Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:22
АДАМҒА САУЛЫҚ ТІЛЕГЕН

Азамат әлемі

Адамның бірінші байлығы - денсаулық. Дені сау адам ғана қоғам үшін, ел-жұрты үшін игілікті еңбек ете алады. Ауырмай, сырқамай, күліп-жадырап жүргенің - ең бақытты шағың. Алайда өмір біркелкі ағыспен өтпейді. Қиындығы да, қысталаңдығы да болады. Соның ішінде кейде науқас меңдеп, дерт иықтап, ақ халатты абзал жандардың алдына барамыз. Гиппократ антына берік дәрігерлер әрбір адамның денсаулығы, саламаттылығы үшін алғаусыз еңбек етеді. Сондай ел құрметіне бөленген дәрігерлердің бірі - Шарапат Медетов. Адам жанына, тәніне ем берген дәрігерлігінен басқа Шарапат Алпысбайұлы осы медицина саласының білгір ұйымдастырушыларының бірі болып ел-жұртқа танылды. Өңіріміздің әлеуметтік, қоғамдық дамуына осы ауданның азаматы ретінде бел шеше, белсене қатысып, жұртшылықтың алғысына бөленуде.

Елбасымыз өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай, туған жердің елжанды перзенттері сол өзі тұрып жаткан өңіріне маңдай терін сылып қызмет ету керектігі айтылған. Сондықтан да "Туған жер", "100 есім" аталымдары бойынша жаңаша ойлау, жаңаша өмір сүруге ұмтылу, заман көшіне жаңаша ілесу мәртебесіне ие болған жандарды жерлестері де мақтан тұтады емес пе. "Ауылын көріп азаматын таны" дегендей, қаламыздьң орталығындағы еңселі емханаға кірсеңіз, іші мұнтаздай тап-таза. Барша дәрігерлер зыр жүгіріп науқастарды қабылдап жатады. Сондай-ақ кезек мәселесін де оңтайландырып шешкен. Емханаға бас сұққан қаншама науқас күн сайын ем-домын алып, өз тіршіліктеріне алаңсыз араласып кетіп жатады. Емханада дәрі аттарынан бастап басқа да толтыру қағаздары қазақ тіліне көшкен.

Тіл - ұлт белгісі. "Дәрі-дөрмек адамға қалай әсер етсе, жылы жүректен шыққан сөз де науқасқа солай әсер етеді" дейді хадисте. Иә, көңілі ортайып, жанарына кірбің ұялап келген адамға әп дегеннен дәрігерден жылы сөз есіту дем береді. Осы ұжымның тиянақты да ұқыпты қызметін көріп, ұжым басшысы Шарапат Медетовтің тынымсыз еңбегін танығандай боласың.

1988 жылы Алматы медициналық институтының балалар емдеу факультетін бітіріп келіп еңбекке араласқан. Бір жылдай әуелі Қызылорда қаласындағы №1 емханасында интернатурадан өткен. 1989-1992 жылдары туған жеріне оралып, "Арал" кеңшары ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етті. 1992-1994 жылдары аудандық иммунолог болса, 1994-1996 жылдары жұқпалы аурулар бөлімшесінде инфекционист дәрігері болды.

Талапшылдығымен танылған Шарапат Алпысбайұлын аудандык денсаулық сақтау бөлімінің басшылары 2000 жылы аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Ал 2004-2009 жылдары орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары болды. 2009 жылдан бастап аудандық емхананың бас дәрігері ретінде үлкен ұжымға басшылық еткен ол халық денсаулығын сақтауда, оларға берілетін медициналық көмектің ауқымын кеңейтуде үлкен еңбек етті. Содан да болар еңбегінің өтеуіндей болып "ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі" белгісімен марапатталды.

Ал Арал аудандық диагностикалық емхана Ұлттық бизнес рейтингі орталығының шешімімен бүкіл Қазақстан емханаларының ішінде ерекше шығып – III-ші орын, ал Қызылорда облысы бойынша I-ші орынға ие болды. Адал, ізденімпаздық еңбегі үшін білікті дәрігер "Даңқ" орденімен марапатталған. Халық денсаулығының сақшысындай болған білікті басшының қызметіне жұрт дән риза.


Жеткерген
ЖАСАНОВ
,
Сапақ аудандык ардагерлер
кеңесінің төрағасы

«Арал әлемі» газеті №2(22), 19 қаңтар 2018 жыл.

Просмотров: 558 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]