Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:21
ҚАНДАС БАУЫРЛАРЫ МОЛ ДӘРІГЕР

 

Орақпен таныстығым сонау жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының Қазалыға жолдаған іс сапары кезінде басталды. Қазалыда таныстарым жоқ, қонақ үйге орналасқанмын. Менің сол жерде екенімді білген ол іс сапар біткенше үйіне қонақ қылды. Кейінірек өмірлік досқа айналды. Менің ұнатқаным: оның бойындағы турашылдық, еңбекқорлық, жан-жақтылық, ең бастысы дәрігерге аса қажет қасиет – адамға деген сүйіспеншілік. Басқаның қайғысын түсіну үшін жүректің кеңдігі қажет. Соның бір көрінісі – керек кезінде өз бойындағы қасиетті қанымен мұқтаж жандарға бөлісті, ұзақ жылдар донор болды.

Мақала кейіпкері Орақ Кеубасов қасиетті Қазалының перзенті, 1976 жылы менімен қатар, бірақ Ақтөбедегі мемлекеттік медициналық институтты педиатр мамандығы бойынша бітірді. Бір жыл Қызылорда облыстық аурухананың балалар бөлімшесінде өз саласы бойынша интернатурадан өтті. Міне, қырық жылға жуық бір орында, Қазалы аудандық ауруханасында инфекционист дәрігер болып еңбек етіп келеді.

1983 жылы сол аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне меңгеруші болды. Ол кезде бөлімше 50 төсек орындық еді, бүгінде 20 төсек орын ғана қалды. Орақ кезінде бөлімшені басқарған білікті дәрігер, медициналық жоғары білімді Ресейден алған Валентина Ивановна Нефедованы ұстаз тұтып, оны әрдайым ардақтайды.

Ол Қазалыда алғаш рет бұғана асты артериясына катетер салу, жұлынға пункция жасау және көптеген реанимациялық шараларды бөлімшеге жаңалық ретінде енгізді. Мұны байқаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қызылордадағы дәрігерлерді Қазалыға үйренуге де жіберген болатын. Алматы, Ақтөбе, Новокузнецк қалаларында бірнеше мәрте инфекциялық дерттер бойынша білімін жетілдірді, күнделікті медициналық кітаптарды оқып, ондағыларды күнделікті дәрігерлік практикасында қолданды.

Бір айта кетерлігі – өңірдегі 2 оба ошағын тұрақтандыру бойынша басын қатерге тігіп, жұмыс істеді. Бірақ оның бұл еңбегі кезінде ескерілмеді, марапат басқа адамға бұйырды. Қазалы ауданында кездесетін жұқпалы кеселдермен – іш сүзегімен, сары аурумен, құтырмамен және т.б. табысты күресті. Аты жұқпалы деп айтып тұрғандай, бұл аурулардың емдеуші дәрігерге де қауіпі болатынын есте ұстаған жөн.

Оның біліктілігі туралы мына мақаланың үзіндісінде жақсы айтылған: Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ, «Құрметке лайықты ЛАЙЫҚ»  мақаласынан:

«Бірде ауылда тұратын құрдасымды көшеден кездейсоқ жолықтырдым. Жанында келіншегі бар. Қашан көрсең де жайдары жүретін досымның жүзі тым сынық көрінді. Әлденеге абыржып тұрғаны аңғарылады. Аздап жүдеген де тәрізді. Жөн сұрастық. Айтуынша сырқаттанып жүргеніне біршама уақыт болыпты. Қызуы көтеріледі, тәбеті де төмендепті. «Ой аздырады» деген рас екен. Өзі аты жаман­ кесел шығармын деп қауіптенетін сынды. Құрдасым үшін мен де қорықтым. Не істеу керек? Есіме Орекең, білікті дәрігер Орақ Кеубасов түсті. Дереу қоңырау шалдым. Бізді мұқият тыңдаған ағамыз әлі кездеспеген емделушісіне «бруцеллез» деген қорытынды қойып, кабинетіне келуді өтінді. Бардық. Түрлі сынамалар тапсырды. Міне, керемет. Кеубасовтың диагнозы тура шықты. Ауруханада жатып ем алған құрдасым құлантаза айығып кетті. Кәсіби сауаттылық дегеніміз осы.» («Халық» газеті).

Кезекті бір іс сапарымда Орақтың үйіне қыста бардым. Үйі салқын екен. «Неге от жақпадыңдар?» деген сұрағыма жұбайы Орынша «Орекең үйдегі бар көмірді бөлімшеде отын жоқ деп алып кетті» деді. Кейін бұл әңгіменің жөнін айтқан Орақ «Бөлімше суық. Жағатын отын жоқ. Бас дәрігер отын кейін болады, қазір қаржы тапшы деп қол қусырып отыр. Содан ашуға булығып, аурухананың бас дәрігеріне: Сіз осы суық бөлімшеге өз балаларыңызды жатқызар ма едің? деп сұрақ қойдым» деген болатын. Мұны ол ерлік жасағандай емес, қарапайым адами тірлік ретінде баяндады.

Орақ жұбайы Орыншамен бірге тәрбиелеген ұл—қыздары бүгінде бір отау. Қуанышы – Талдықорғанда әскери қызметте, подполковник. Қайраты – Қазалыда, инженер. Гаухары – Ақтөбеде, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетте аға оқытушы, магистрант. Олардан өрбіген 8 немере бар.

О.Кеубасовтың денсаулық сақтау саласындағы сіңірген еңбегі еленіп, ол кезінде «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Мақалаға арқау болған тақырыпты оның «ҚР Құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталуы одан әрі дәлелдей түседі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Орақ өз өміріндегі ауры кезеңді бастан өткерді, онкологиялық кеселге шалдығып, операция жасатты. Дегенмен, өмірге құштар жан бұл қиындықты да жеңе білді. Қазір зейнеткерлікке шыққанына қарамастан өз сүйікті ісін жалғастыруда.

С.СМАҒҰЛҰЛЫ,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы   

           

Просмотров: 700 | Добавил: психолог | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]