Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:17
АРАЛДЫҢ АҢҚЫЛДАҒАН ӘМІРХАНЫ

 

Елде жақсы дәрігерлер көп қой. Алайда табысқа жеткен, жемісті еңбек еткен дәрігерлер санаулы ғана. Сондай жандардың бірі айдынды Аралда тұрады, аудандық ауруханада еңбек етеді. Ол осыдан алпыс жыл бұрын ел аузында аңыз боп кеткен Арал теңізінің жағалауындағы әйгілі қалада дүние есігін ашты. Сол жерде мектеп табалдырығын аттады. Мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, домбыраның құлағында ойнады.

Әмірхан 1976 жылы Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебін өте жақсы оқып бітірді, бірақ берілетін «Алтын медаль» оған бұйырмады, мектеп басшылығының бір ойлағаны болған шығар. Мұндай оқиға өз басымнан өткен соң айтып отырмын.

Ол дәрігер болуды аса қатты армандаған емес. Есіл-дерті журналист болу еді. Ойы жүйрік Әмірхан мектеп қабырғасында жүріп-ақ өз ой-толғамдарын ақ параққа түсірді. Кейбірі осы кезге дейін сақталыпты.

Дегенмен, дәрігерлік кәсіпті таңдауға апасы Масатының 50-ден асқан шағында қатерлі дертке шалдығып, қатты қиналғаны қатты әсер етті. Оған қоса әкесінің туған қарындасы Атыраудағы дәрігер Күлімхан да медициналық институтке түсуге кеңес берді.

Әкесі Ізбайыр 1938 жылы әскерге алынып, Фин соғысына қатысқан, одан соң Ленинград қаласын қорғаған. Соғысты Рига қаласында аяқтап, ауыр дене жарақатын алып, бір жылдай әскери госпиталда емделді, екінші топтағы соғыс мүгедегі күйінде 1946 жылы ғана елге қайта оралды. Арал қаласындағы обаға қарсы күрес стансасында зейнеткерлікке шыққанша қарауыл болып еңбек етті. 1985 жылы дүниеден өтті.

Анасы Маутай болса, үй шаруасындағы әйел, Әмірхан мен 1948 жылы туған Әзілханды өмірге әкелген ана. Ағасы Әзілханның Арал спортында бокс мектебінің негізін қалаушы ретінде есімі мәңгілікке қалды.

Сонымен, мединститутке оқуға түсуді армандаған Әмірхан апасына, яғни Атырауға қарай сапар шекті. Ондағы қабылдау комиссиясының төрағасы хирург Жақсыбай Майданов, жерлесі екен. Ол Әмірханға бұл жерде тек Атырау мен Маңғыстау облысының балалары ғана қабылданатынын айтып, Қызылордаға бар деп жөн сілтеді. Бірақ Әмірхан Алматыға келді.

Мұнда, апасының таныстары КИЗ деген мекеме директоры, профессор Ізтілеу деген кісінің үйіне барды. Оның жалғыз ұлы жуық арада суға кетіп, қайғыда отырғанымен Әмірханды жақсы қарсы алды. Әйелі атақты артист Елубай Өмірзақовтың туған қызы. Енесі де жасы келгенмен әлі ажарлы екен. Қостанай жақтың қыпшағының қызы. Мұнда ол өзін жұмақта жүргендей сезінді, жер үй, жайқалған бау-бақша. Қоңыр салқын ауа-райы. Ізтілеу ағаның қыздары орысша тәрбиеленгенімен, оған барынша қамқорлық танытып, Алматы қаласын армансыз аралатты.

