Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:20
АЛҒАУСЫЗ АЛҒЫС ИЕСі

 

Қоғам адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдағандарға үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені, осы саланы өміріне серік еткен әрбір маман адам анатомиясын терең меңгерумен қатар кез келген жағдайда адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын болуы тиіс. Расында да, дәрігер мамандығын таңдағандарға үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер маман ретінде өзін адам өмірінің арашасы екенін білуге тиіс. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» дегендей, ауруымыз жанымызға батқанда ғана біз ең жақын адамымызға емес, міндетті түрде ақ халаттылардың көмегіне жүгінеміз. Деніміз дәрігерден қамқорлықты сезгіміз келіп, оларға сеніммен қараймыз, барамыз. Бұл ақиқат.

Жақсы дәрігер адамдарға кө­мек­тессем деген ізгі ниет арқылы Алла­ның разылығына бөленеді, сонымен қатар адамдардың да алғаусыз алғысын алады. Ұлт даналығында “Дені саудың – жаны сау” деп тегін айтпаса керек. Мен мұны неге айтып отырмын. Өйткені, бұл сөздердің барлығы да Мұхтар Фазыловқа арналған. Оқырмандарға оның өнегелі өмірі мен еселі еңбегін жеткізбекпін.

Әрбір науқасқа дәрімен де, жанымен де шипасын беріп, көңіліне сәулесін сеуіп жүрген аялы алақан иелерінің игілікті істері қағаз бетіне түсіп, олардың еселі еңбегі бағаланып жатса, әрине, ол айып емес, керісінше оларға қолдау деп түсінгеніміз жөн.

Міне, осындай халық сенімін үлкен жауапкершілікпен атқарып, ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтардың бірі Мұхтар Фазылов 1963 жылы Шымкент қаласында Анарқұл мен Әнипа атты ел құрметтілерінің отбасында дүниеге келген 6 ұл-қыздың ортаншысы.

Бала жасынан дәрігерлік мамандықты меңгеруге бет алған Мұхтар орта мектепті тәмамдап, ал­ғашқы еңбек жолын Маңғышлақ қаласында теміржолшы болып бастайды. 2 жыл осы салада тер төккен соң Алматы қаласындағы мемлекеттік медициналық инсти­тутқа құжатын тапсырып, емтиханнан сүрінбей өтеді.

Жеті жыл бойы есімдері елімізге танымал медицина ғылымдарының докторлары, профессор Камал Ормантаев пен Галина Бойко және басқа да ұстаздардан тәлім алып шыққан соң жолдамамен Қызыл­орда қаласындағы облыстық ауруханаға педиатор болып қызметке қабылданады. 2 жылдан соң киелі Қармақшы топырағына аяқ басып, аудан орталығындағы ауруханаға дәрігер болып жұмысқа кіріседі.

Мұхтар алғаш аудандық ауруханада дәрігерлік қызметін бастаған кезде өзіне ағалық қамқорлық қолын созған, тәлім-тәрбиелерін берген Асқар Омаров, Жәкей Сақтағанов, Сағынбек Рысмаханов, Садро Нәбиев, Марат Мырзағұлов, Владимир Шерғазин сынды тұлғаларды аса құрметтейді.

Кешегі жас маман бүгінде өз ісінің білгірі атанған Мұхтар Анарқұлұлы бүгінде Бақытжан Нысанбаев, Әділбек Мәліков, Сәкен Жақсыбаев, Айбек Мырзағұлов және басқа да талантты дәрігерлермен қоян-қолтық еңбек етіп келеді. Мұхтар Анарқұлұлы бірнеше рет облыс және аудан әкімдерінің, сондай-ақ салалық басқармалардың құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болса, 2001 жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына байланысты ел алдындағы ерен еңбегі үшін Елбасының Алғыс хатымен мара­патталды. Сонымен қатар, 2014 жылы әріптестері арасында «Ең үздік дәрігер», ал 2017 жылы «Ауданның үздік медицина қызметкері» номинацияларының иегері атанды. Ол аурухананың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. Спортшы ретінде үстел теннисінен облыс, ауданның бірнеше дүркін жүлдегері.

– Қармақшы еліне келгеніме 27 жыл болыпты. Өзім қалаған мамандығым бойынша еңбек етіп жатқан жайым бар. Осы жылдар аралығында Қармақшы халқы мен үшін өз туғанымдай ыстық та жақын болып кетті. Жарым да осы жерде туып-өскен. Балаларым да осы елде дүниеге келді. Дос та таптым. Ұжымдастарым өзімнің жанұям сияқты. Елдің құрметіне де бөлендім. Мұнан артық маған қандай бақыт керек, – дейді сала майталманы.

«Мықты отбасы – мықты мемлекет» дегендей, Мұхтар Анарқұлұлы 1987 жылы Зағипа Қайыпқызымен отау құрып, шаңырақ көтерді. Бақыт пен шаттыққа толы отбасында олар 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың әрқайсысының қоғамнан өз орындарын табуына еңбек сіңірді. Үлкені Нұрберген өзі қалаған жоғары оқу орнын тәмамдап еңбек етіп жатса, екінші ұлы Ербол ата-анасының жолын жалғастырып, бүгінде аудандық емханада дәрігер-стомотолог, ал үкілеп өсірген қыздары Әлия мен Гүлзиясы да жоғары білімді ұстаз­дар. Екеуі де отбасылы.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ

https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/562-alausyz-alys-ies.html

Просмотров: 553 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]