Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:00
Қауіпке қарсы қызмет

https://qarmaqshy-tany.kz/uploads/posts/2021-05/1621917693_kaupke-karsy-kyzmet.jpg

Ел аумағының 39 проценті оба ауруынан қолайсыз болып есептеледі екен. Оның ішінде біздің аймақ Орталық Азияның табиғи шөлейтті оба ошағының белсенді бөлігінде орналасқан. Сондықтан қауіпті індетке қарсы күрес бір сәт те болсын бақылаусыз қалған емес. Мамандардың қазіргі атқарып жатқан жұмысын білмекке аудандағы обаға қарсы күрес бөлімшесіне аяңдадық.

Есіктен ене бергеннен-ақ бөлімше басшысы Мұрат Бәлібаев жылы шыраймен қарсы алды. Ә дегеннен әңгімені әріден бастаған ол бөлімшенің тарихынан сыр шертті.

– 1945 жылы Аралдың алыс қойнауында қоныс тепкен Ауан, Ақбасты елді мекендерінде жұртты дүр сілкіндіріп, дүрбелеңге түсірген оба ауруы әр үйге ажал әкелген жағдай болды. Дертті ауыздықтау үшін Одақтық денсаулық сақтау саласының мамандары Ауанға жұмылдырылды. “Құс қанаты талатын қияндағы ауылға Мәс-кеуден ұшқан ұшақтардан көз сүрінуші еді” дейді сол бір дүрбелеңді өз көзімен көргендер. Содан бері Арал аумағы аса қауіпті аймақтар қатарына жатқызылып, қатерлі дерттің алдын алатын Аралдағы арнаулы станса 1945 жылы өмірге келді. Оба қатері үнемі қозғалыста болатындығын 1947-1948 жылдары Ордазы бекетіндегі қайғылы жәйт өткірлей түседі. Осы бекеттегі ауырған 8 адамның 6-уының ажал құшуы оба дертінің оқыстан төнетін тажал екенін анықтай түсті. Аса қауіпті індеттің халық арасында таралып кетпеуі үшін Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясының бастығы Н.Жучаевтің бұйрығымен тез арада Жосалы табанында оба ауруын зерттейтін алғашқы пункт ашылды. Сол жылдары мекемеде санаулы ғана адамдар жұмыс істеген. 1949 жылдан бастап Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі болып іргесі кеңейген үлкен мекемеге айналды, – дейді бөлімше басшысы.

Сол уақытта бөлімшенің зерттеу аймағы 3 млн гектар жерді қамтыған. Тұрғылықты халықтан далалық кеміргіштер мен сырт­масылдарды жою жұмыстарына 80-100 адамдай тартылған. Жұмысшылар негізінен соғыс кезінде жер аударылған халықтан құрылған екен. 1947-1948 жылдары тіркелген жергілікті халықтың арасындағы оба ауруы бөлімше мамандарының күшімен тоқтатылып, жойылыпты. Бөлімшені 1947-1953 жылдары Д.Миклашевский басқарған мекемеде 32 адам қызмет еткен. Бұл жылдарда бөлімшенің зерттеу аумағы 6 млн га жерді құрап, бөлімшеде Қарақұм (1964), Қарақ (1953) және Қызылорда эпиджасақтары обаның алдын алуда жұмыс жүргізген. Мамандардың жетіспеуінен эпидмаусым кезінде Алматы, Мәскеу, Ленинград, Новороссийск және Молдавия, Грузия республикаларындағы обаға қарсы ғылыми зерттеу институттарының медицина ғылымдарының докторлары С.Варшавский, Н.Гуляевская, И.Стогов, Б.Айткалиев пен Т.Мека-Меченко жұмыс атқарған.

Бөлімшенің материалдық-техникалық базасының жаңаруы, бөлімше жұмысының саны емес сапасының артуы 1976 жылы Е.Картушинның келуімен бастау алған. 1976-1983 жылдары көне ғимараттардың орнына бой көтерген жаңа зертхана, кеңсе, гараж және Қарақұм эпидқұрылымының базасы іске қосылды. 1973 жылдан бастап бөлімшенің Қарақұм (Богдок) эпидтобы лабораториясында экспериментальды-зерттеу жұмыстарын бастауға орталықтан рұқсат алынады. 1976 жылдан бері оба індеті табиғи ошақтарының жеке төл құжаты дайындалған. Орталық Азия табиғи ошағы дербес ошақтарға жіктеліп, олардың шекаралары нақтыланады. Әрбір ошақ сызбалы картаға түсіріліп тік бұрыштар, алғашқы аудан және жеке секторларға бөлініп, тексеру нүктелеріне шифрлар қойылады. Дербес ошақтар өздерінің географиялық орналасуына сәйкес атауларға ие болады. Бұл дербес ошақтарда оба қоздырғышының негізгі сақтаушысы үлкен құмтышқан, таратушысы Ксенопсилла туысты бүргесі екені ғылыми тұрғыда нақтыланды. Сондай-ақ оба індетін таратуға қатысы бар екінші дәрежедегі қосымша және кездейсоқ кеміргіштер саны 15-тен 22-ге, бүргелер саны 9-дан 24-ке көбейгені жөнінде тізім жасалады. Обанаң автономды дербес ошақ­тарының шекараларының анықталуы тұрғындар арасында жоспарлы әрі жүйелі түрде санитарлық-ағарту және обаға қарсы алдын алу іс-шараларын жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік берді.