Атыраудың бір баласымен бірге мал дәрігерлік институттың жатақханасында жатты. Ол осы институтке түс деп үгіттейді. Бірақ Әмірхан алға қойған мақсатынан қайтпады. Медициналық институтты жұрттан сұрастырып тауып алды. Оқуға кетер алдында Аралда «Әулие төбе» деп аталатын жерге барып, аруақтарға бағыштап құран оқытып кеткен еді. Түсінде теңіздің үстінде шарықтап, құс болып самғап ұшып жүр екен. Жақсыға жорыды. Институтке түсуге талапкерлер баршылық. Кезек ұзақ. Қабылдайтын орында басқа бір есік бар екен. Онда құжат қабылдаушы жоғарғы курс студенті болса керек, «Сен Арал қаласында оқыдым десең, диктант жазасың. Ол қиындау. Мен сені ауылдық жерде оқыды деп жазып жіберейін» деп қамқор болды. Әңгімелесу диктантқа қарағанда жеңіл ғой» деді Әмірханға. Жолы болған Әмірхан өзінше сол есіктен тағы 5-6 баланы өткізіп жіберді.

Емтиханда химия пәнінен «бестік» алды. Кезінде химиядан мектеп аралық олимпиадаға қатысқаны әсер еткен болуы керек. Ал физикадан сынақты ұлты ұйғыр Құдысов қабылдады. «Масса ақауы деген не?» деп сұрақ қояды. Мектепте мұны оқымаса да, оған логикаға салып жауап берді. Е.Өмірзақовтың қызы қолына гүл алып күтіп тұр екен. Атыраудан апасы да келіпті. Бәрі Әмірханның қуанышын бөлісті.

Мединститтутың профилакторийі бар екен. Алғашында соған орналасты. Бас дәрігері Қамбашта кезінде фелдшер болған, кейін мединститутты кешкілік оқып тауысқан Петр Борисов екен.

Үшінші курста жүргенде-ақ хирургияны қатты ұнатқан Әмірхан Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде жалақы алмай, кезекшілікке барады. Науқастарға күтім жасап, таңып-байлап, хирургияның теориясын практикаға ұштастырады. Есінде қалғаны құныс ұлты орыс хирургтың оған қамқор болып, білгенін үйреткені. Әмірхан өздігінен қабылдау бөлімшесінде хирург ретінде науқастарды қабылдап, тіпті «асқазанның ойық жарасы» диагнозын дәл тапқаны бар.

Аппендэктомия операциясын да сол 3-ші курста өздігінен жасады. Бұл жердегі практика оның үлкен хирургияға барар жолын жеңілдетті. Студент кезінде-ақ хирургияның негізін біршама игерген Әмірханның жолы болып, жалғыз өзі Қызылорда қалалық ауруханасында интернатурадан өту бақыты бұйырды. Интерн-хирург болғанымен ұжымға тез сіңісіп, М.Е.Кәрібаев, ғылым кандидаты Қ.Б.Оразовтан көп үйренді. Одан бөлек сол ауруханада жұмыс істеген атақты уролог Ш.Әлназаров, травматолог Е.Бейсетаев және уролог Б.Бекішев сияқты ағаларымен қоян-қолтық араласып, олардың әдістемелерін көңіліне тоқи берді. Сол жерде варикоздағы сафенэктомия операциясын өз бетінше жасайтын дәрежеге жетті.

Аралға қалыптасқан хирург дәрігер болып оралды. Бұл жердегі ұстаздары Г.Т.Ким, А.Ж.Ізмағамбетов, Д.М.Ранов, М.Бекетов, С.І.Ілиясов, А.Нұрқожаев, Ғ. М.Нұрғалиев пен Э.С.Кохоновалар болды. Өзінен бір жыл бұрын келген Т.Ж.Медетовпен бірге ұзақ жылдар қызмет атқарды. Асылбек Жамалұлы ағасынан үйреніп, урология бойынша аденомэктомия, нефроэктомия, уретеролитотомия сияқты күрделі операцияларды өз бетінше жасай бастады.

Стационардағы жұмыстан соң түстен кейін емханаға барып, онкология, патанатомия, балалар хирургиясы бойынша да еңбек етті.

