Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:11
БЕРЕКЕ-ЕҢБЕК ЕТКЕНГЕ БІТЕДІ

Туған жердей жер, туған елдей ел бар ма? Ой елегінен өткізген адамға-ауқымы кең, тамыры терең сөздер. Туған жерден ұзап шыққанда атамекенді, туған топырақты аңсамайтын жан жоқ шығар, сірә да. 
Отанды сүю осы туған жерден басталса керек. Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады»,-деп атап көрсеткен болатын.
Мақала жарияланғалы бері еліміз рухани қайта түлеп жаңғыруда, жаңаруда, оңды өзгерістерге жол ашылуда. 
Соның бір парасы-«Туған жер» бағдарламасы. Киелі мекеннен ұзап шығып, өзге өңірлерде қызмет жасап жүрген бірқатар азаматтарымыз, тұғырлы тұлғаларымыз туған жерге маңдай тіреп, оның дамуына, мәдени-рухани, әлеуметтік өсуіне септігін тигізуде. 
Қасиетті Қармақшы топырағына тәу етіп, аудан тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсете келген жанның бірі-Қазақ Ұлттық медициналық университетінің бала аурулары кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР «Алтын дәрігер» белгісінің иегері Исмаилова Дина Базаралықызы.
Елбасының игі бастамасына қолдау білдіріп, Алматы қаласынан арнайы атбасын тіреген ғалым-дәрігермен әңгімелесудің сәті түскен еді. 
-Дина Базаралықызы, киелі өңірге қош келдіңіз. Әңгімемізді сіздің аз-кем өмір жолыңыздан бастасақ. 
-Мен 1951 жылы Үржар ауданында дүниеге келгенмін. Аспирантураны Мәскеу қаласынан «Бүйрек аурулары бойынша» бітіргенмін. 3 жыл Алматыда Педиатрия ғылыми-зерттеу институтында қызмет жасадым. 6 жыл Алматы қаласының бас педиаторы болдым. 1989 жылдан бастап медициналық университетте балалар және бүйрек ауруларынан сабақ беріп келемін. 
-Сізді осында алып келген қандай күш болды екен?
-Менің ақсақалым, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Бекжанов Зарқұм Сартайұлы 1938 жылы Қармақшы ауданына қарасты Диірментөбе стансасында өмірге келген. Оның саналы ғұмыры Қазақстанның темір жол саласымен тығыз байланысты. Ол Көлік, коммуникация академиясында 20 жылдай декан болған азамат. «Тасымалдау, ұйымдастыру» кафедрасында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етті. 
Азаматым Алла бұйыртса, келесі жылы мерейлі 80 жасқа толады. Ол кісінің  жұбайы-Дәметкен Сарыбаева осы жердің қызы. Өте мықты әйел болған. 4 баламен үйде қалып, жолдасын аспирантураға оқуға жіберген. Зәкеңдей азаматтың өсуіне бөгет жасамай, оған: «өсейік, өнейік»,-деп шабыттандырған адам. Өкінішке орай, Зәкең ғылымда белгілі бір дәрежеге жетіп, декан болған кезде өмірден озды. 
Мен Зарқұм Сартайұлының отбасына келгенімде 3 келін, 3 немере болды. 4-ші келінді мен түсірдім. Қазір шаңырағымызда 7 немере, 7 шөбереміз бар. 
-Зәкең осыдан 3-4 ай бұрын кіндік қаным тамған жерге қолұшын берсем деп жүрген. Отбасымызды жинап, өз қаражаты есебінен Қармақшы ауданы орталығынан әлеуметтік жағынан әлжуаз немесе көп балалы отбасы балаларына арнап балабақша салып берсем деп ниетін білдірді. Біздер ол кісінің ойын қуана құптадық. 
-Мұндай азаматтық көзқарасқа үлкен жүрек керек болар?
