Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:31
АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР

«Денсаулық-баға жетпейтін дәулет» дегендей, үнемі адам жанының арашашысы болып, халықтың шексіз алғысына бөленіп жүрген Қамбаш ауылдық дәрігерлік амбулаториясының 1-санатты фельдшері Аманқос Алмашовпен осы мекемеде балалар аяжаны боп жұмыс жасайтын жұбайы Рахия Жайықбаеваның медицина саласында бірге қызмет жасап жүргендеріне 40 жылға жуық уақыт болыпты. Аманқос 1978 жылы Қызылорда медициналық училищесіне түседі. Диплом алғаннан кейін, Мәскеудегі Запорожье қаласында Отан алдындағы әскери борышын абыройлы өтеп қайтады. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласының «жедел жәрдем» бөлімінде фельдшерліктен бастаған ол, Қармақшы ауданының қызы Рахия Жайықбаевамен бас қосып, шаңырақ көтереді. Аманқос облыс орталығында жұмыс жасап жүргенде-ақ, ширақтығы мен пысықтығының және ұқыптылығының арқасында жауапты мамандықтың майталманына айнала білді. Күні-түні түсетін шақыртулар бойынша науқас жандарға көмек қолын созып, көпшіліктің алғысына бөлене білді. Ұжым мүшелері арасында да жоғары беделге ие еңбекқор жанды әріптестері сабырлылығы мен салмақтылығы, нағыз ер-азаматқа лайық бір сөйлейтін мәрттігі үшін құрмет тұтты. Қай жерде қызмет жасаса да, өз ісіне адал Аманқостың өмір жолы көпке үлгі.

Олай дейтініміз, ауылдағы мерейлі отбасылардың бірі болып саналатын Алмашовтар әулетінен шыққан білікті маман өзінің тектілік дара болмысымен-ақ өзгелерден оқ бойы озық тұрады. Әрине, мұның бәрі маңдай тердің ащы дәмін татып еңбек етіп, ұл-қыздарын оқытып, құтты орнына қондырған аяулы ана мен абзал әкенің арқасы екені белгілі. Осындай өнегелі жандардың тәрбиесін көріп өскен Аманқос та ертелі-кеш ерінбей ауыл тұрғындарына сапалы қызметін көрсетіп жүр. Үнемі науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, жанына дауа, тәніне шипа бола білетін фельдшер ауданымыздың денсаулық сақтау саласына қосып жүрген үлесі үшін сала басшылығы тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан әкімінің Алғыс хатын иеленуі оның еңбек жылдарының жемісіндей болды. Сонымен қатар, асыл жары Рахия да ауылдағы жаңа туған нәрестелердің екпелерін уақытылы егіп, ұдайы денсаулықтарын бақылап отырады.

- Осы уақытқа дейін қызмет барысында небір сәттерді басымыздан кешірдік. Жаңа туған нәрестелермен жұмыс істейтін болғандықтан, бұл жерде, ең бастысы, ептілік, мейірімділік, жанашырлық қажет. Олардың әрқайсысына күтім жасап, уақытымен емін қабылдатып, аналарға ілтипат көрсетіп, ақыл-кеңес беріп отырамыз. Бұл жұмыстың барлығын дер кезінде және шын ниетіңмен жасауға міндеттісің. Себебі, кіп-кішкентай «періштелер» болашақта еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосатын азаматтар емес пе,-деді жұмысы жайында Р.Жайықбаева.

Иә, қашанда жүздерінен мейірім шуағы төгіліп тұ ратын ерлі-зайыпты медицина қызметкерлері - өз мамандықтарының шеберлері. Біз де медициналық білімі мен білігі жоғары мамандарға өз ісінің жемісін көре бер демекпіз.

 

Света ҮСЕНҚҰЛОВА.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

Просмотров: 941 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]