Қызылша – бұл аса кең тараған жедел жұқпалы кесел. Ол көбінесе балаларда кездеседі және дене қызуының жоғарылауымен, мұрын, көз және көмекейдің шырышты қабықтарының катаралды қабынумен және теріде теңбіл бөртпелердің пайда болуымен сипатталады. Қызылшаны адамның қабылдауы 100%-ке тең.
Жұқпа ауа-тамшы жолымен беріледі.
Вирус сыртқы ортаға сөйлегенде, жөтел мен түшкіру кезінде тарайды. Жұқпа көзі – ауру адам, ол жасырын кезеңнің соңғы күні мен бөртпе шыққаннан кейінгі 4-ші тәулікке дейін зарарлы. Сауыққан адамдарда өмір бойы иммунитет қалады.
Қызылшаның жасырын кезеңі, яғни кесел жұққаннан алғашқы симптомдардың білінуіне дейінгі аралық 7 күннен 14 тәулікке дейін созылады. Дерт бөртпенің пайда болуынан емес, суық тию белгілерінен басталады: дене қызуы 38-40оС-ге жетеді, күрт әлсіреу, тәбет болмау, құрғақ жөтел, түшкіру пайда болады. Шамамен бір тәуліктен соң жақтың ішкі бөліктерінде ерекшеліктік сипаты бар бөртпе көрінеді. Кесел басталғаннан кейінгі 4-5 күн ішінде бөртпе кезең бойынша денеге тарайды.
Қызылша ортаңғы құлақтың қабынуы (ортаңғы отит), ларингит, бактериалды пневмония сияқты асқынулар береді.
Баланы қызылшадан сақтаудың ең ықпалды әдісі вакцинация болып табылады. Мұнда организмге тірі қатты әлсіреген вирустар енгізіледі.
Бірінші екпе баланың 12 айлығында, екінші екпе 6 жасында мектепке барар алдында жасалады.
Зауреш Толыбаевна ЕМЖАЕВА,
егу кабинетінің мейірбикесі,
«Жетес би» ауылдық емханасы,
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы
Сурет www.azattyq.mobi сайтынан алынды
|