретін өзгерісі мол болмақ, себебі бұл жүйенің елдегі барлық 18 миллион тұрғынға – еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тікелей қатысы бар. Сондықтан бұл жобаға асқан жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Сақтандыру жүйесі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа еніп, адамдар емхана, ауруханаға барған кезде «сіз қорға жарнаңызды аудардыңыз ба? Жарнаны жеке тұлға ретінде аударып отырсыз ба, әлде жұмысшы ретінде ме?» деген сұрақтар туындайды. Дайындық мәселелерінің қазірден қолға алынып, түсіндіру жұмыстарының жүргізілуінің себебі осы. Жобаны жетілдіру мақсатында заңға өзгерістер енгізілуде. Соның ішінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген азаматтарға ерекше тоқталып өту қажет. Қазір ресми түрде жұмыс істемегенімен, өз отбасын асырап отырған азаматтар баршылық. Әлбетте, әркімнің өз тіршілігі бар. Біреу жер жыртып, ауыл шаруашылығымен шұғылданса, енді бірі көлік жүргізіп табыс табады. Олар сақтандыру қорына жарна төлеуді қосымша ауыртпалық ретінде қабылдауы да мүмкін. Алайда негізінен алғанда олар, керісінше, ұтады. Себебі олардың төлейтін жарнасы ең төменгі жалақының 5 пайызын ғана құрайды. Яғни қазір ол 24 200 теңге ретінде бекітілсе, бұл соманың 5 пайызы 1200 теңгеден аспайды. Сонда жылына әрі кетсе 16 мың теңге төлегенімен, тиісті медициналық көмекті, дәрі-дәрмектерді толық көлемде алуға мүмкіндік туады.
– Медициналық сақтандыру жүйесі отандық денсаулық сақтау саласын қалайша дамытпақ? Бұл бәсекелік ортаның дамуы есебінен жүретін процесс пе?
– Медицинадағы бәсекелестік қазірдің өзінде бар. Мәселен, бұрындары мемлекеттік тапсырыстарға тек мемлекеттік мекемелер қатысып келсе, қазір оған жекеменшік ұйымдар да тартыла бастады. Медициналық мекеме өз жұмысын ойдағыдай жүргізу үшін қаражатқа зәру. Егер көрсетіліп жатқан қызметі жақсы болса, халықтың арасында ол мекеме туралы жақсы пікірлер айтылады. Демек, адамдар да көбірек келеді. Келушілер көбейген соң табыс та арта түседі. Денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестіктің артуына медициналық сақтандыру жүйесі де оң әсерін тигізбек. Жалпы, соңғы уақыттарда еліміздегі медициналық ұйымдарды жекешелендіру мәселесінің де көтеріліп жатқанын ескерсек, бәсекелестік тек арта береді деп ойлаймын.
– Кезінде оңтүстіктің денсаулық сақтау саласын басқардыңыз. Содан бергі медицинаның сапасы қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз?
– Арада 16-17 жылдай уақыт өтті ғой. Бұрынғы ахуал мен қазіргі жағдайды мүлдем салыстыруға болмайды. 2000 жылдардың басында 3 миллион халқы, 900-ден астам емдеу мекемесі бар оңтүстіктің медицинасына бөлінетін қаржы 1 миллиард 200 миллион теңгенің шамасында еді. Қазір ортанқолды аурухананың жылдық бюджетінің өзі 2-3 миллиард теңгеге жуықтайды. Осыдан-ақ бұрынғы кезең мен қазіргі жағдайдың айырмашылығын шамалай беріңіз. Қаржыландыру деңгейі еселеп арта түскендіктен, заманауи ғимараттар салынуда, жаңа құрал-жабдықтар алынып жатыр. Қазір мамандарымыз тәжірибе жинақтау үшін шетелге жиі шығуда. Сырттан білікті мамандар да көптеп тартылады. Бұрын мұндай мүлдем болмайтын. Бұл да медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға тікелей ықпалын тигізуде. Алдыңғы жылдарда күрделі медициналық көмекті тек үлкен орталықтарда, Алматы мен Астанадағы ғылыми мекемелерде көрсететін. Қазір облыстарда күрделі операциялар жүргізе алатын медициналық ұйымдар ашылуда. Бұл әсіресе оңтүстікте кеңінен көрініс табуда. Мұның бәрі облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей қолдауы нәтижесінде және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, іскер маман Мұқан Егізбаевтың командасындағы бас дәрігерлердің жұмысты ұтымды ұйымдастыра білуінің арқасы екенін атап айту қажет.
Оңтүстік – еліміз үшін ерекше өңір, Қазақстандағы әрбір төртінші сәби осында дүниеге келеді. Облыс халқының 40 пайызы жастар мен жасөспірімдер, осының өзі өңірдің келешегі зор болатынын білдіреді. Шымкент қаласының даму қарқыны да сүйсіндірмей қоймайды. Бұрын 400 мыңдай тұрғыны болған қала қазір миллионға жуық халқы бар мегаполиске айналып келеді. Сол миллион тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсету ерекше маңызға ие. Оны қамтамасыз ету үшін ең әуелі медицинаның дамуына, сапалы мамандар тапшылығына көңіл бөлу керек. Жалпы, кадр мәселесі қай аймақта, қай мекемеде болсын бар.
– Отандық медициналық сала халықаралық стандарттарға жақындай түсті деп айтуға негіз бар ма?
– Нақты стандарт жоқ қой. Медициналық саланың дамуы көбіне қаржыландыруға байланысты. Көп шығынды қажет ететіндіктен, денсаулық сақтау мәселесіне қаражатты аямау керек. Себебі мемлекеттің келешегі, экономикалық дамуы онда тұрып жатқан халықтың, келер ұрпақтың денсаулығына тікелей байланысты. Әрине, Жапония, Кореяның деңгейінде дамып кеттік деп айта алмаймыз, бірақ соңғы 10 жылдағы даму қарқыны көңілден шығады. Әлбетте, әлі де кемшіліктер көп, дәрігерлер қауымын сынайтындар аз емес. Меніңше, бұл бірінші кезекте мамандардың сапасына, біліктілігіне байланысты. Медиктердің білімі заман талабына сай болуы тиіс. Медициналық жоғары оқу орындарының жұмысын дұрыс жолға қойып, талапты күшейту керек, оқыту бағдарламаларына өзгеріс жасау қажет. Мың жерден заманауи ғимарат салыңыз, ең соңғы үлгідегі медициналық жабдықтарды орнатыңыз, соны игеретін мамандар болмаса, оның қайтарымы болмайды. Қазір бізде саны көп, сапасы жоқ оқу орындары да жұмыс істеп жатқаны шындық. Мұны тоқтату керек. Мәселен, әлемдегі ең беделді медициналық жоғары оқу орындарының бірі Сеул университетіне жылына бар-жоғы 100 адамды қабылдайды екен. Оның 95-і бітіріп шығады. Бірақ сол мамандардың біліктілігі соншалық – кез келген елдегі клиникаға жіберуге болады. Біз де осындай жүйеге келуіміз керек. Әдетте, медициналық оқу орнының жанында клиника болады. Жасыратыны жоқ, біздегі студенттер көп жағдайда сол ауруханаларға кіре алмай жүреді. Оларды практикаға жақындатпайды. Осындай олқылықтарды жоя білсек, денсаулық сақтау саласының сапасын анағұрлым арттыра алар едік.

Әңгімелескен Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

http://zhasalash.kz/eleumet/20129.html

Просмотров: 951 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]