Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



15:44
БІЗДІҢ ҚОҒАМ ДОНОР БОЛУҒА НЕГЕ ДАЙЫН ЕМЕС?.


.

 

Ахан АЙХАНОВ, С. Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің ректоры, м.ғ.д, профессор:  
– Трансплантациялау операциясы шетелдерде ұзақ уақыттан бері жасалуда. Қуантатыны сол, соңғы уақытта осындай күрделі операцияны қазақстандық дәрігерлер де мықтап игере бастады. Алғашқы нәтижелер де жақсы. Алайда мұндай операцияны жасау үшін міндетті түрде донор қажет. Сонда кім донор болуы мүмкін? Міне, басты мәселе де осында! Ең алдымен, бұған қоғам дайын болуы керек. Мұның барлығы қаржыға келіп тірелетіні даусыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, көп жағдайда туысқан адамдар аурудың зардабын жылдар бойы тартқан ағайын-бауырына амалдың жоғынан өзінің бүйрегін немесе бауырын беруге келіседі. Сондай-ақ соңғы уақытта елімізде тұрмыс мұқтаждығынан бауырын немесе бүйрегін сатуға бел байлаған азаматтар  да кездесуде. Әрине, бұл дұрыс емес. Өйткені мұндай маңызды іс-шараны міндетті түрде заңдық тұрғыдан шешу қажет. Мысалы, бірқатар шетелдерде адамдардың ағзасын сату заң жүзінде қарастырылған. Біздің қоғамның да ойланғаны жөн.  

Есентай ТӘЖИЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:  
– Медицинаның трансплантология саласы – Қазақстанда өте кенже қалған саланың бірі. Шетелдерде медицинаның бұл саласы әлдеқайда дамып кеткен. Осыдан он жыл бұрын біздің дәрігерлер трансплантологияны біртіндеп меңгере бастады. Бастапқыда жетістік соншалықты болмағанымен, соңғы екі-үш жылда бұл сала жақсы дами бастады. Мысалы, Астана мен Алматыда, Шымкент пен Қызылордада, Тараз қаласында жергілікті хирург дәрігерлер трансплантациялау операциясын өте сәтті жасап, өздерінің білім-біліктерінің жоғарылығын көрсетті. Бұл – медицина саласындағы ілкімді ізденістің нәтижесі. Алайда «адамның қажетті органын (бүйрек пен бауыр) қайдан алу қажет?» деген мәселе туындайды. Еліміз дәрігерлері бұған дейін ауру адамдарға олардың ағайын-бауырларының, туыстарының бүйрек-бауырларын ауыстырып салды. Бұл мәселеде донор табу оңай емес. Тіпті, қазір біздің қоғамда тұрғындар донор болуға дайын емес. Мысалы, шетелдерде әрбір адамның қалтасында арнайы құжат жүреді. Міне, осы құжатта әлдеқандай апатты жағдай бола қалса, онда әлгі адамның қажетті органдарын кімге салу туралы келісімі жазылады. Дәрігерлер осы жазбаға қарай әрекет етеді. Мұндай тәжірибе көптеген дамыған елдерде бар. Осыған орай, арнайы құрылымдар әр аймақ тұрғындары арасында трансплантология туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізгені абзал. Түсіндіру шараларын қолға алғанда ғана Қазақстанда донор мәселесін жолға қоюға болады.  

Есбол ӨМІРЖАНОВ, заңгер:  
– Қазір елімізде қаншама адам (арасында жас балалар да бар) бүйрек пен бауырдың тақсыретін тартып, қиналып жүр. Ал оларды аман алып қалуға әрбір парасатты адам қолдан келген көмегін аямауы тиіс. Бұл, әрине, қажетті бүйректі, не бауырды ақшаға сатып бере салу қажет деген сөз емес. Өйткені бүйрек пен бауырдың зардабына шалдыққан тұрғындардың кейбіреуінің әлеуметтік жағдайы төмен болуы әбден мүмкін. Осыны ескеруіміз қажет. Бұл мәселенің тұрмыстық жағы. Ал заңдық тұрғыдан алсақ, 2014 жылы 3 шілдеде қабылданып, осы жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енген Қылмыстық Кодекстің (№226-Y) 116-бабында осы мәселе жан-жақты қарастырылған. Осы бапта ауыстырып салу үшін тірі адамның органдары мен тінін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу, тірі адамның органдары мен тініне қатысты заңсыз мәмілелер жасау қылмыс болып танылады және кінәлі адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады деп атап көрсетілген. Ал адамның өз еркімен органдарын саудаға салуын қудаламайды. Бұған қоса, адамның тiндерi мен ағзаларын мәжбүрлеп алуға және ауыстыруға тыйым салынады. Осы бапқа сәйкес, адамның тiндерiн немесе ағзаларын сатып алуға, сатуға тыйым салынады. Бірақ мұнда негізгі бір мәселе – мәйіттің донор болуы үшін оның қандай жағдайда мәйітке айналуы тиіс екендігі айқындалмаған. Себебі, адам мәйітін донор ретінде пайдалануда оның екі жағдайы орын алуы мүмкін. Оның бірі – ұзаққа созылған немесе өзге сырқат салдарынан адамның көз жұмуы. Мұндай жағдайда қаза болмастан бұрын әлгі адамның келісімі алынуы қажет. Науқас көзі тірісінде жазбаша келісімін беруі тиіс. Екіншісі, адамның жазатайым жағдай салдарынан қаза табуы. Бұл тұста тек оның туыстарының келісімі талап етіледі. Меніңше, бұл үшін болашақ донордың тұрақты мекенжайындағы медициналық мекемеде донорлыққа қатысты жазбаша пікірі немесе ұстанымы болуы тиіс. Осы арқылы ортақ база қалыптасып, донор болуға қарсы емес адамдардың тізімі айқындалар еді.  

Сауалнаманы жүргізген – Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
http://aikyn.kz/articles/view/63706

 

Просмотров: 1042 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]