-Адамның артында жақсы сөз бен ісі қалуы керек қой. Ауданда мешіт, балабақшалар жетерлік екен. Дәрігер болғандықтан денсаулыққа көп мән беретінім рас. Бүгінде қоғамда кемтар, мүгедек болып туылап жатқандар көп. Оларға мемлекет тарапынан көмектер көрсетіледі. Бірақ адамның жаны бар. Ол социумсыз өсе алмайды. Тізімге қарағанымызда ауданда кемтар балалар бар. Оларды қарым-қатынасқа үйрету, қоршаған ортаға қалыптастыру, әлеуметтік көмек көрсету орындары жоқ екен. Осы ретте, Зәкең екеуміз  «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Райымбаевамен кездесіп, әңгімелестік. Ол балалардың қолынан шыққан түрлі бұйымдарын көрсетті. Бірлестік жетекшісінің батылдығына риза болдық. Жобалармен жұмыс жасайды екен. Бірлестік мүшелерін тоқуға, тігуге, сурет салуға баулып жүр. Қандай төзімділік. Осының барлығын жүрек сүзгісінен өткізіп, Зәкең осы балаларға әлеуметтік қалыптастыру үйін салуға шешім қабылдап отыр. Себебі, мұндай балалардың жанын жандыру керек. Бір-бірімен араласатын, бас қосатын орта оларға міндетті түрде қажет. Сонда ғана олар өседі, дамиды. Олардың арасынан да талантты, шығармашылық адамдары шығады. Баланың ішкі жан дүниесін өсірсек, ол балада «ауруды жеңемін» деген сенім пайда болады. Және ол сонымен өмір сүреді. 
-Сырт көз-сыншыл» дегендей, елге келгенде нендей өзгерістер байқадыңыз?
-Бұған дейін де ауданда бірнеше мәрте болып, Ақжар, ІІІ Интернационал, Жаңажол ауылдарында жұмыс істегенмін. Сонда бала өлімі жоғары болатын. Ол кездері 1000 баладан 30 бала шетінесе, қазір 10 баладан төмен. Бұл жаман көрсеткіш емес. 
Медициналық заманауи УЗИ аппараттары, рентгенограмма, зертханалар бар. Жаңа үлгіде емхана салынған. Мұның бәрі-Қазақстанда медицина қызметінің сапасын көрсетсе керек-ті. 
Әлбетте, медицина саласы өте ауқымды сала. Онда шешімін таппаған мәселелерде бар. Сол үшін де аудан дәрігерлерін бүйрек ауруларын қалай емдеу керек, оның алдын алу жолдары жайында дәрістер оқыдым. Етене әңгімелер жүргіздік. Сұрақтарға жауап бердім. 
-Жарыңызды ерекше құрметтейді екенсіз. Ұсынысын бірден қабыл алдыңыз  ба?
-Құрылыс жұмыстарына жұмсалатын қаржы азын-аулақ ақша емес, үлкен қаражат. Десем де, ақсақалым, өз еңбегімен, маңдай терімен тапқан қаржысын қалауынша жұмсап және ол оған бақыт, қуаныш әкелетін болса,  мен неге оның ұсынысын қабыл алмайын. Зәкең азаматтық іс жасап жатса, мерейіміз неге тасымасын. Ол кісі ауырмай, сырқамай жүрсе, менің бақытым сол. Жарымды ерекше құрметтеймін. Жанұяда ер мен әйелдің ортасында жалғайтын сыйластық, парасаттылық сезімі деп ойлаймын. 
-Газет оқырмандарына тілегіңіз?
-Қазақ елі еңбекқор, табысты, ізденгіш болса деймін. Адал еңбекпен тапқан нанға ешнәрсе жетпейді. Жастарымыз екі қолын қусырып бос отырмаса екен. 
Менің жасым 66-да. Зейнеттегі адаммын. Жұмысым мен үйімнің арақашықтығы 30 шақырымдай жер. Таңғы сағат 5-тен оянып, көлігімді оталдырамын. Мені жұмысқа бар деп қинап жатқан жан жоқ. Бірақ еңбек етіп, қоғамға пайда тигізу-ол ғажап нәрсе. 
-Келелі әңгімеңізге рахмет. Ағамыз екеуіңізге Алла денсаулық берсін. Іске сәт болсын!

Әңгімелескен Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.

https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/suhbat/33-bereke-ebek-etkenge-bted.html

Просмотров: 532 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]