Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:08
АЛТЫН ҚОЛДЫ АЗАМАТ

Алпысты  алқымдап, жетпістің желкенін керген тұста, жүрек қыспағына ұшырап, облыстық аурухананың кардиология бөлімінен бір-ақ шықтым. Тексеру қорытындысымен жүрек тамырларының бітелуінен қан айналымының қиындауы туындағанын анықтап, эндоваскулярлы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Тоқтағанұлы шұғыл ота жасауға кірісті. Білікті дәрігердің кәсіби шеберлігі мен ұзақ жылдарғы тәжірибесінің  арқасында ота жеңіл әрі сәтті  өтті. «Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» дейді ғой, ауруыма ауру қосылып, оң жақ күре тамырдың бітелгенін, миға қан барудың қиындығын да дәрігерлер анықтап, тағы ота жасалуы керек екенін жеткізді. Ота екі айдан кейін жасалатынын түсіндірді. Әдепкі отадан  екі ай асқан кезде, облыстық ауруханаға бардым.

ОМО-ның бас директоры Сәбит Берсейітұлының  көмегінің арқасында  тағы да кардиохирургия бөлімінде емделдім. Әрине, «Түсі игіден ­ түңілме» деген, көңілі таза, сөзі түзу, адамдығы мен азаматтығы биік тұрған дәрігер екенін аңғардым, мен облыстық медицина  орталығының бас директорымын деп кеуде қағып тұрған жоқ. Шынтуайтында ел басқару, үлкен ұжымды ұйыту, істен шашау шығарм­ау  оңай шаруа емес, үлкен еңбек пен қажырлықты қажет етеді. Ал оған қоса, ақ халатты  абзал  жанға  лайық  міндетіңді абыроймен алып жүру, кәсіби қызметіне адал болу үлкен адамгершілікті, қарапайымдылық пен табандылықты талап етеді.

«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген, басшыға қарап түгел ұжым бойын тіктейді, өз қызметіне лайық болуға ұмтылады. Осы ретте білікті  дәрігер, облыстық кардиология орталығының басшысы, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Русланұлы туралы тілге тиек етпекпін. Әрине, қолыма қалам алып, жоғарыда айт­қан­дай адам жанының арашашысы болып талай жандарды өлімнен аман алып қалып, жүрегіне ашық ота жасап, өміріне өмір сыйлаған жандарды біріміз білсек, біріміз білмейміз. Он күн ауруханада жатқанда көзбен көргенімді, ойға түйгенімді халықтың айнасы – өзіміздің сүйікті «Халық» газеті арқылы қалың оқырманға білдірмек болдым. Ауруханада Алла емінің сәтін салып, емдеуші дәрі­герің жылы сөзімен емін беріп тұрса, 4-5 күнде сауыға бастайсың ғой. Осындай сауыққан күндердің бірінде Берік Русланұлын өмір­дерегі  мен  еңбек  жолдарын  білмек  болып сөзге тарттым.

Білуімше, ол үшін адам жанының арашашысы болу – бала күнгі арманы. Оған себеп әкесінің туған апасы Сара Даутбаева. Сыр бойында ол кісіні білмейтін адам кемде-кем шығар. Кезінде Қызылорда қаласындағы медициналық училищесінде көп жылдар бойы директорлық қызмет атқарып, талай жасты адам жанының арашашысы қылып, біліммен сусындатып, өмірге қанат қақтырды. Ал, Берік оқу бітіргеннен кейін облыстық ауруханада анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып жұмыс істеп, 8 жыл бойы директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, жедел хирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2006 жылы Алматы қаласындағы ГКБП-7 қабылдау бөлімінде жедел және жауапты хирург қызметінде болып, 2008 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеу қаласындағы А.Н.Бакулев атындағы аспирантураға түсіп, жүректің туабітті ақауы, жүрек-қан тамырлары хирургі мамандығын алып, аспирантураны 2011 жылы бітірген. Мұнан кейін білімі мен еңбегінің арқасында қызметінде сатылап өскен ол бүгінгі беделіне жетіп отыр.

Англия, Бельгия, Италия, Испания, Нидерландия елдерінде Халықаралық Конгрестерге, съездерге қатысқан оның тәжірибесі мол. Жыл сайын 150-200-дей жүрекке ашық ота жасайды екен. Ал жүрекке ашық ота жасау 2009 жылдан басталған. 2010 жылға дейін жүрекке ашық ота жасау сырттан келген мамандар арқылы жүзеге асса, 2010 жылдан бастап қызыл­ордалық мамандар өз күшімен жасайтын болған.

Жоғарыда айтқандай бүгінгі таңда өршіп тұрған, адамдарды аяқастынан  қайғылы жағдайға және  мүгедектікке  әкелетін  бірден-бір  ауру – жүректің қан айналым  жүйесінің бұзылуы мен қан қысымының көтерілуі. Осы аурулардан науқасты арашалауда тынбай еңбек етіп жүрген майталман маман, облыстық кардиология орталығының басшысы, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Русланұлына алғаус­ыз  алғысым  зор.

Сердалы  ШАЛБАЕВ,

«Жаңақұрылыс» ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Арал  ауданы

«Халық» газеті

Просмотров: 653 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]