Құрысу синдромы қаңқалық мускулатураның еріксіз жиырылуымен білінеді. Құрысулардың барлық дене бұлшықеттерін қамтуы немесе жергілікті (локалды) білінуі мүмкін.
Құрысу синдромының себептерінің арасында – мидың жұқпалық (инфекциялық), уытты (токсикалық), жарақаттық, ісіктік зақымдануы, ми қан айналысының бұзылуы, қояншық (эпилепсия), шолжыңдық (истерия) бар.
Туындау жиілігі бойынша бірінші орында қояншықта пайда болатын құрысу синдромы тұр. Эпилептикалық құрысу кенеттен, тұтқиылдан дамиды. Науқас есінен айрылады және құлайды, бұл кезде жарақаттанудың болуы ықтимал. Тері жамылғылары алдымен бозарады, одан кейін көгереді. Үлкен құрысулық ұстама бұлшықеттердің күшті жиырылуымен сипатталады, мұнда тілін тістеп алудың, дене жарақаттануының, еріксіз зәрге шығудың болуы мүмкін.
Ұстаманың ұзақтығы – бірнеше минутке дейін. Ұстамадан соң науқас өзіне келіп, есін жияды және көбіне ұйқыға кетеді.
Басқа ағымда қояншықтық ұстаманың жекелеген бұлшықеттердің тартылып, жыбырлауымен білінуі ықтимал.
Алғашқы медициналық көмектің мәні денені соққыдан сақтау, тыныс алуды жеңілдету, тілін тістеп алудың алдын алу. Бұл үшін күрек тістердің арасына мата оралған қасықтың сабы немесе ағаш зат қойылады.
Басының астына соққыны жұмсартатын заттар (көрпеше, киім, сөмке) төселеді.
Құрысуды күшпен тоқтатуға тырысуға болмайды. Ұстама аяқталған соң науқасқа тынығуға ерік беру қажет. Құрысу қайталаса, “жедел жәрдем” шақырған жөн.
Айна Тилекбаевна БАИЛИЕВА,
мейірбике,
№2 бөлімше,
Қызылорда қалалық дәрігерлік жедел жәрдем стансасы
Сурет medicine74.ru760 × 378 сайтынан алынды
|