Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:56
АҚЖЕЛЕҢ МІНЕЗДІ АДАЛ ҚҰРБЫМ

Осы бір жүзі жарқын, көздерінен мейір шуағы төгіліп түратын қараторы келіншекті алғаш көргенім көз алдымда бүгінгідей түр. Қаншама жылдар өтсе де, сол бір ерекше бейнесі жадымда сақталып қалған. Одан кейін де біздер ұзақ жылдар бойы үлкен, алғаусыз өмірдің баспалдақтарымен қатарласа жүріп әріптес болдық. Әріптестігіміз кейін үлкен достыққа ұласты. Отбасылық жақындығымыз біздерді тіпті етене араластырды десем де болады.

70-жылдардың басында мен Семей медицина институтын бітіріп, Арал аудандық перзентханаға қызметке тұрдым. Бір жылдан кейін, яғни 1975 жылы Набатхан Ташканқызы да осы киелі шаңыраққа акушер-гинеколог болып келді. Қырғыз қызы қазақша шала-пала сөйлейтін. Өте қарапайым. Адамдарға деген жанашырлығы зор еді. Қарапайымдылығы сондай, ең алғаш перзентханаға жұмысқа келгенде, жай ғана пальто киіп, басына орамал салған келіншекті ауыздағылар дәрігер деп те ойламаған екен. Алайда Набатхан Ташканқызы алғашқы күннен бастап ұжымда өзінің орнын белгілеп алды. Біліктілігі мен кәсібилігі көзге көрініп тұратын.

Алдымыздағы аға буын дәрігерлер Болат Әлсейітов, Валентина Евгениевна Пактардан күнделікті жұмыс барысында үйреніп, қалыптаса бастадық.

Қырғыз қызы Набатханның аралдық арда азамат Алдахияр Маханбетжановқа өмірлік жар болып айдынды Арал жағалауындағы қалаға келуі оның ішкі батылдығын, өз махаббаты жолында қандай да бір қиындықтарға төзе білетінін көрсетсе керек.

Ол 1948 жылы Қырғыз елінің Нарын облысында дүниеге келген. 1972 жылы Қырғыз Мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі факультетін үздік дипломмен бітірген. Одан кейін бір жыл қазіргі Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласындағы №3 перзентханасында интернатурадан өткен. Ал 1973-1975 жылдар арасында Тянь-Шань ауданының перзентханасында акушер-гинеколог болып қызмет атқарды.

Міне, қазақ жігіті Алдахиярмен қол ұстасып 1975 жылы Аралға табан тіреген болатын. Әуелі аудандық перзентханада дәрігер акушер-гинеколог болып бастаса, 1977 жылдан бастап 1998 жылға дейін перзентхананьщ босандыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Одан кейін гинекология бөлімінің меңгерушісі болды. Ал күйеуі Алдахияр анестизиолог, кейін УЗИ кабинетінің меңгерушісі болды.

Набатхан ұзақ жыл еңбек еткен бөлімдер перзентхананың ең ауыр салалары болатын. Өзінің ізденімпаздығының арқасывда бала көтермей жүрген өйелдерге көмектесіп, кейін олар сәбилі болғанда «кіндік шешесі» атанып отырды. Біздің шағын перзентхананың ішінде республикалық ірі орталықтарда ғана істейтін оталарды жасап жүрді. Аудандық перзентханада қызмет ететін дәрігерлерде еш уақытта бос уақыт деген болмайтын. Олар үшін мереке күндері, демалыс күндері жоқ десе де болады. Кей кезде шақыру түскеннен перзентханаға жетуге асығамыз. Ол кезде бүгінгідей машина да жоқ. Қаланың «Автобаза» бетінде тұратын біздер осындай шақыруларға тез үлгіру үшін жұмыс орнымызға жақын жерге қоныс аударып көшіп келдік. Жеті түнде мезгілсіз болатын шақыруларға үйіміз бір-бірімізге жақын болған соң, Набатхан және қанға жауап беретін медбике Лөззат Жанысова үшеуіміз қараңғыда қарманып, қолымызға таяғымызды ұстап шығатынбыз. Жолдастарымыз да бізді екі ортада шығарып салып, күтіп алып жүреді.

Жылжып жылдар өтіп жатты. Іргеміз кеңейіп, балалы-шағалы болдық. Айнымас достығымыздың бір белгісі - мен Набатханның балаларының, ал ол менің балаларымның «кіндік шешесі» болды. Өмірдегі ең басты қуаныштарымызды біз осылайша айшықты ете білдік.

Арал өңіріндегі жүздеген балаларға «кіндік шеше» атанған Набатхан Ташканқызының бүкіл өмірі өңір халқының көз алдында өтті. Қаншама ананың, сәбидің өміріне араша түсті. Набатханның бойында ерекше батылдық,табандылық болатын. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге тырысатын.

Бір оқиға есімде. Қожаева Сүлу деген келіншек перзентханаға өте ауыр жағдайда түсті. Жаны мейірлі Набатхан өзі сол күні қатты ауырып тұрса да, аяғынан тік тұрып ота жасап шықты. Ертеңіне өзі ауырып, әлгі Сұлу деген келіншекпен бір палатада емделгені де бар.

Өмірін арашалап қалған аналар туралы айта берсек, өте көп. Ол мұндай жанқиярлықты кәсіби парызым деп білді. Еңбегі еленіп жоғары санатты дәрігер атанды. "ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі" атағына ие болды. Ал 2003 жылы кеудесіне "Шапағат" медалін тақты. Еліміздің Президенті Н.Назарбаевтан келген «Алғысты» да айта кеткен жөн. Ұжымда, аудан, облыс көлемінде, ел-жұрт арасында жоғары беделге ие болып, жақсы ұйымдастырушы, ұжымның ұйытқысы бола білді. Аудандық перзентханада жемісті еңбек еткен Қанымша Көлбаева, Фариза Мыңғышпанова, Қымбат Тәжиева, Дина Қожаниязова, Лиза Елеусізова, Бақыткүл Нұрманова, Айзада Байгереева, Махмут Бекетов, Үржан Өтегенова, Роза Ибатулина, Гүлмира Жұбаназарова, Жұмагүл Әлсейітова, Мадина Құрманәлиева, Ақжанай Дәрібаевамен бірге осы мамандықтың ыстық-суығына төзе білді.

Өмірдегі айнымас дос-құрбым Набатхан Ташкановадан өкінішке орай осыдан бес жыл бүрын қараша айында көз жазып қалдық. Алайда оның адамгершілік асыл қасиеттері, көзінен мейір төккен ыстық бейнесі еш ұмытылмақ емес. Жылжып өткен уақыттың еркіне бағынбай, үнемі Набатхан құрбымды сағынып жүремін. Аяулы жанның ақ дидары жүрегімде.

 

Айткүл ІЛИЯСОВА,

ардагер дәрігер

 

«Арал әлемі» газеті, 23 қараша 2018 жыл.

Просмотров: 414 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]