Ауданда алғаш рет қалақанша безге операция жасады. Диффузды уытты жемсауда (зобта) О.В.Николаев тәсілімен жасалатын субтоталды фасциалды струмэкмия операциясын аудандарда алғаш рет Әмірхан атқарды. Эндокринолог А.Есеналиевамен кеңесе отырып жасалған мұндай операциялардың саны 150-дің үстінде. Сондай-ақ Аралда алғаш рет трансдуоденалды папиллосфинктерототомия отасын да жасаған Ә.Жүсіпов. Қазір мұндай операцияны жасау УДЗ, «Сидува» рентгендік кешен көмегімен сәл жеңілдеді.

Жалпы 30 жылда 8 мыңнан астам сырқатқа оның шипасы мол қанауыры арқылы оперативтік араласу жасалған.

2013 жылы облыс аудандарында алғаш рет эндовидеохирургиялық операциялар жасала бастады. Әмірхан да бұл жаңалықтан қалыс қалмады. Енді аудан ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде жылына 50-60 лапароскопиялық холецистэктомия, 40-50 аппендэктомия және т.б. атқарылатын болды. Мұның бір жақсы жері – аз инвазивті, жара орыны тез жазылады, Науқас 4-5 күнде үйіне шығарылады. Асқыну тіпті аз. Әмірхан жасаған операциялар қатарында Гиршпрунг дертінде (мегалодолихосигма) Ребелік тәсілмен колоректалды анастомоз жасау жолға қойылған. Сондай-ақ радикалды нефрэктомияны Германия хирургы Вебердің Алматыдағы шеберлік сыныбына қатысып, үйреніп жасай бастады. Мұны естіген академик Б.Баймахановтың өзі Аралға қоңырау шалып, Әмірханды жетістігімен құттықтады.  Сондай-ақ лапароскопиялық тәсілді гинекологияда кистэктомия, стерилизация, аналық бездегі бедеулікте қолданып, талай әйел ұрпақ сүйді.

Есінде қалған бір оқиға. 83-тен асқан қарт әже асқазанынан тоқтамастан қан кетіп, жара ұйқы безін тесіп өтеді. Қан қысымы төмен, жасы ұлғайған. Операция столында комаға түседі. Науқас реанимацияға ауыстырылып, онда шұғыл ем жасалады. Қан мен трансфузиялық көптеген сұйықтар құйылады. Қан қысымын 100-ге көтеріп, Әмірхан Билрот 2 тәсілімен асқазанға резекция жасап, әжені қайта өмірге оралтады. Сонда операция алдында пациент әжесі: «Мені қойшы жасым келген адаммын. Өлсем, арманым жоқ. Әмірханжан, өзің қатты қиналдың ғой» деген екен хирургты аяп.  

Әмірхан ауданда жүрсе де хирургия бойынша 2 өнертабыстық жаңалық енгізді, патент алды. Оның бірі – терең жараны тігу үшін жарықтандырғышы бар ине ұстатқыш, екіншісі – аденомэктомия кезінде уақытша гемостазға арналған құрылғы.

Ғылыммен түбегейлі айналысқысы келіп, 1987 жылы клиникалық ординатураға түсуді ұйғарды. Ақтөбе мединститутындағы профессор Савицкийге барғанда құжат қабылдау бір күн бұрын бітіп қалған екен. Өйткені сол кезде ауданда ауыс-түйіс болып, хирургтер саны тіпті аз еді. Әмірхан жұмысбастылықтан шыға алмай, кешікті. Одан кейін түбегейлі ғылымға онша көңілін бұрмады. Дегенмен, Ә.Жүсіпов өз практикасын тұжырымдап, ғылыми басылымдарға 12 ғылыми мақала жариялады. 

