Мидың жарақттанулы зақымдануларының ашық және жабық болуы мүмкін. Көбіне жабық жарақаттанулар кездеседі, олар өз кезегінде мидың шайқалуына, ми соққысына және мидың қысылуына бөлінеді.
Біліністері:
- зақымдану ауырлығына байланысты түрлі ұзақтықтағы және тереңдіктегі ес жоғалту;
- бас ауруы, жүрек айнуы, құсу, бас айналу түріндегі жалпы милық симптомдар;
- қозғалыстық, сезімталдық және бағдарланулық бұзылыстар түріндегі ошақтық симптомдар.
Мидың шайқалуы қысқа мерзімді естен танумен, бас ауруымен, бас айналуымен, жүрек айнуымен, құсумен бірге жүреді. Кейде тері жамылғыларының бозаруы, тамыр соғысының жиілеуі, артериалды қысымның ауытқуы түрінде вегетативтік бұзылыстар байқалады.
Мидың соғылуы жеңіл, орташа, ауыр дәрежеде болады және барынша ұзағырақ естен айрылумен сипатталады. Ес жиған соң жарақаттың алдындағы оқиғалар жадта сақталмайды. Соғылудың ауыр дәрежесінде қол-аяқтардың қозғалыс қызметінің бұзылуы, сөйлеу ауытқулары анықталады.
Психомоторлық қозудың, эпилептикалық құрысулардың, жүректік-қан тамырлық және тыныс алу жүйелерінің бұзылыстарының болуы мүмкін. Құсу, қарашықтың әр түрлі диаметрі тән.
Мидың сығылуы жарақаттанған қан тамырларынан аққан қанға және бас сүйек сынықтарына байланысты келеді. Біліністері ми шайқалуына ұқсас, бірақ өтуі барынша қарқынды.
Алғашқы көмек.
«Жедел жәрдем» машинасы келгенше зардап шегушінің денесін қысқан киімнен босату, оған толық тыныштық сақтау қажет. Көлікпен тек көлденең жатқан күйде тасымалдайды. Үй жағдайында – басына суық қойылады. Құсқанда – зардап шегушінің өз құсығына тұншықпауы үшін басын бүйіріне бұрады. Тыныс алу мен жүректік қызмет тоқтағанда АВС бағдарламасы бойынша организмді тірілтуді жедел бастау керек. Психомоторлық қозуда дәрігер келгенше зардап шегушіні уақытша фиксациялайды.
Алтынай Сапиевна БЕРКАНОВА,
шақыру фельдшері,
№2 бөлімше,
Қызылорда қалалық дәрігерлік “жедел жәрдем” стансасы
Сурет medvoice.ru сайтынан алынды |