Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:35
БІР ЖАРЫМ ҒАСЫРДАН АСТАМ ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ

Кезінде медицинаның аталарының бірі әйгілі Гиппократ «Басқалар үшін бақыттың бастауы болу – дәрігерлік мамандықты таңдаған әркімнің нағыз бақыты мен жердегі өмірінің идеялы осы болуы тиіс» деген болатын.

Дәрігер мамандығы ежелгі кәсіптердің бірі. Бұған ешкімнің таласы болмасы айқын. Адамзат пайда болғаннан бастап, олардың денсаулығына түрлі кеселдер кері әсер ете бастады. Мұндай кезде оларға емшілер, кейін дәрігерлер көмекке келіп, тиісті жәрдемін берді. Сол себепті емдеу ептіліктерін жете меңгерген дәрігерлер әрқашан құрметке ие болды. Уақыт өте келе медицина ғылымы да дами түсті, медициналық білім бір жүйеге келтірілді.

Сыр өңірінде Шәріпбай Әлназаровтың есімін орта және кәрі жастағы адамдар арасында білмейтіні жоқтың қасы. Ол өткен ғасырдың орта шенінде облыста алғашқылардың қатарында болып, урология саласын қалыптастырған жарқын тұлға. Ол урологиялық дерттерге операция жасап, талай науқастарды сауықтырып, қатарға қосты.

Шәріпбай ағаның медицина саласына қызығушылық танытып, адам емдеуге ықыласының ауғанын оның алдымен медициналық училищеде, кейін дәрігерлік институтте оқып, осы мамандықты игеруге деген табандылығынан аңғаруға болады.

Бұған қоса оның дәрігерліктің ішіндегі ауыр мамандықтардың бірі хирургиялық саланы, оның ішінде урологияны таңдауы да құрметтеуге тұрарлық. Кейін урология саласының қыр-сырын жете меңгеруге ұмтылып, сол кездегі Кеңестер Одағының бас урологы және нефрологы, Кеңестік еңбек батыры академик Николай Алексеевич Лопаткиннің басқаруындағы ғылыми-зерттеу институтында төрт айлық білім жетілдіру курсында болып, озық операцияларды үйреніп, кейін бұларды Сыр өңірінде қайталауы оның ізденімпаздығының, таңдаған кәсібін ұштау бағытындағы табандылығын білдірсе керек.

Кейін ол облыстық аурухананың урология бөлімшесінің меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Сыр медицинасындағы атқарған еңбегі еленіп, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды, «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер» құрметті атағын иеленді. Шәріпбай аға өз өмірінде 5 мыңдай операция жасаған екен.

Әйелі Шолпан Момынжанқызы Көпербаева да Шәріпбай ағамен қатарлас денсаулық сақтау саласында еңбек етті. Ана мен бала денсаулығын қорғаған білікті акушер-гинеколог болды. Олардан өрген бес перзенттің үшеуі әке мен ана жолын жалғастырып, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келеді.

Әрине, дәрігерлер отбасында өсіп-өнгендіктен балаларының да жас кезінен бастап құлақтарына медицина туралы айтылған сөздердің жатталып қалары анық. Олардың есейген шағында да осы мамандықты таңдауы заңдылық.

Ұрпақ сабақтастығын жалғастырған Ақмарал Шәріпбайқызы ұзақ жылдар бойына облыстың денсаулық сақтау саласына басшылық етті. Оған қоса ғылыммен де айналысып, табысқа жетті. Бүгінде ол Қазақстан Республикасының сенаторы.

Ал Ақтоты Шәріпбайқызы Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары болса, Шолпан Шәріпбайқызы Қызылорда облыстық балалар ауруханасының зертхана меңгерушісі.

Бүгінде Ақтотының ұлы мен апасының қызы медициналық академияда оқиды. Олардың болашақта ата мен әже, аналарының жолын жалғастырып, денсаулық сақтау саласында еңбек етері айқын. 180 жылдық ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.            

Еркебай Ілиясұлы АЯПОВ,

Қызылорда облыстық Қан орталығы,

ұйымдастыру-әдістемелік бөлім меңгерушісі,

ақпан 2021 жыл, "Сыр медицинасы" газеті

 

Просмотров: 292 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]