Бұл жұқпада әсіресе менингококкцемия – менингококктық сепсис ауыр өтеді, теріде қан құйылу мен некроз ошақтары пайда болады. Токсикоздың әсерінен тері мен шырышты қабықтардың трофикасы бұзылады, ессіз-түссіз жағдайдағы хәлі ауыр науқастардың терісінің ойылуы тез туындайды. Мұның бәрі теріге, мұрынның, ауыз қуысының, жұтқыншақтың шырышты қабығына, көз конъюктиваларына аса ыждағатты күтімді талап етеді.
Науқасқа ұзақ уақыт бір кейіпте жата беруге ерік бермей, оның денесін спиртпен сүртіп, тері ойылуының және некроздардың профилактикасын жүргізу қажет.
Менингит пен менингоэнцефалитте науқастарда орталықтық тегі бар құсу жиі туындайды. Егер бұл кезде науқас ессіз-түссіз жатса, онда тыныс алу жолдарына құсу массаларының инспирациялануы мен асфиксия қауіпі пайда болады. Сондықтан құсу кезінде дер мезгілде көмек көрсетіп қана қоймай, құсық массаларының тыныс алу жолдарына түспеуіне қажетті амалдардың бәрін жасау керек. Егер мұндай жағдай орын алса, онда трахеяға катетер енгізіп, оған түскендердің бәрін сорып алған абзал.
Менингококктық жұқпасы бар жағдайы ауыр сырқаттар күшті бас ауруын бойдан кешіреді, оларда жарық пен шуға жоғары сезімталдық, теріде анық білінетін гиперестезия пайда болады. Сол себепті палаталарда қорғаныс режімінің қатаң сақталуы тиіс. Жағдайы ауыр науқастар ессіз жатқанда қуықтың парезіне байланысты зәр кідірісі жиі туындайды. Мұндайда катетердің көмегімен зәрді ұдайы сыртқа шығарып тұру қажет. Менингококктық инфекциясы бар сырқаттарға ауруханада және үйде күтім жасағанда дәкелік масканы – респираторды пайдалану керек.
Кенжегуль Жарылкасыновна ТУРЕБАЕВА,
мейірбике,
бокс бөлімшесі,
облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы
Сурет zhkt.guru сайтынан алынды
|