Ауданда жүрсе де, өз ізденістерінің нәтижесінде республикалық, халықаралық конгресстерге қатысты. 2007 жылы Санкт Петербургте өткен Халықаралық хирург гепатологтардың XIV конгресінде «Аудандық аурухана жағдайында бауыр жарақатын емдеу» такырыбында баяндама жасады. Бұл ғылыми форумға баруға «Барсакелмес» қорығының директоры Зәуреш Әлімбетова, ауылдас ағалары Қуанышбай Ердіхалықов пен Тоғыс Жұмашев жол сілтеп, қаржылай көмек берді. Баяндаманы Ресейдің атақты хирургтері Э. И. Гальперин, Б. И. Альперович, В. А. Вишневскийлер жақсы бағалады. Халықаралық хирург гепатологтар қауымдастығының мүшесі атанды. Бұл аудан хирургіне үлкен мәртебе болатын.

1990 жылы өзі аудандық емханада меңгеруші кезінде «КАСМОН» бағдарламасы енгізілген алғашқы компьютерді Аралға әкелді. Соны пайдаланып «Искра 1030» бағдарламасы арқылы сауалнама құрастырып, жұмысшыларды скринигтік тексеруден өткізді. Кезінде аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары да болды.

Жұбайы Қарағанды медициналық институтының түлегі Ботакөз Рахатқызы Боқаева Арал ауданындағы алғашқы бактериологиялық зертхана ашқан дәрігер. Соның нәтижесінде іш сүзегі, дифтерия, салмонеллез және т.б. жұқпалы кеселдердің қоздырғыштары нақтыланып, ем ықпалдылығы артты. Микробтардың антибиотиктерге сезімталдығын анықтауды жолға қойды. «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Бірақ өмірден ерте кетті.

Ботакөз бен Әмірхан үш бала тәрбиелеп өсірді. Алтынбек пен Күмісбек мұнай саласында, ал қызы Ақгүл қаржы саласында еңбек етеді. Кейінгі жары Зәмзагүл Әбдірашқызы Бекарыстанова Мәскеу қаласынан УДЗ бойынша білім жетілдіріп, Арал ауданындағы сәулелік диагностиканы алғаш енгізгендердің бірі. Қыздары Шолпанай ата-ана жолын қуып, дәрігерлік мамандықты игеруде.         

Әмірхан Жүсіпов туралы мақаланы талантты ақын, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Оңталап Базаралының «Əмірханға» атты арнау жырымен аяқтағанды жөн көрдім:

 

Жарылқап ел тілегі, Тəңір таңы,
Қашаннан жүрегіңнің сабыр сəні.
Арғымақ жас 60-ың құтты болсын,
Аралдың аңқылдаған Əмірханы.

 

Қайыспас өз халқының қазанаты,
Жігітсің жігерімен озар аты.
Алпыс атты тал түске шатыр тіктің,
Құрметті айдынды Арал азаматы.

 

Жылы сөз, жанға шипа, дəру емің,
Келтірер тəжірибең жан реңін.
Алақанда ұстайды Арал бүгін,
Хирург, қасиетті дəрігерін.

 

Дəл бүгін басыңызда шырайлы шақ,
Осы бір күмбірлеген ұнайды сəт.
Екі ұл-екі қыз,төрт бірдей құбылаңыз,
Өркендеп келе жатыр Күн-Айға ұқсап.

 

Өмірден ала білдің бар қажетті,
Бере алдың мейріміңмен жанға лепті.
Ұл-қызыңнан тараған немерелер,
9 боп қасиетті санға жетті.

 

Азамат, Арал ұлы, асыл жаның,
Көбейсін немередей асылдарың.
Аман болсын лайым, Зəмзəгүлдей,
Құдай қосқан қасыңда асыл жарың.

 

Маманның қайталанбас мұрагері,
Шығарған шың басына сынап елі.
Желкенің 100-ге дейін жығылмасын,
Аралдың Əмірхандай Құлагері!

 

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

Арал қаласы,

«Сыр медицинасы» газеті, маусым 2019 жыл.

 

 


 

Просмотров: 585 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]