Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:36
Абыройы асқақ азамат
 
Халық сайлаған депутат шын мәнінде сол халықтың ең сенімді қызметшісі. Халықтың барлық жай-жағдайын, тұрмыс-тіршілігін билікке жеткізушілер. Халық – қалпалсыз сыншы. Ел мен жере аянбай еңбек етіп, тер төгіп, абыройы асқақтап жүрген белсенді азаматтарды депутат ретінде көргісі келетіні шындық. Халыққа қалаулы болған сондай жандардың бірі – аудандық мәслихаттың депутаты Шарапат Алпысбайұлы Медетов.
Өз қызметімен бірге ауылдағы тұрғындардың жай-күйін біліп, әрқашан қолұшын созып, демеу беріп жүр-етін жан. Туған жерінің жанашыр перзенті Шарапат Алпысбайұлы - Арал қаласының тумасы. 1972 жылы №14 орыс орта мектебінің алғаш табалдырығын аттап, 1982 жылы бітірген. Әкеден жақсы тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге көрген бала жүрегі мамандық таңдауға келгенде «дәрігер боламын, адам жанының арашасы атанамын" деген тоқтамға келген.
Сол асыл арман жетелеп, Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтының балаларды емдеу факультетіне құжат тапсырып, ұстаздарының берген жақсы білімнің арқасында студент атанған. Жақсы маман болу үшін сапалы білім керек екенін түйсінген бозбала жігіт институт қабырғасында үздік студенттер қатарында болды. Қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын. Содан да болар өзі оқитын топтық кәсіподақ ұйымын басқарған. Әйтеуір өзінің азаматтық белсенділігі арқасында жеті жыл бойы айналасындағыларға өзінің тұлғалық қасиеттерін таныта білді.
1988 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң, Қызылорда қаласындағы №1 балалар емханасында бір жылдық интернатурадан өтті. Дәрігер ретінде қалыптасқан Шарапат бір жылдан соң Аралға оралды. "Арал” кеңшарында ауылдық аурухананың бас дәрігері болып еңбек жолын бастаған. Ол жылдары бұл кеңшар қой өсірудің облыстағы ең ірі алдыңғы қатарлы ұжымдарының бірі еді. Қыстау менен жайлаудағы малшы өмірі, шалғайдағы шөп ауылдары, басқа да құм ішіндегі елді мекендерге дәрігерлік шұғыл көмек көрсету үшін жас дәрігер үнемі жол үстінде жүрді. Қиындықтарды жеңе білді.
Мал отарларындағы аяқ астында ауырып қалған ауыр жағдайдағы науқастарды дереу Арал қаласына жеткізу үшін кейде бірнеше рет ауыл мен қала арасын жүріп өтетін. Соның арқасында елге танымал дәрігер болды. Тәжірибе жинақтаған Шарапат Арал аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауысып, 1992-1996 жылдары сонда еңбек етті.
Жыл өткен сайын дәрігерлік біліктілігіне қоса ұйымдастырушылық қабілеті көзге көрінген ол 2000 жылы аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі болды. Ал, 2004-2009 жылдар арасында аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары қызметінде болды.
2009 жылдан бастап Арал аудандық кеңес беру диагностикалық емханасының бас дәрігері болып қызмет етіп келеді. Ол – І санатты дәрігер. Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Адам өмірі біздің қоғамда бірінші кезекте тұрады. "Бірінші байлық - денсаулық” деп бабаларымыз да айтқан. Денсаулығың болмаса атақ, байлық керек емес пендеге. Дүниеге адам бір-ақ рет келеді. Сондай-ақ жаны мен тәні ауырмайтын пенде кемде кем. Сондайда ақ халатты абзал жандардан үміт күтеді, оған сеніммен қарайды. Міне, сондай науқастардың бірінші баратын жері – емхана.
Аудандық кеңес беру диагностикалық емханасы қазіргі күнде айналасындағыларға үлгі болғандай. Ішкі тазалығына адам сүйсінеді. Дәрігерлердің науқастарды қабылдап, ем-дом қою, халыққа қызмет етуі бір жолға қойылған. Ауданның түкпір-түкпіріндегі шағын дәрігерлік орындардың жұмысы бақылауға алынып, олармен үздіксіз хабарласып, қадағалап отырады. Аудан халқына алдын ала жұқпалы аруларға қарсы дәрі егу, жылына халықты дәрігерлік тексерулерден, скрингтік бағдарламадан уақытында өткізуді басты назарда ұстап келеді. Мұндай жұмыстардың тиянақты атқарылуы, әрине, орталық емхананың басшысы Шарапат Медетовтың қарым-қабілетін көрсетеді деп білемін. Оның аудандық мәслихаттың депутаты ретінде елі үшін істеп жүрген жұмыстарына да халық риза. Осындайда атам қазақтың "Халқыңа құл болмасаң, би болмайсың” деген дана сөзі оралады есіңе.
 
Ж.ЖАСАНОВ,
Сапақ ауылы,
Арал ауданы 
 
"Құрылтай” апталық газетінен
Просмотров: 1195 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]