Конвульсивтік (құрысулық) синдром – бұл әр түрлі факторлар шақыратын құрысулардың кезең сайын пайда болу кеселі.
Конвульсивтік синдромның құсумен, еріксіз зәр шығуымен және дефекациямен, ауыздан көбіктің бөлінуімен бірге жүруі мүмкін. Науқас өз әрекетін бақылай алмайды, сондықтан мұндай құрысудың жиі зардабы әр түрлі жарақат алу болып келеді.
Құрысуларда ми қызметі уақытша бұзылады. Бұл кезде еріктен тыс бұлшықет жиырулары пайда болады. Құрысулар айналадағы болмысты қабылдау, психика ауытқуларымен бірге өтеді.
Алғашқы көмек
Ең алдымен науқасқа таза ауаның келуін қамтамасыз ету қажет. Ол үшін көйлегінің, киімінің түймелерін ағытып, денесін қысқан киімдерді шешуге талпынған жөн. Бұл оның өкпесіне көбірек ауаның келуіне ықпал етеді. Егер науқас құсса, оның басын, денесін бүйіріне бұрады. Бұл құсу массаларының тыныс алу жолдарына түспеуі – тұншығудың профилактикасы үшін керек.
Науқастың жанында орналасқан заттарды қадағалаған дұрыс. Оған жарақат әкелуі мүмкін барлық затты алып тастайды. Бастың күшті жарақаттанбауы үшін оның астына жастық немесе әлдебір жұмсақ зат қояды.
Егер құрысуды тоңып-жаурау шақырса, науқасты көрпешемен, киіммен жабады, бөлмедегі ауа температурасын көбейтеді. Әрине, “жедел жәрдем” шақырылуы тиіс.
Майра Ермекбаевна КОНАКБАЕВА,
№2 терапиялық аймақ мейірбикесі,
“№3 Қызылорда қалалық емхана” ШЖҚ МКК
Сурет prosindrom.com сайтынан алынды
|