Тісжегінің (кариестің) пайда болуының жалпылай мақұлданған теориясы Миллер концепциясы деп аталады (химиялық-паразитарлық). Бұл теорияға сәйкес ауыз қуысында болатын кариесогендік микроорганизмдер ауыз қуысындағы көмірсуларды (тамақ қалдықтары) өңдеп, органикалық қышқылдарға айналдырады. Мұндай қышқыл тістің қандай да бір теліміне әсер еткенде алдымен эмальдың беткі қабаты бұзылып, одан кейін тісжегілік қуыс пайда болады.
Демек, кариестің басты себебі – ауыз қуысының нашар гигиенасы.
Негізгі факторлармен (кариесогендік микроорганизмдер және тамақ қалдықтары) қатар тісжегінің дамуын үдететін себептер бар. Олар:
- тістің жиі орналасуы. Бұл тағамның тістің арасына кептелуіне ықпал етеді және ауыз қуысының гигиенасын қиындатады.
- сілекейдің бөлінуінің төменгі жылдамдығы және аз көлемі.
- сілекейдің қышқылдығының бейтараптық (нейтралды) көрсеткіші. Егер сілекей сілтілік ортаны иеленсе, онда ол кариесогендік микробтар өндіретін органикалық қышқылдарды бейтараптандыра алады.
- тағамдану режімінің бұзылуы кариестің дамуындағы шешуші факторлардың бірі болып табылады. Дер кезінде ауыз қуысының гигиенасын жасамай көмірсуды (сахароза, глюкоза, фруктоза, лактоза және крахмал) тағамға жиі қолдану тісжегінің пайда болуына зор ықпал етеді.
Кункияш Сергазина ИЗМАГАМБЕТОВА,
мейірбике,
“облыстық тіс емханасы” РММ
Сурет blog-health.ru сайтынан алынды
|