Іріңді кеселдер немесе пиодермиялар – терінің жұқпалы қабынулы дерттерінің тобы. Пиодермияны көбіне стафилокктар мен стрептококктар шақырады. Сау теріде бұл бактериялар ешқандай ауру тудырмай тіршілік ете алады. Бірақ белгілі бір жағдайларда: түрлі микрожарақаттарда, тері қышуымен бірге жүретін дерматоздарда (қышыма, есекжем), тері ластанғанда, иммунитет төмендегенде, созылмалы кеселдерде, тер құрамы өзгеріп және оның бөліністері артқанда (майлы тері) бактериялар өзін білдіреді.
Пиодермия бірнеше түрде өтеді. Фолликулит – бұл шаш фолликулаларының қабынуы. Терінің бетінде іріңдіктер мен папулалар пайда болады. Егер ол емделмесе фурункулға өтеді, ол тығыз, қатты ауыратын буылтық. Буылтықтың ортасында «іріңді өзек» болады. Бірнеше фурункул бір-бірімен қосылса, бұл енді карбункул деп аталады. Ол кейде дене қызуының жоғарылауымен және жалпы хәлдің нашарлауымен бірге жүреді. Тіндердің шектеулі қабынуы туындағанда – абсцесс пайда болады. Ол шұғыл хирургиялық араласуды талап етеді.
Гидраденит – тер бездерінің қабынуы. Импетиго мен эктиманы стафилокктар мен стрептококктар тудырады. Импетиго – бұл көпіршік, одан соң жалақ (эрозия), кейінірек қабыршақ түзілуімен сипатталатын беткейлі зақымдану. Ал эктима тереңірек, ойық жара мен оған тығыз орналасқан қабыршақ бар зақымдану. Безеулік кесел болса бұл май бездерінің қабынуы.
Меруерт Нурлановна УРКИМБАЕВА,
мейірбике,
“облыстық тері-венерологиялық диспансер” ШЖҚ МКК
Сурет dobrobut.com сайтынан алынды
|