Гинекологиялық кеселдердің ең көп тараған түрлерінің бірі – жатыр мойнының эрозиясы. Алайда оның дұрыс атауы – жатыр мойнының эктопиясы. Ол өзін ешқандай белгілермен білдірмейді. Дегенмен, қынаптан ағатын әдеттегі шырышты бөліністердің көлемінің артуы мүмкін. Егер эктопияға жұқпа (инфекция) қосылса, оның түсінің сарыға өзгеруі ықтимал.
Жатыр мойнының эктопиясын емдеуде арнайы қышқылдар қоспасы (Солковагин), сұйық азот, лазер, радио-толқындық аспаптар қолданылады. Бұл кеселді диагностикалауда кольпоскопия әдісінің мәні зор. Ол жатыр мойнын микроскоппен қарау. Кольпоскопияда тек қарау ғана емес, арнайы бояулармен бояу да атқарылады. Бұл жасырын өзгерістерді анықтауға ерік береді.
Сондай-ақ күмәнді телімдерден биопсия және онкоцитологияға жағынды алынады.
Кольпоскопияны жыныстық өмір басталғаннан кейін жылына ең кемі 1 рет жасату керек. Жатыр мойнының ең нашар дерті қатерлі ісік – рак болып табылады. Егер жатыр мойнын бақыламаса оның ерте сатыларының көзден таса болуы мүмкін.
Кодича Абзаловна АМИРОВА,
акушерка,
«№6 қалалық емхана» ШЖҚ МКК
Сурет profosmotr-spravki.ru сайтынан алынды
|