Туберкулезден сақтану үшін организмнің қорғаныс күштерін ненің төмендетінін білген жөн. Егер тыныс алу жолдарына туберкулез таяқшаларының көп мөлшері түссе, организмнің бұған төтеп беруі қиын болады. Туберкулезге шалдыққан науқаспен ұзақ уақыт контактта болу да организмді қоздырғыштың ұдайы шабуылына душар етеді.
Организмдегі микобактерияның дамуына ықпал ететін басқа факторлар да бар:
- стресс – жанға немесе денеге күш түсу;
- алкогольді шектен тыс тұтыну;
- темекі тарту;
- жеткіліксіз немесе толыққанды емес тамақтану;
- организмді әлсірететін басқа кеселдер.
Балалар, жасөспірімдер, жүкті әйелдер мен кәрі адамдар жұқпаға көбірек душар болады.
Демек, туберкулезге шалдықпас үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет. Мықты денсаулыққа мықты жүйке (нерв) жүйесі жәрдемдеседі, сол себепті стресстерден барынша бой тасалаған жөн.
Тағамның толыққанды, дәрумендерге бай болуы шарт. Денсаулықты сақтауға күнделікті қалыпты дене жүктемесі көмектеседі.
Шаңданған, желдетілмеген бөлмелер туберкулез бактериясының таралуына даңғыл жол ашады. Сондықтан бөлмені ұдайы және тұрақты түрде желдету әдетке айналуы тиіс.
Разия Тургановна РАХИМБЕКОВА,
кезекші мейірбике,
Шиелі аудандық туберкулезге қарсы диспансер,
Шиелі ауданы
Сурет dr-dobrov.com сайтынан алынды
|