![](http://med-kz.ucoz.com/_pu/14/s52789423.jpg)
Қояншық (эпилепсия) – бұл қайталама ұстамаларымен сипатталатын мидың созылмалы кеселі. Дерттің айқын білінісі – үлкен эпилептикалық ұстамалар. Сериялық түрде келетін ұстамалар (эпилептикалық статус) шұғыл көмекті қажет етеді.
Қояншық ұстамасының тұтқиылдан басталуы мүмкін. Дегенмен оның алдында мидың қандай аумағынан бастапқы патологиялық қозудың пайда болуын көрсететін аура, белгілі бір неврологиялық симптомдар туындауы ықтимал. Мұндай дерт алды белгілерге фотопсия (көру аурасы), иіс сезу немесе есіту галлюцинациялары, көңіл-күйдің бұзылысы, парестезиялар жатады. Аурадан соң немесе ол болмағанда сана кенеттен ажырайды, науқас кейде денесіне жарақат алып, құлайды. Тынысы тоқтап, сырқаттың беті алдымен бозарады, одан кейін біртіндеп көгереді (цианоз). Ұстаманың тоникалық фазасы дамиды: қолдары қатайған, бүгілген, басы артқа немесе бүйіріне қисаяды, денесі серейген, аяқтары жазылған және қатты. Көзі кеңейіп, қарашықтар жарыққа реакция бермейді. Бұл сатыда еріксіз зәр кетуі немесе дефекация болады. Одан соң ұстаманың клоникалық сатысы туындайды, аузынан кейде қан араласқан көбік шығып, ұстамалар сирей бастайды. Бұдан соң науқас бірден ұйықтап қалады.
Сауле Есетовна ЖАКСЫБАЕВА,
мейірбике,
неврологиялық бөлімше,
“Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары” АҚ-
“Қызылорда темір жол ауруханасы”
Сурет www.neuroplus.ru сайтынан алынды
|