Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:52
Бейісованың биік белестері


      Қалың қазағына қызмет қылып, адамдық, перзенттік борышын адалдықпен атқарып жүрген жандар бар. Біле білгенге, адам баласының мына дүниеге келуі, өмір сүріп жүруі үлкен мән мен мақсаттан тұрады. Өмірге келген әр пенде жайдан-жай жаратылған жоқ. Әрқайсысының айналасындағыларға бір тигізер пайдасы бар. Атқарар міндеті бар. Сол алуан парыздың бірі әрі бірегейі – туған халқына, ел-жұртына пайдалы болып, бір кәдесіне жарауы. Әйгілі ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлы адамның туған халқының алдындағы қарыз-парызын ақыл-насихат етіп өлеңімен өрнектеп кетті:
      Адамдық борышың –
      Халқыңа еңбек қыл.
      Ақ жолдан айнымай     

      Ар сақта, оны біл!
       Халқының алдындағы перзенттік парызын адал атқарып жүрген, адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жанның бірі – Бейісова Үрмия Қожахметқызы. Ол 1950 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Дәрігерлік салаға өмірінің жарты ғасырға жуығын, дәлірек айтсақ, 49 жылын арнаған абзал жанның кәсіби қызметі бойынша білімі терең, тәжірибесі мол. Саналы өмірі халқының саулығына, салауатты өмір сүруіне арналса, өз кәсіби қызметін ондай жаннан артық білемін деп ешкім де айта алмас. 
      Үрмия Қожахметқызы дәрігерлік саладағы еңбек жолын республикалық медициналық училищені бітіріп келген соң, алғаш Қармақшы аудандық ауруханасында медбикеліктен бастады. Аудандық ауруханада үш жыл қызмет етіп, кәсіби-теориялық білімін нақты тәжірибемен толықтырды. Содан кейін өзінің білім-білігін арттыру мақсатында Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірді. Жоғары медициналық оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң, бір жыл бойы облыстық медицина орталығында интернатурадан өтті. Кейін, көп кешіктірмей, бірнеше медициналық мекемелерде жауапкершілігі басым «бөлім басшысы» қызметін абыроймен атқарды. Алдымен, Қызылорда біріккен авиа орталығына санитарлық бөлім басшысы болып он екі жылдан астам қызмет етсе, кейін тағы да дәл сонша уақыт өтілімен №6 қалалық емханада «Реабилитация» бөлімін басқарды. 
      Ал 2003 жылдан бастап кәсіби-медициналық шеберлігі мен тәжірибесі арқылы туған халқына пайдасын тигізіп, «басы ауырып, балтыры сыздаған» жандарға жедел де сапалы дәрігерлік көмек көрсету мақсатында «Жанар» атты жеке клиникасын ашты. Өзі клиниканың басшысы ретінде бүгінгі күнге дейін барлық жұмысты үйлестіре ұйымдастырып келеді. Бұл Үрмия 
      Қожахметқызының өзін жаңа бағытта – кәсіпкер, басқарушы-ұйымдастырушы қырынан сынап көруіне де зор мүмкіндік тудырды. Сол тұстағы нарық заманының медицина саласына «ұсынған» ұсыныстарының бірі – жеке клиникалар болатын. Әркім өз қолынан келетін істі кәсібіне айналдыра білуі, әрине, үлкен тәуекелшілдік пен батыл жүректілікті талап етері сөзсіз. Бұл екеуі де Үрмия Қожахметқызының бойынан табылды. Клиникасы жерлестеріне сапалы да қолжетімді медициналық қызмет көрсетіп келеді. 
      Үрмия Қожахметқызының медицина саласына сіңірген өлшеусіз, орасан зор еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – Қазақстан Республикасының «Денсаулық саласының үздігі» аталымының иегері. Онымен қоса, еліміздің оңтүстік өңірі медицина саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Алтын көшбасшы» атағын алған. Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Қазақстан әйелдері» I съезінің делегаты, «Қазақстанның іскер әйелдері» форумының бірнеше мәрте қатысушысы. «Қанатты әйел - 2» және «Қоғамдық таңдау» дипломдарымен марапатталған. Облыстық «Жұлдызы жанған елімнің жұлдызы жанған қыздары» жобасының жүлдегері. Облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» екі мәрте марапатталған. «Алтын дәрігер» және мерейтойлық төсбелгілерін төсіне таққан табысты тұлға. 
      Үрмия Қожахметқызының еліміздің медицина саласына сіңірген ерен еңбегі мақтау-марапаттаулардан бөлек. Оның кәсіби қызмет-жетістіктері жайында кітаптарда, баспасөз беттерінде, мерзімді басылым – газет-журналдарда да жарық көрді. Атап айтар болсақ, Үрмия дәрігер жайындағы өмірдеректік, кәсіби-қызметтік жетістіктері туралы мақалалар «Орданың алтын кітабы», «Қазақстан медицинасының қолтаңбасы», «Қазақстанның қанатты әйелдері», «Тынымсыз жандар» кітаптарына және «Жарасымды жанұя», «Академия здоровья.кз», «Кәсіпкер және мәдениет», «Шаңырақ келбеті», «Жемчужина Казахстана» журналдарында, кейбірінде бірнеше мәртеден жарық көрген болатын. Үрмия Қожахметқызының ұлт болашағына, халық денсаулығын жақсарту мен емдеу жолындағы жылдарға жалғасқан жемісті жұмысы жайлы сырлы сұхбаттар, тұлғатанымдық хабарлар мен бағдарламалар облыстық, қалалық телеарналардан бірнеше рет көрсетілді. Бір емес бірнеше өнерді қатар меңгерген талантты жан Үрмия 
      Қожахметқызы туған халқының денінің саулығы, амандығы үшін қызмет қыла жүріп, өмірден білген-түйгенін, өмір жолын ақ қағаз бетіне көркем сөзбен суреттей білді. Соның айғағы 2018 жылы жарық көрген «Кемесінде өмірдің жүзіп келем» және 2019 жылы баспадан шыққан «Абзал азамат» атты кітаптары еді. Бүгінгі таңда Үрмия Қожахметқызы – бірнеше қызметті қатар ұстап, биігінен «құлатпай», жоғары деңгейде атқарып отырған тәжірибелі де табысты жан. Ол – Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің «Сыр медицинасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Сыр медицинасы» газетінің меншік иесі, жоғарыда аталған «Жанар» клиникасының басшысы, ең бастысы, жоғары кәсіби білікті дәрігер. Сыр медицинасының ардақты азаматы болған, асыл жары Мұхтар Бейісұлымен өмірдің қиыны мен қызығын қатар кешкен қырық екі жылдық бақытты отбасылық өмірінде екі ұл, бір қыз баланы дүниеге әкеліп, мәпелеп өсіріп қанаттандырып, ұлдарын ұясына, қызын қиясына қондырып, солардан немерелер сүйіп отырған бақытты әже.Туған халқына қызмет қылудың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан Үрмиядай үздік дәрігерлері барда еліміздің медицина саласының тұғыры тайып, қадірі қашпасына кәміл сенеміз!

https://best-people.info/medicine/227-bejsova-rmija.html

Просмотров: 270 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]