74 жыл уақыт ішінде мекемеде 90-ға жуық дәрігер мен зоолог жауапкершілігі мол, аса қауіпті де қатерлі індетті ауыздықтау жолында аянбай еңбек еткен.

– Қазір мекемеде 60 адам қызмет етеді. Бүгінде зерттеу жұмыстары бөлімшеде орналасқан орталық зертхана, Қарақұм эпидқұрылымы және Т.Көмекбаевта орна­ласқан Түпбөгет эпидқұрылымы күшімен жүргізіліп келеді. Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі өзіне бекітілген 72 000 шақырым жерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Оның 60 000 шақырым жері обадан энзоотиялы болып есепке алынған. Бұл жерлер – Арал маңы Қарақұм, Қызылқұм, Арысқұм Дариялық тақыр дербес ошақтары. Бөлімшенің бекітілген зерттеу жер аймағының барлығында оба эпизоотиясы кезең-кезеңмен тіркеліп тұрады, әсіресе Шығыс Қарақұм ЛЭА орналасқан көптеген мұнай игеру орындары аумағының эпид потенциалының жоғары екені эпид бақылауды күшейтуді талап етеді. Мекеме ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №8 2020 жылғы қаулысына сәйкес бекітілген жер көлемінің 60 процентін зерттеп келеді, – дейді М.Бәлібаев.

Бөлімшеде 2009 жылдан бастап далалық жадығаттарды иммун­оферметтік сараптамаға, полимеразды тізбектік реакцияға зерттеуге сынамалар жинау жолға қойылып, зерттеу қоры­тындылары эпизоотологиялық тек­серу­лер жос­парлау барысында пайдаланылуда. Иммуноферменттік сараптама қортындысымен өзіне бекітілген ау­мақта анықталған кене түрінің арасында Конго Қырым гемморагиялық қызбасы вирусының айналымы анықталды. Сонымен қатар сарып, туляремия пастереллез, листериоз және басқа да зоонозды ауруларға зерттеулер жүргізілуде.

Бір қызығы, бөлімшеде музей ор­наласқан. Осы жерге жауапты Дәрігүл Иманшаева мұражайдағы түрлі қатырылып сақталған жан-жануарларды көрсетіп, тарихына көз жүгіртті. Мұнда бөлімше ашылған жылдан бастап түрлі құс, жануардың қалпы сол күйі сақталған.

Бөлімше құрылғанынан мекемеде виварий жұмыс істеп келеді. Жыл бойына 500-1000 данаға дейін ақ тышқан өсіріліп, жұмысқа беріледі. Осы жерде санитар болып қызмет атқаратын Гүлжан Жұмағалиеваны әңгімеге тартқанымызда жұмысы нәзіктікті талап ететінін айтты. Өйткені әрбір тышқанға күтім керек. Егер тамақ жетіспесе өз-өздерін жейді екен. Сол үшін уақытылы тамағы, витаминдері беріліп отырады.

Табиғи оба ошақтарындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың эпизоотологиялық ахуалын зерттеу кезінде ГАЖ (Географиялық ақпарат жүйесі) технологиясы бөлімше мамандары арасында кеңінен қолданысқа енгізілді. 2010 жылдан бастап станция басшысы тарапынан бөлімшеге көмек көрсетіліп, мекеме автопаркі жаңарған. Қолданысқа жаңа заманауи медициналық құрал жабдықтар берілген. Қарақұм эпидқұрылымы базасында, орталық зертхана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мекеме жаңа буын мамандармен толығып, мамандардың соңғы жылдары айналысқан ғылыми жұмыстары 16 рет ғылыми кітаптарда жарық көріпті.

Қазір мекеме қызметкерлері көктемгі іс-сапармен дала төсінде жүр. 60 күнге созылатын бұл науқан күзде де 50 күндікпен жалғасады. Мамандардың айтуынша, көктем мезгілінен бастап маусым айының 10-15-іне дейін кеміргіштер көбейеді екен. Осы аралықта обаға қарсы күрес бөлімшесінің жұмысы да қыза түседі.

Мекеме қызметкерлері аймақта аса қауіпті жұқпалы індеттің халық арасына таралмауын қатаң бақылауда. Сонымен қатар бөлімше ауданның барлық іс-шараларына қатысып, әртүрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын алып келеді. Иә, көбі біле бермейтін бөлімшенің атқарар қызметі осындай.

Айнұр ӘЛИ,

«Қармақшы таңы»

 

Просмотров: 12 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]